«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТАРИХТЫҢ АҚТАҢДАҚ БЕТІНЕН

БІЗДІҢ ТУҒАН ӨЛКЕМІЗ, МҰҒАЛЖАР ӨҢІРІ — ҚОЙНАУЫНА ТАЛАЙ ТАРИХТЫ БҮККЕН АУДАН. ЗЕРТТЕУІ ӘЛІ ДЕ КЕМШІН АЙМАҚТЫҢ ЖЫЛДАР ЖЕЛІСІНДЕ ӘЛІ ТАЛАЙ ТАРИХТЫҢ БЕТІН АШАРЫ АҚИҚАТ. ТӨМЕНДЕГІ ӘКЕМНЕН ЕСТІГЕН ӘҢГІМЕЛЕР ДЕ ОСЫ ӨҢІРДЕ АТЫ БЕЛГІЛІ АДАМ МЕН ТАРИХИ ОРЫННЫҢ ӨТКЕНІНЕН АЗ ДА БОЛСА ХАБАР БЕРЕТІНДЕЙ…

Әкем Самиғұлла көпке өнеге сөзі бар, шежірешіл, аңыз-әңгімелер мен тарихи деректерді көп білетін жан еді. Есте сақтау қабілетінің арқасында жасынан ауыл ақсақалдарының әңгімелерін тыңдап, көкейіне түйгенін «бала кезімде шалдар айтып отырушы еді» деп өзінен кейінгілерге аманаттап жеткізіп, өлең-жырларды жатқа оқып, көнекөз аңыз әңгімелерді көп айтатын. Бірде әкемнің Ғиззат құдамен дастархан басында жөн сұрасып отырып, «Ееее, құдам-ай текті жерден екенсің, атаң Балмағамбет ишан болса, бала кезден менің де атаң туралы естіп білгенім бар», — деп көкейіндегі көптен айтылмаған бір естеліктің ашылатын уақыты келгеніне қуанған күйі әңгімесін бастап кетті. «Мен жасымнан анамның туыс інісі Шәрен (Шәреннің шын аты Шармұхамбет) нағашымды үйімнен көп көретінмін. Ол 1908 жылы Шалқар ауданының 5- ауылында туған. Жасынан діни оқуға бет бұрып, 9 жасында әкесінен, 11 жасында шешеден айырылып, жетім қалған. Жоқшылық, ашаршылық уақытында жас балаға қамқоршы болып, әкесі Аманбайдың туған інісі Түменбай көп қарайласып, қамқор болған. Бала Шәрен жасынан Ембі қаласына жақын Бұлақты ауылына барар жолдағы «Көкмешіт» деген жердегі Балмағамбет ишанның медресесінде діни оқу оқыған. Балмағамбет ишанның алдына оқуға келген Шәрен пысық, алғыр шәкірт болып көзге түседі. Алдымен тілін кәлимаға келтіріп, арабша әріп танып, сауат ашады. Медреседегі құран хәтімді оқып тауысып, шариғатты толық меңгеріп шығады. Балмағамбет ишан діни сауатын бойына толық сіңірген шәкірті Шәреннің біліміне разы болып, болашағынан зор үміт күткені сондай, өзі өмірден өткенде «менің намазымды Шармұхамбет шығарады» деп өтініш айтқан.

Балмағамбет Нұрсейтұлы 1918 жылы 63 жасында өмірден өткенде арадан адамдар шығып, «Шәрен жас, намаз шығаруға әлі ерте» деп қарсылық танытқанымен, ауылдың имамдары мен ақсақалдары діндардың өтінішін ескеріп, 10 жасар Шармұхамбет алғаш ұстазының намазын шығарыпты. Кейін нағашым молдалығымен ауыл аймаққа «қара молда» (не себепті бұлай аталғаны белгісіз, мен әкемнен сұрап үлгермедім) деген атпен танылыпты. 1929-50 жылдары Кеңес үкіметінің ұйымдастыруымен дінге қарсы жалпы халық арасында бүлік шығып, ауыл діндарлары қудалауға ұшырапты. Мұндағы мақсат — діни тұлғаларды, дін ғұламаларын, оның ішінде жаппай молда, ахун, ишандарды қуғын-сүргінге ұшыратып, діни оқу орындарын, ғұрыптық мешіт, медресе, кесене, мазар, қорымдарды қиратып, діни-рухани мәтіндерді, кітаптар мен қолжазбаларды тәркілеп, түптұқияннан жойып, жалпы салт-санамызды терістеп, құдайсыздандыруға күштеген. Соның ішінде ауылдың Адайбек, Мұхамеджан молдаларымен қатар Шәрен де болған. Шәренді діндар деп қудалап, соңына түсіп, кітаптарын алып, қинаған кезде Нұрғали әкем «ол менің қой бағатын жалшым» деп өзі бағып отырған қойын бақтырып, арашалап қалыпты. Қудалау басылғанша апа-жездесі Нұрғали мен Зәруханың жанын көп сағалады. Нағашым ауыл арасында азды-көпті ауырған адамдарға ішірткі жазып, малға дем салып емдеп, септігін де тигізген. Бірде маңына жан жуытпай ұрынған асау түйеге көмек сұрап барғандарға молда әйелі Мәрияға бір уыс тұз әкелдіріп, алақанына қысып біраз оқып, шүберекке түйіп, «тұзды суға салып жібітіп, түйенің көзін, ернін, желін сүртіңдер, болды» деп жібергенде, көзбе-көз түйенің жуасып, ботасын емізіп, иіп, саудыртқанын көріп таңғалғанбыз. Сонымен қатар ауылдың ауырған балаларына ішірткі жазып беріп, талай тістерін жазғанын көзіміз көрді.

