«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АБАЙ БОЛЫҢЫЗ! ЖҰҚПАЛЫ ДЕРТ — ҚОҒАМ ҮШІН ҚАУІПТІ

БҮГІНДЕ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАРДЫҢ ТҮРІ КӨП. ОЛАР ТҮРЛІ МИКРООРГАНИЗМДЕРДІҢ КЕСІРІНЕН ПАЙДА БОЛАДЫ ЖӘНЕ ЖҰҚТЫРҒАН АДАМНАН САУ АДАМҒА БЕРІЛЕДІ. ТАРАЛУ ЖОЛДАРЫ ӘР ТҮРЛІ БҰЛ АУРУ ТҮРЛЕРІ АДАМЗАТ ҮШІН ҚАУІП ТӨНДІРІП ТҰР. ЕНДЕШЕ, ИНФЕКЦИЯЛЫҚ АУРУЛАРДЫҢ ЖАЛПЫ АДАМДАР АРАСЫНДА КӨП ТАРАҒАН ТҮРЛЕРІ ЖӘНЕ АУДАН БОЙЫНША ЖҰҚПАЛЫ СЫРҚАТҚА ШАЛДЫҚҚАНДАР МЕН СЫРҚАТТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ ТУРАЛЫ ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ.

БҮГІНДЕ ЖЫНЫСТЫҚ ЖОЛМЕН ЖҰҒАТЫН АУРУЛАР САНЫ КЕҢІНЕН ТАРАЛЫП БАРАДЫ
Әлем бойынша осындай инфекциялардың 25 түрі бар екен. Елімізде бұл аурулардың ішінде әсіресе, сифилис, соз, герпес, хламидоз, трихомониаз, кандиломалар көп кездеседі. Мұғалжар аудандық аурханасы мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, аталған аурухана бойынша сифилис ауруына 4 әйел шалдыққан. Инфекция жұқтырған науқастар 3 жылға аурухананың диспансерлік есебіне алынып, дәрігердің қатаң қадағалауында болады. Жаман аурулардың тарттырар азабы да аз емес екенін айтқан дәрігерлер науқас толық ем қабылдамаған жағдайда ауру асқынып, белсіздік, импотенция, обыр ауруларына соқтыруы мүмкін екенін жеткізді.
— Сифилис ауруына шалдыққан науқастар арасында балалар тіркелмеді. Бұл ауру жыныстық және инъекция жолдармен, яғни қан арқылы жұғады. Аталған науқастарға МӘМС бағдарламасы арқылы ақысыз медициналық көмек көрсетіледі. Аурудың алдын алу бойынша аудан аумағындағы мектептерге, арнайы оқу орындарына барып, түрлі лекциялар оқып, үнпарақтар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Әлеуметтік желі арқылы арнайы роликтер де дайындап, көрсетіп жатырмыз. Ниетіміз — жастарымыз жаман әдеттерден аулақ болса екен дейміз. Бірақ бар мәселе мұнымен шешілмесе керек. Ең алдымен, адам өз денсаулығына немқұрайлы қарамауы қажет, — дейді салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің дәрігері Светлана Инесова.
Ол бұл аурудан түбегейлі жазылып кетуге де болатынын айтады. Ол үшін науқас толық емдеу курсынан өтіп, өз өміріне үлкен жауапкершілікпен қарауы шарт. Дәрігерлер жыныстық ауруларды жұқтырмау үшін кездейсоқ жыныстық байланыстардан аулақ болу, мүшеқап қолдану, татуаж, пирсинг, педикюр, қырыну кезінде ортақ құралдарды қолданбау керек деп кеңес береді.
Ал Ембі аудандық ауруханасы бойынша жыныстық жолмен берілетін ауруларды жұқтырған науқастар тіркелмеген. Бұл туралы аталған аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Нартай Теңізбаев айтты.
Жыныстық жолмен берілетін қатерлі инфекциялардың алдын-алу мақсатында аурухананың жалпы тәжірибелі дәрігерлері, гинеколог дәрігері және салауатты өмір салты медбикесі мектеп, колледждерде оқушылармен кездесулер өткізіп, семинар сабақтар оқиды. Сонымен қатар, қабылдауға келген барлық тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізеді, — деді ол.

