«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАРЫҚ ҚАЛА — ҚАУІПСІЗ ҚАЛА

ЖАҚЫНДА ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА ҚАЛАІШІЛІК ЖОЛДАРДЫҢ БІРІНДЕ ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАСЫ ОРЫН АЛЫП, САЛДАРЫНАН БІР АДАМ ҚАЙТЫС БОЛДЫ. ОҚИҒА КЕШКІЛІК ЫМЫРТ ҮЙІРІЛГЕН УАҚЫТТА БОЛҒАН. ЖОЛ ОҚИҒАСЫНА КІНӘЛІ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ ҚАРАҢҒЫДА ЖОЛДЫ БЕЛГІЛЕНБЕГЕН ЖЕРДЕН КЕСІП ӨТПЕК БОЛҒАН ЖАЯУ ЖҮРГІНШІНІ БАЙҚАМАЙ ҚАЛҒАНЫН АЙТҚАН. БІРАҚ ЖЫЛДАМДЫҚТЫ МӨЛШЕРДЕН ТЫС АРТТЫРҒАН. АТАЛҒАН АҚПАРАТ ГАЗЕТТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ПАРАҚШАСЫНДА ЖАРИЯЛАНҒАН СӘТТЕ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҚЫЗУ ТАЛҚЫСЫНА ТҮСТІ. ОЛАРДЫҢ КӨПШІЛІГІ ҚАЛА КӨШЕЛЕРІ МЕН ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ЖОЛДАРЫНЫҢ МАҢАЙЫ ТОЛЫҚҚАНДЫ ЖАРЫҚТАНБАҒАНЫН, ТҮНГІ МЕЗГІЛДЕ ЖАЛҒЫЗ ЖҮРУ ӨМІРЛЕРІНЕ ҚАУІПТІ ЕКЕНІН АЙТЫП, НАРАЗЫЛЫҚТАРЫН БІЛДІРДІ. ОСЫНЫ ЕСКЕРГЕН БІЗ, ГАЗЕТ ТІЛШІЛЕРІ, АУДАН АУМАҒЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІНЕ ХАБАРЛАСЫП, ҚАЛА КӨШЕЛЕРІНІҢ ҚАНШАЛЫҚТЫ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛҒАНЫ ТУРАЛЫ ЖАУАПТЫ МЕКЕМЕЛЕРГЕ САУАЛ ЖОЛДАП, ҚАС ҚАРАЯ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ КӨШЕЛЕРІН АРАЛАДЫҚ. СОНЫМЕН…

БІЗ КӨРГЕН КЕШКІ ҚАЛА

Күннің батуын күтіп, көлікке отырған біздің бірінші жүріп өткен көшеміз қаладағы ең басты жол саналатын «Тәуелсіздік» даңғылы болды. Бұл көшенің бір жағына ғана бағаналар орнатылып, жарықшамдар қойылыпты. Бірақ жарықшамдар көлік жүретін жолдан әлдеқайда алыста орналасқан. Содан ба, жолға түсетін жарықтың сәулесі болар-болмас қана. Аталған даңғылдан өтіп, Байғанин көшесіне бұрылған едік, бұл көшеде жарық бар, бірақ кейбір бағанадағы жарықшамдар жанбай тұр екен. Әрі қарай қозғалып, жергілікті халықтың «Шубаев» атап кеткен көше бұрылысына жеттік. Бұл көшеден бірде-бір жарықшам таппадық. Бейне бір қараңғылық тұңғиығы дерсің. Жалғыз жүрген жанның бойында расымен қорқыныш тудырады. Осы жердегі бұрылыстан өтіп, Қандыағаш қалалық №1 орта мектебі орналасқан жаққа қарай беттедік. Мектеп маңы жарқырып тұр. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен жол кедергілері анық көрінеді. Бұл жерде жаяу жүрген жолаушы өзін толық қауіпсіздікте сезінері анық. Есет батыр көшесімен жүріп отырып, Асанхан Қалиев көшесіне түстік. Бұл көшелер толығымен жарықтандырылған екен. Аманкелді, С.Торайғыров көшелерімен де жүріп өттік. Біз жүрген көшелерде жарықшамдар қойылған. Бірақ, осы маңдағы тұйық көшелерде жарықтың қылаңы да көрінбейді. Бұдан кейін қаладағы екінші маңызды жол болып табылатын С.Сейфуллин көшесіне бет алдық. Аталған көшенің Байғанин көшесімен қиылысатын жерінен бастап Қандыағаш-Ақтөбе тас жолына дейін жанып тұрған жарықшам көрмедік. Бұл көшеде ағылған көліктің нөпірі көп. Бірақ жаяу жүргіншілер жолы біреу-ақ. Көпір арқылы өтетін адам амал жоқ, машинамен жағаласып жүріп, жанын шүберекке түйіп өтері анық. Одан ары Н.Орынбасаров көшесімен жүріп отырып, «Тәуелсіздік» даңғылына қарай аяңдадық. Көше бойындағы жаңадан салынған спорт кешенінен өткеннен кейін жарықшамдар орнатылмапты. Бұл жерде көлік жүргізіп келе жатқан жүргізуші жаяу жүргіншіні көрмей қалуы әбден мүмкін. Сонымен қатар «Достық», «Самал» мөлтек аудандарын да аралып шықтық. Басты көшелерге жарықшамдар қойылғанымен, тұйық көшелер соқыр жанның күйіп кешіп тұр екен.