Талай жердің мықты деген имамдарымен салыстырғанда үнемі оқуы күшті Шәкең алда тұрған.1989 жылы Шахтадан Ембіге қоныс аударды. Бір күні мені шақыртып, «Сәмеш, (Самиғұлланы көбіне осылай атаған) мен қартайдым, сен менен қашық кетпе, мен өлгеннен соң діни ұстазым Балмағамбет ишанның қорымына қой, ұстазымның қасына жатамын», — деп аманат етті. 1994 жылы 86 жасында өмірден өткен нағашымның аманатын орындап, ұстазының қасына жерледік», — деп әкем бар естеліктерді айтып берді. Деректерді естіп отырып, кезінде мән бермеппім. Міне, үш жылдай уақыт болды, менің де әкем өмірден өтті. Тікелей діндардың ұрпағы Ғиззат құдамен әкемнің бұл соңғы кездесуі еді. Осы айтылған әңгіменің желісімен Көкмешітегі Балмағамбет ишанның қорымына барып, әкемнің нағашысы Шармұхамбет молданың бейітін көрдім. Шынымен де өзінің ата-бабасының қорымына жатпай, мәңгілік мекенінде өзінің діни ұстазының қасына жерленуі атамыздың дініне, ұстазына ерен құрметі екенін сөзсіз түсіндім. Шармұхамбет атамыз бен Мәрия әжемізден екі ұлы, төрт қыз туған.

Шаңырағында түтінін түтетіп отырған Жайшылық атты баласының жары Гүлжан Алтынгүлі мен Қайратын үйлі етіп, жиендері мен Қайсар атты немересінің қызығын қызықтап отырған жан. Отбасында атадан қалған естеліктері — арабша қолжазбалары мен құран кітаптары, таспиығы әр кез биікте тұрады. Кейбір жағдайда ағайын арасында қиналған жандар болса, уақытша алып, жандарына медет етеді екен. Қазіргі таңда Көкмешіттің бойында мал шаруашылығын кәсіп етіп отырған Құрантаев Сабыржанның айтуынша, мешіт пен медресенің іргетас табандары ғана қалған. Естеліктерге сүйенсек, Балмағамбет ишан кезінде өңірге белгілі діни сауатты, оқытуы күшті ұстаз болыпты. Діндар ұстаз Қазаннан үш татар шебер алдырып, мешіт және медресе салғызып, халықтың игілігіне жаратқан.

Мұғалжар тауынан құрылысқа қажетті қалақтастарды түйемен тасытыпты. 1916 жылы мешіттің құрылысын аяқтап, екі жыл өзі бала оқытып, шәкірттер дайындап, басшылық еткен. Өзі өмірден өткен соң әке жолын баласы Сүлеймен жалғаған. Сүлеймен де 1937 жылы 41 жасында репрессия құрбаны болып атылып кеткен. Үкімет басшылары мешіт пен медресені бұзып жойған. Нендей құдірет екені белгісіз, мешітті құлату оңайға соқпапты. «Қабырғасын құлатқан тракторшы орыс көп ұзамай жан тәсілім етсе, мешітті бұзуға келген кез келген адам қайғылы жағдайға ұшырап отырған. Мешіттің көп уақытқа дейін төбесіндегі айшығы қандай амал жасаса да алынбапты. Дінге қарсы нағыз қару деп мешітке шошқа сойыпты, сол кезде айшық мешіт ортасына түсіп, әуеге екі аққу ұшыпты» деп көзкөргендер айтатын. Соңғы жылдары Көкмешіт сайына келіп қонатын екі аққуды ел іші айтылған аңызға байланыстырып, жақсылыққа жорып отыр.

Анархан САМИҒҰЛЛАҚЫЗЫ, Ағайынды Жұбановтардың мемориалдық музейі, Ембі қаласы

Ұқсас ақпараттар

Зейнетақы мен жәрдемақы өседі

admin_mugalzhar

КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІ ӨНДІРІС ОРНЫНАН ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТЕДІ

admin_mugalzhar

АЛҒЫС ЖАУҒАН КҮН…

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.