Адам ең алдымен еңбегімен елеулі. Тіршіліктегі талқаның таусылғанша талмай еткен еңбегің ел есінде қалады. Әрине, мәселе атақ пен даңқта емес. Бірақ, еткен еңбегіңнің еленгені ләзім. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз Хамит аға мен Қапиза апа Темірхановтар — еңбекпен ерте достасқан жандар. «Еңбегіміздің жемісін бүгін татып жатырмыз», — дейді олар.
Хамит аға еңбек жолын 1954 жылы 16 жасында Алға аудандық баспаханасында баспагер болып бастаған. 18-ге жаңа толған жас жігітке партияға мүшелікке өткеннен кейін өзі қызмет істейтін Алға баспаханасының меңгерушілік қызметі ұсынылады. «Бірақ мен жаспын, тәжірибе аздау деп келіспей қойдым», — дейді Хамит аға. Содан 1971 жылы Ақтөбедегі баспа басқармасының бастығы Әл-сейітов Хамит Елеуұлына Байғанин, Мұғалжар және Қандыағаш аудандарының біріндегі баспахананың меңгерушілігін таңдауға ұсыныс жасайды. «Ол кезде Алғадағы үйімді жаңадан салып болған кезім. Әлі бір жыл да тұрғам жоқ. Осыны көлденең тартқаныммен көнбей қойды», — деп еске алады кешегі күнді Хамит аға. Сөйтіп, 1971 жылы ол жары Қапиза апа екеуі сол кездегі Октябрь ауданына қоныс тебеді.
«БӘРІ ДЕ ЕҢБЕКТІҢ АРҚАСЫ…»
Ол кезде баспахананың жағдайы мәз емес болатын. Құлауға әзір тұрған үй, аяқ алып жүргісіз қарыз, орындалмаған тапсырыстар, жарық көрмеген газеттің 20 нөмірі… «Бүгінде мұның бәрі көрген түстей. Сол уақыт естен кетпес, сірә», — дейді кейіпкерлерім. Жас басшы білекті түре іске кірісіп, қалып қойған нөмірлерді жыл аяғына дейін үлгеріп басып, тапсырыстарды орындап, қарыздардан құтылып, баспахананың жолын оңға бұрады. Бір баспахана ғимаратын алудың өзі бір хикаяға жүк. Баспаханаға қалай да баспана қажет еді. Осы сұрақпен басшылардың соңынан қалмай қойған Хамит Елеуұлына музыка мектебінің ғимаратын ұсынады. Станоктар сыймайтын іші тар, жарды бұзсаң, құлап қалуға әзір тұрған ғимараттарды алмай қойған оған бүгінгі ДОСААФ-тың баспанасы беріледі. Білікті басшы одан да бас тартады. «Ол кезде баспаханада бар-жоғы 11 адам жұмыс істейді. Бұл ғимаратқа кем дегенде от жағатын 4-5 адам керек. Сонда жұмысты кім істейді?» — деген уәжінен соң сол кездегі ауыл шаруашылық басқармасы отырған бүгінгі редакция мен баспахананың ғимараты беріледі. «Осыны ести сала қуанғаннан қазіргі салық полициясы ғимаратында отырған редакцияға алып-ұшып жеттім. Солай да солай, бізге баспана берді, тез көшіңдер, сендер екінші қабатына, мен бірінші қабатына барайық десем, маған ешкім сенбейді. Содан сол кездегі бас редактор Н.Тастанбаевты әзер сендіріп, қазіргі баспанаға көшіп келдік», — дейді ол.
Хамит ағаның баспахана ісінде өзіндік бір «қулығы» бар болатын. Ол — барлық баспахана қызметкерлерінің әмбебаптығы. Яғни, бірі әріп теріп қана қоймайды, сонымен қатар, линотиппен де жұмыс істейді және ол қызметкер газет те беттей алатын. Егер, қызметкерлердің бірі науқастанып қалса, бір-бірін алмастыра беретін. Осының арқасында баспахана жұмысы да тоқтаған емес. «Сөйтіп, сол баспахананы алғашқылардың қатарына қостық. Облыста мұндай баспахана екеу болса, соның бірі біздікі еді», — деп «мақтанып» та алды Хамит аға әңгіме барысында.