Қыс мезгілінде таңның кеш атып, күннің ерте бататыны бәріне мәлім. Оқушылар таң қараңғысымен мектепке қарай ағылып, кешкілік ымыртпен таласып үйлеріне асығады. Осы орайда мектеп маңының жарық болғаны абзал. Оқушылардың қауіпсіздігі қаншалықты қарастырылғанына көз жеткізбек ниетте қала мектептерінің де айналасын сүзіп шықтық. Мектептердің маңайы жеткілікті жарықпен қамтамасыз етіліпті. Жасанды кедергісімен реттелетін жаяу жүргіншілер бағдаршамы орнатылып, жол кедергілері салынып, жаяу жүргіншілер жолағы мен белгісі қойылған.

КӨШЕ ЖАРЫҒЫ ҮШІН АЙ САЙЫН 4 МЛН ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛАДЫ

Мақала дайындау барысында 40 мыңға жуық тұрғыны бар Қандыағаш қаласының әкімдігіне хабарласып, қала көшелерінің қаншалықты жарықтанғанын сұрадық. Олардың берген мәліметіне сүйенсек, қала бойынша 52 көше болса, бүгінде соның басты жолдарына ғана жарық шамдар орнатылған. Ал тұйық көшелерге жарық тартылмаған. Алдағы уақытта «Тәуелсіздік» даңғылы мен С.Сейфуллин көшесін және бірнеше көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын толықтай жарықтандыру жоспарланып отыр.

Қала аумағындағы 27 көшеге асфальт жабындысы төселген. Осыған сәйкес көшелерге жарықшамдар орнатылды. 2020 жылы адам көп шоғырланатын жерлерге 97 дана, 2021 жылы 30 дана бейне бақылау орнатылды. Ал 2022 жылы «Жастық» мөлтек ауданындағы №37А,Б, 38А.Б, 40, 41, 49А.Б, 46, 48, 50, 39А көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары жарықтандырылды. Алдағы уақытта қала аумағындағы І.Жансүгіров, Б.Майлин, К.Ахметов, О.Өмірбаев, А.Қалиев көшелерін және айналма жолды күрделі жөндеуден өткізуде жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге С.Сейфуллин көшесі мен «Тәуелсіздік» даңғылын толықтай жарықтандырамыз, — деді Қандыағаш қаласы әкімінің орынбасары Жандос Құлбаев.

Оның айтуынша, қала бойынша 70 жерге жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жолақтар жасалған. Оның 61-нің маңы толықтай жарықшамдармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ қалалық №4 және №5 орта мектебінің жанына, «Тәуелсіздік» даңғылы бойына жасанды кедергісімен реттелетін жаяу жүргіншілер бағдаршамы орнатылған. Сонымен қатар 6 дана жасанды жол кедергісі салынған. Жыл соңына дейін «Тәуелсіздік» даңғылы, Есет Көтібар мен Баймұханбетов көшелеріне жасанды жол кедергілерін салу жоспарланған.