ТУБЕРКУЛЕЗ: АХУАЛ ТҰРАҚТЫ
Бүгінде қоғам үшін туберкулез ауруы таңсық болмай барады. Адамзат одан толық айығу жолдарын жақсы біледі, дәрідәрмектер де жеткілікті. Десе де аталған ауру әлі күнге дейін әлем үшін, соның ішінде, Қазақстан үшін де күн тәртібінен түспей келеді. Себебі әлем бойынша аталған ауру өлімге алып келетін 10 түрлі дерттің қатарына жатады екен. ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы әлемнің 10 миллионнан астам тұрғыны туберкулезге шалдыққан. Ал әр минут сайын туберкулезден 3 адам қайтыс болады.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде туберкулезбен сырқаттану 2,3 есе азайған. Өлім-жітім көрсеткіші 6 есеге төмендеген. Бүгінде еліміздің ресми деректеріне сүйенсек, Қазақстанда туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Ал ауданға келетін болсақ, өткен жылдың 9 айында туберкулез ауруына 21 адам шалдыққан. Биылғы жылы көрсеткіш 3 жағдайға өсіп, 2022 жылдың 9 айында 24 жағдай тіркелген. Ал балалар арасында өткен жылы 6 жағдай тіркелсе, биыл сырқаттанушылар болмаған.
-Туберкулез — әлемдегі ең көп таралған инфекциялардың бірі. Туберкулез қоздырғыштары ауру адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде бактериялар ауаға ауа тамшылары арқылы тарайды. Адамдар қоздырғышы бар ауаны жұтқан кезде бактерия жоғары тыныс алу жолдарына, өкпелеріне түседі. Туберкулез бактериялары кез келген ағзада, бірақ көп жағдайда өкпеде дамиды. Сонымен қатар адам туберкулез таяқшасымен зақымданған шикі сүтті және басқа да сүт өнімдерін пайдалану кезінде, ауру жануарға күтім жасау барысында туберкулезді жұқтыруы мүмкін. Аталған ауруға шалдыққан науқастарда салмақ тастау, тершеңдік, кеуде қуысындағы ауырсыну, қан түкіру, жалпы әлсіздік және тез шаршау, ұзақ уақыт бойы дене қызуының көтерілуі байқалады. Әрбір адам өз денсаулығына мұқият қарап, жоғарыда аталған шағымдардың біреуі немесе бірнешеуі байқалған жағдайда дер кезінде тұрғылықты жердегі емхананың медициналық көмегіне жүгінуі керек. Мұндай шағымдар басқа ауруларда да болу мүмкін, сондықтан диагнозды нақтылау мақсатында дәрігердің кеңесімен қосымша тексерулерден өту қажет, — деді Мұғалжар аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Радина Иржанова.
Оның айтуынша, аудан аумағында туберкулездің алдын-алу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Айталық, жана туған нәрестелерге перзентханада туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасы егіледі. Сонымен қатар манту сынамасы қойылып, нәтижесі теріс болған жағдайда БЦЖ вакцинациясы жүргізілуде.
— 2022-2023 жылдың оқу жылының бірінші айында, яғни қыркүйек айынан бастап 6 жастағы 1-сынып балаларын республика бойынша бір уақытта Кальметт-Герен бацилласы вакцинасымен ревакцинациялау қамтамасыз етіліп, манту сынамасымен тексеру жүргізілуде. Жоспар бойынша манту сынамасын 1061 балаға салу жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 954 балаға қойылды. Қамту деңгейі 90 пайызды құрап отыр. Жұмыстар әлі де жалғасуда. Бұл әдіс балалар арасында туберкулез ауруын ерте анықтау мақсатында жүргізіледі, — деді ол.

