«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Президент сайлауының барысын қадағалайтын 43 байқаушы аккредиттелді

Бүгін орталық сайлау комиссиясының отырысында 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына 43 байқаушы аккредиттелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы 22 қыркүйекте ОСК 20 қарашаға тағайындалған кезектен тыс ҚР президенті сайлауына халықаралық байқау институтын ашқан болатын. ҚР-дағы сайлау туралы Конституциялық заңның 20-бабына сәйкес, шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді ОСК Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша жүзеге асырады. СІМ сайлауды байқауға қатысу үшін халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерге тиісті шақырулар жіберді. Сонымен қатар екіжақты негізде ҚР ОСК атынан 28 шет мемлекеттің орталық сайлау органдарына шақыру жіберілді. Бүгінгі таңда ОСК-ге Сыртқы істер министрлігінен 4 халықаралық ұйым мен 1 шет мемлекеттен 43 байқаушы аккредиттеуге ұсынылды», — деді отырыс барысында ҚР ОСК хатшысы Мұхтар Ерман.

Оның нақтылауынша,ТМД-дан – 6, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің парламентаралық ассамблеясынан – 17, Сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросынан — 13, Түркі мемлекеттері ұйымынан – 5, Грузиядан 2 байқаушы аккредиттеуге ұсынылып отыр.

Осыған орай аталған байқаушыларды аккредиттеу туралы ОСК қаулысының жобасы әзірленген.

Комиссия мүшелері осы қаулыны бекіту туралы шешім қабылдады.

Ұқсас ақпараттар

Бас прокуратурада құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстық қатерлерді болжау саласындағы цифрлық құралдар таныстырылды

admin_mugalzhar

Өткеннен оралған “Жармола жәрмеңкесі”

admin_mugalzhar

Бала тууына байланысты берілетін төлемдерді тұрғылықты тіркеу орнынан тыс рәсімдеуге болады

admin_mugalzhar