Біз мүмкіндігінше тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыстанып жатырмыз. Барлығын бірден жасау мүмкін болмай тұр, себебі жұмыстың жүруі қаржыға келіп тіреледі. Қандыағаш қаласының ішін жарықпен қамтамасыз ету үшін ай сайын 4 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалады. Аталған қаржы қалалық бюджеттен бөлінеді. Істен шыққан жарықшамдардың уақытында ауыстырылып, жүйелі жұмыс жасауына «Өмірзақ Ақтан» жеке кәсіпкерлігі жауапты. Ал саябақтардың жарықпен қамтылуын «Теслаплюс» ЖШС-і міндетіне алған. Олар мемлекеттік сатып-алу порталында конкурсқа түсіп жеңімпаз атанды, — деді ол.

ЕМБІНІҢ ТҰЙЫҚ КӨШЕЛЕРІНДЕ ЖАРЫҚ ЖОҚ

Түнгі қаланың шырайын арттыратын жарықшамдар Ембі қаласында да өте аз. Қала бойынша жалпы саны 51 көше болса, соның 32-де ғана жарықшамдар орнатылған. Қала әкімі Райымбек Мұсағалидың айтуынша, тұйық көшелер мүлдем жарықтандырылмаған.

Қала көшелерін жарықтандыруда бірінші кезекте шағын аудандардағы мектеп, емхана, балабақша және т.б. әлеуметтік нысандар орналасқан және қоғамдық көлік қатынайтын орталық маңызға ие көшелерге басымдық беріп жатырмыз. Тұйық көшелерлерді жарықтандыру үшін әлі де жұмыстануымыз қажет. Ембі қаласында маңызды саналатын кіреберіс жолындағы бағаналар толығымен жаңартуды қажет етіп тұр. Ол аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің балансында тұр. Біз үшін қала тұрғындарының қауіпсіздігі маңызды, — деді қала әкімі Райымбек Мұсағали.

Қала әкімі осы жылы 28 көшеге 516 дана заманауи лампаның орнатылғанын айтты. Ембі қаласын түнгі мезгілдерде жарықтандыру үшін аудандық бюджеттен айына 1,7 млн теңге бөлінеді екен. Көше шамдарының үздіксіз жанып тұруы үшін қала әкімдігі «Кеңсе» жеке кәсіпкерлігімен келісім-шартқа отырған.

— Бүгінгі таңда 10 көшені жарықтандыру үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындап қойдық. Алдағы уақытта Е.Сағынов, З.Елубаев, Әйтеке би, Б.Момышұлы, Төле би, ПМС3, З.Бралов көшелерін жарықтандыруды жоспарлап отырмыз. Қаладағы 51 көшенің ішінде бар жоғы 4 көшеге ғана асфальт жабындысы төселген. «Ауруын жасырған арам өледі» деген. Қаламызда көшені асфальттау мен жарықтандыру күн тәртібінде тұрған мәселе. Бүгінде қаламызды көркейту үшін жан-жақты жұмыс жасап, демеушілікті де тартып жатырмыз. Қала жарық болса, адамдар үшін қауіпсіз болады. Ұрлық, зорлық-зомбылық, жол көлік оқиғалары азаяр еді, — деді қала әкімі.

КӨШЕСІ ЖАРЫҚ ЖЕМ

Шағын қала саналатын Жем қаласында барлығы 12 көше бар. Бүгінде ол көшелердің барлығы толығымен жарықтандырылған. Бұл туралы қала әкімі Жұматай Бисенов айтты. Ал бұрынғы әскери қалашықтан қалған ескі жолдардың тозығы жеткен. Өткен жылы тек қана Унучко көшесіне күрделі жөндеу жүргізілген. Алдағы уақытты Гагарин, Әйтеке би, Бейбітшілік көшелеріне жол салу жоспарлаған. Бүгінде аталған көшелердің жобалық-сметалық құжаттары дайын екен.

Жем қаласының көшелері түнгі мезгілде жүруге өте қолайлы. Адам өміріне қауіп төндірмейді. Осы жылы түнгі мезгілдерде жол көлік оқиғасы, көшеде орын алған зорлық-зомбылық тіркелмеді. Қаладағы бағаналардың 57-і қала әкімдігіне тиесілі. Ал қалғандары «АқтөбеЭнергоСнаб» мекемесіне қарайды. Ай сайын көше жарығына 1 млн 800 мың теңге төлейміз. Ағылып жатқан көліктер де көп емес. Қалада жаяу жүргіншілерге арналған ешқандай жол белгілері қойылмаған. Жол бойына арнайы белгілер қою үшін аудан әкімдігіне сұраныс жолдаған едік. Егер қаржы бөлінсе, жол белгілерін орнатамыз. Былтыр қала әкімдігі өз күшімен адамдар көп шоғырланатын кіреберіс жол мен Унучко көшесіне жасанды жол кедергісін орнатты. Бірақ стандартқа сай келмейді. Себебі қолмен жасадық, — деді қала әкімі.