Іргесін қайта бекіткен баспахана келе-келе облыстың, ауданның ауыспалы Қызыл туын қолдан түсірмейтін болды. Бірде Хамит ағадан бір кісі «Сен осындай нәтижеге қалай жеттің?» деп сұрайды. Ал Хамит ағаның жауабы біреу-ақ еді: «Барлығы еңбектің арқасы».
ЕСТЕН КЕТПЕС ӨТКЕН КҮН…
Ал сол кезде линотипте қолмен әріп теруші қызметін атқарған Қапиза апа болса, аталмыш станокта жұмыс істеуді, бланка басуды, әріп теруді өзгелерге үйретіп, баспахана өміріндегі оң өзгерістерге өз үлесін қосады. «Ол кезде жұмыс қиын. Жастар көп тұрақтамайды. Ауырсынып кетіп қалады. Ауырсақ та отыра беретін Күнжамал (Күнжамал Темірбаева) екеуміз», — деп сағымға айналған өткенді тағы бір мәрте еске түсірген Қапиза апа: «Бел жазып тынығудың арманға айналғаны сонша, жұмыс істеймін деп келген қыздардың тұрмысқа шығып кеткеніне де жылап алатын едік», — дейді. Бірде жұмысқа Гүлнәр Әбдрахманова деген қыз келеді. Оны Қапиза апа алдымен әріпті қолмен теруге, кейін линотипке үйретеді. Гүлнәр бәрін тез қағып алады. Осы қыз өзін алмастырар деп үміттеніп жүргенде Қапиза апа түс көреді. «Түсімде Гүлнәр тонының белін тарс буып цехтан шығып кеткелі тұр екен. Мен оны көріп түсімде жылап жатырмын. Содан ертеңіне түсімді ішке айтып келдім. Бәрі «ол қыз кетейін деп жүр екен» деп жорыды. Сөйтсем, ол қыз шынымен біреумен сөз байласып жүр екен. 2-3 күннен кейін кетті де қалды.
Соған шынымен түсімдегідей жылағаным бар. Енді бізге демалыс жоқ. Әбден шаршағанбыз ғой. Үміттеніп жүрген қызымыз кетіп қалды. Міне, осы оқиға есімнен кетпейді. Мұның бәрі бүгінде артта қалды. Бірақ, ол кезеңнің санада сарғаймасы анық», — дейді Қапиза апа.
«ЕҢБЕГІМІЗ ЕЛЕНБЕЙ ҚАЛҒАН ЖОҚ…»
Осы баспаханада Хамит аға 1987 жылға дейін қызмет істеп, кейін мұнай саласына ауысып кетеді. 2000 жылдан бері зейнеткерлікте. Ал осы баспаханадан зейнеткерлікке шыққан Қапиза апа 1992 жылға дейін әріп теруші болып жұмыс істеген. Баспахана саласында көрсеткен еңбегі үшін Хамит аға мен «КСРО баспа ісінің үздігі» атағы беріліп, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Мақтау қағаздары да баршылық. Хамит аға мен Қапиза апаның отасқандарына 25 жыл толған 1987 жылы оларға қоғамдық өмірге белсене араласқаны үшін Қандыағаш қаласының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
ТІЛЕГІМ БАР…
«Ертеде өте қиын болды. Бүгінгідей демалыс жоқ. Газет шыққанша демалмаймыз. Линотип машиналар соңынан келді ғой. Ол да сынып қала беретін. Ал қазір, шүкір, технологияның дамыған кезі ғой. Жұмыс компьютермен жүреді. Дегенмен, жұмыстың оңайы жоқ. Әр кезеңнің өз қиыншылығы бар. Оған мойымау керек», — деп байырғы баспагерлер өздері сан жылдар қатарынан оқырманынажеткізужолындаиық тіресе еңбек еткен аудандық «Мұғалжар» газетінің 75 жылдық мерейтойымен редакция алқасын құттықтап, биік белес тіледі.
Бану ЖАРТИНА, 2005 жыл, қазан
P.S. Бұл мақала осыдан 20 жыл бұрын «Мұғалжар» газетінің 75 жылдығына орай жазылған екен. Хамит және Қапиза Темірхановтар одан кейін де газетпен байланысын үзбей, басылымның 90 жылдық мерейтойына да қатысты. Бүгінде Темірхан аға дүниеден озып, ал Қапиза апа Ақтөбе қаласында тұрады.