117 АДАМ ВИРУСТЫ ГЕПАТИТКЕ ШАЛДЫҚҚАН
Бүгінде вирусты гепатит заманауи медицинаның ең бір өзекті мәселесі болып отыр. Аталған вирус түрлері де организмдегі ең маңызды ағза — бауырды зақымдайды. Дәрігерлер қазіргі уақытта созылмалы гепатиттің бауыр циррозы мен бауырдың қатерлі ісігіне ұласуы өте көп кездесетінін айтады. Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі кезде әлем бойынша В вирусты гепатитін 300 млн адам таратушы болса, ал С вирусты гепатитін таратушылар 500 млн адамды құрайды. Дүниежүзінде бауыр циррозы мен бауырдың қатерлі ісігінен жыл сайын 1 млн адам көз жұмады. Ал аудандық ауруханада созылмалы вирусты гепатиттің В түрімен 72 адам, созылмалы вирусты гепатиттің С түрімен 45 адам сырқаттанып қалған.
-Аталған ауру жарақаттанған тері, шырынды қабық арқылы егер вирус «тасымалдаушымен» тығыз қарым-қатынаста болса, яғни маникюр, педикюр жиынтығы, тіс шеткасы және басқа да жеке бас гигиена құралдарын ортақ пайдаланған жағдайда, қан құйылған кезде не одан дайындалған дәрілік заттарды пайдаланған кезде, сонымен қатар жыныстық қатынас арқылы жұғады. Біздің тәжірибемізде гепатиттің А, В, С түрлері жиі кездеседі. Олар созылмалы және жедел болып екі түрге бөлінеді. Вирусты гепатиттер адам денсаулығы үшін қауіпті болып табылады. Себебі вирус бауырды зақымдап, оның қызметін бұзады. Бұл ауру балалар арасында көптеп кездеседі. Сол себепті нәресте туылған алғашқы үш күнде вирусты гепатитке карсы екпе салынады. Вирусты гепатитпен ауырып ем алған науқас үнемі дәрігер инфекционист пен терапевттің бақылауында болады. Әр үш ай сайын анализ тапсырып, іш қуысын ультрадыбыстық зерттеуден өткізіп тұрады. Жедел гепатитпен ауырған адамдар 1 жылға диспансерлік есепке алынып, анализ қорытындылары теріс мәнді болған уақытта есептен шығарылады. Науқастарға дұрыс тамақтану тәртібі мен физикалық жүктемені азайтуға кеңестер береміз, — деді Мұғалжар аудандық емханасының меңгерушісі Динара Тлекешова.
Дәрігер гепатит ауруының алдын алу үшін дәретханадан соң тамақтанар алдында қолды сабындап жуу, қауіпсіздігі анық немесе қайнатылған су ішу, көкөніс пен жеміс-жидекті мұқият жуып жеу, жеке бас тазалығына арналған заттарды тұтыну, салауатты өмір салтын ұстану, сұлулық салоны мен шаштараздарда маникюр, педикюр, татуаж, татуировка жасатқанда әр тұтынушыға жеке құралды қолдану, санитариялық ережелерді қатаң қадағалау маңызды екенін жеткізді.
Ал Ембі аудандық ауруханасында вирусты гепатит ауруы бойынша 18 тұрғын есепте тұр. Оның ішінде біреуі бала. Ембі аудандық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Нартай Теңізбаев гепатит ауруымен есепте тұрған тұрған науқастар дәрігерлердің жіті бақылауында екенін айтты. Науқастар жиі анализдер тапсырып, тескерістен өтіп отырады. Сондай-ақ қажетті тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі.

P.S. ТҮЙГЕНІМІЗ, ЖҰҚПАЛЫ ДЕРТТЕН ҚОРҒАНУДЫҢ ЖОЛЫ — ӨЗ ДЕНСАУЛЫҒЫҢЫЗҒА НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАМАУ, ТАЗАЛЫҚТЫ САҚТАУ, УАҚЫТЫЛЫ ТЕКСЕРІСТЕН ӨТУ. ЯҒНИ, «САҚТАНСАҢ, САҚТАЙМЫНДЫ» ЖАДЫДАН ШЫҒАРМАЙЫҚ, ОҚЫРМАН!

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ЖОЛЫ САЛЫНУДА

admin_mugalzhar

САУДАНЫ КӘСІП ЕТКЕН – ГҮЛШАТ

admin_mugalzhar

БІЛІМ ОШАҚТАРЫ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.