ОСЫ ЖЫЛЫ ҚАНДЫАҒАШТА 5 ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАСЫ ТІРКЕЛДІ

Аудандық жергілікті полиция бөлімінің басшысы Самат Әбдіров қалаішілік жолдарда орын алатын оқыс оқиғалар көп жағдайда қараңғы уақытта болатынын айтты.

Бүгінде қала көшелерінде жарық жеткіліксіз. Оған қоса ауа-райының қолайсыздығы да жүргізушінің көру қабілетін төмендетіп, кедергі келтіреді. 2021 жылы ауданда қалаішілік жолдарда жаяу жүргіншіні басып кету дерегі бойынша 3 жолкөлік оқиғасы орын алды. Оның біреуі адам өлімімен аяқталды. Ал биыл жаяу жүргіншіні қағып кеткен 5 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Аталған оқиғалардың барлығы Қандыағаш қаласында болды. Оның екеуі қайғылы оқиғаға ұласып, адам өліміне алып келді, — деді Самат Әбдіров.

Бөлім басшысының айтуынша, жол-көлік оқиғаларына көп жағдайда жаяу жүргіншілер кінәлі болады. Олар тәртіпті сақтамай, белгіленбеген жерден өтеді екен. Жылдамдықты асырып жүретін көлік жүргізушілері де қайғылы оқиғаға себепкер болатын көрінеді. Сонымен бірге ауа райының қолайсыздығы да көлік жүргізушісіне кедергі келтіреді.

Жаңбыр жауған кезде ылғал асфальт жарықты жұтып алады. Ондай сәтте адамды аңғару жүргізушіге қиындық туғызады. Сосын адамдардың көпшілігі көмескі, қою түсті киімдер киіп жүреді. Оны да аңғармай қалатын кездер болады. Жарықтың тым аздығы көріністі азайтып, арты қайғылы оқиғаға ұласуы мүмкін. Қазіргі таңда жылдамдықты асырып жүретін жүргізушілер көп. Оның себебі біздер жылдамдықты асыру бойынша жүргізушіні жауапкершілікке тарта алмаймыз. Елді мекендер мен қалаларда жылдамдықты анықтайтын құрылғыны қолдануға тыйым салынып, алынып тасталды. Соның салдары да қайғылы оқиғалардың көптеп орын алуына әкеліп отыр. Дегенмен бүгінгі таңда тыйым салынған заңды қайта енгізу қарастырылуда, — деді ол.

Белгілі бір көше мен жолға жол белгілері мен жолақтарын орнату үшін жергілікті полиция бөлімінің мамандары қала әкімдігіне ұсыныс жасайды. Мақала басында айтылған жолкөлік оқиғасы орын алған жерге де жол белгісі мен жарықшамдарды орнатуға ұсыныс беріліпті. Ал оның орнатылуы қала әкімінің құзырында екен. Ал қала әкімдігі ол жерге жақын арада жарық орнату үшін қаржы қарастырылып жатқанын айтты.

P.S. ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАСЫНЫҢ ОРЫНАЛУЫНАӘРТҮРЛІФАКТОР ӘСЕРЕТЕДІ. ЖАЯУЖҮРГІНШІ БЕЛГІЛЕНБЕГЕНЖЕРДЕНӨТІП, ТӘРТІП БҰЗСА, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІЖЫЛДАМДЫҚТЫ ШАМАДАНТЫСАРТТЫРАДЫ. ҚАРАҢҒЫКӨШЕДЕ КӨРМЕЙҚАЛУ ДЕРЕГІДЕКЕЗДЕСЕДІ. ЕНДЕШЕ, ӨЗ ӨМІРІМІЗДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІНӨЗІМІЗЖАУАПТЫ ЕКЕНІМІЗДІ ҰМЫТПАЙЫҚ…

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ЖҰРЫНДЫҚ ШАРУА ЖІГІТ – ЖАНДАУЛЕТ

admin_mugalzhar

Қазақстандағы «Сбербанктің» атауы «Береке банк» болып өзгереді

admin_mugalzhar

БІЛІМ БӨЛІМІНДЕ ЖАҢА БАСШЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.