«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МҰҒАЛЖАР: 2022 ЖЫЛЫ НЕ ІСТЕЛДІ?

ЖЫЛДЫҢ БАСТАЛҒАНЫ КЕШЕ ЕДІ. МІНЕ, ОЛ ДА АЯҚТАЛУҒА ТАЯП ҚАЛДЫ. ОСЫ УАҚЫТ АРАЛЫҒЫНДА «МҰҒАЛЖАР» ГАЗЕТІНІҢ ҰЖЫМЫ ЖЫЛ БОЙЫ АУДАНДА ЖАСАЛҒАН ЖОСПАРЛЫ ЖҰМЫСТАР МЕН АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕРДІ СҮЙІНШІЛЕП, ХАБАР ТАРАТТЫ. ЕНДІ СОНЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАЙТЫН КЕЗ КЕЛДІ. СОНЫМЕН, ЖЫЛДАР ЖЫЛНАМАСЫНА ЖАЗЫЛАР УАҚЫТЫ ЖАҚЫНДАҒАН 2022 ЖЫЛДЫ «МҰҒАЛЖАР» МАҚАЛАЛАРЫ АРҚЫЛЫ ТАРҚАТАМЫЗ…

АУЫЛДАРҒА ТАЗА АУЫЗ СУ БЕРЕТІН ҰҢҒЫМА ОРНАТЫЛДЫ

Елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасына сәйкес аудан аумағында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ауданға қарасты Көтібар батыр, Жаңатұрмыс, Сабындыкөл және Миялыкөл ауылдарына сапалы ауыз су беретін кешенді блок модулі ауыз су ұңғымасы орнатылды. Ауыз су ұңғымасын орнату жұмыстарын «Арай НС» ЖШС-і жүргізді. Бұл жұмыстарға аудандық бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Сонымен бірге Жаңатұрмыс ауылында да үш фильтрі бар (химиялық, физикалық, гидрокарбонаттық) кешенді блок модулі орнатылды. Халықты сапалы сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл Көтібар ауылында кешенді блок модулі қойылды. Өткен жылы Құмжарған ауылдық округіне қарасты Шеңгелши ауылына орталықтандырылған ауыз су құбырын тарту жұмыстары басталған болатын. Ауыспалы кезеңмен басталған жұмыс осы жылы аяқталды. Ауыз су қоры Батпақкөл ауылдық округінің орталығы Жағабұлақ ауылынан тартылған. Су тарту жұмыстарын «СМУ Шығыс» ЖШС-і мен «ЭлитСтройСервисАктобе» ЖШС-і жүргізді. Қазіргі таңда ауылішілік жүйелердің желілері тартылды. Су тарту жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның көмегімен арнайы 50 тонналық кран әкеліп, су мұнарасын қондырды. Жыл аяғына дейін Шеңгелши ауылының тұрғындары таза ауыз су пайдаланатын болады.

ҚАРАКӨЛГЕ ГАЗ БАРДЫ

Биыл Қ.Жұбанов ауылдық округінің орталығы Қаракөл ауылына табиғи газ тартылды. Қаракөлдіктердің көптен күткен қуанышы — газ құбырын іске қосу салтанатына облыс әкімі Ералы Тоғжанов куә болды. Ауыл кіреберісіне газ қысымын төмендетуге және газ тарату тораптарында оны берілген деңгейде ұстап тұруға арналған технологиялық құрылғысы (газ реттегіш пункті) қондырылды. Газ құбырын тарту жұмыстарын «Кагам» ЖШС-і жүргізді. Құрылыс жұмыстарына 1 млрд 200 млн теңге бөлінді. Ал Қаракөл ауылының ауылішілік газ тарту жұмыстарына бюджеттен 34 млрд 4 млн теңге қарастырылған. Қаракөл ауылының ауылішілік газ тарту жұмыстарын екінші мердігер «Ақтөбенефтегазстрой» ЖШС-і жүргізді.

ЕМБІДЕ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ЖӨНДЕЛДІ

Ембі қаласында жартылай қаңырап бос қалған көпқабатты тұрғын үйлер жөнделіп, 135 пәтер пайлануға берілді. Бауыржан Момышұлы көшесінде орналасқан 90 пәтерлі №15 үйді жөндеуге облыстық бюджеттен 450 млн теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Қолғанат құрылыс» ЖШС-і жүргізді. Ал №11 үйдің жөндеу жұмыстарын «Ерзат» өндірістік кооперативі жауапкершілігіне алған. Ол үшін облыстық бюджеттен 250 млн теңге бөлінген.

«ЖАСSTAR» СПОРТТЫҚ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Осы жылы аудан орталығы Қандыағаш қаласында «ЖасStar» дене шынықтыру және сауықтыру спорт кешені ашылды. Жалпы құны 403 млн теңгені құраған құрылыс жұмыстарын «Ерзат» ӨК мекемесі жүргізді. Кешеннің жалпы көлемі 2976,2 шаршы метр. Ал бассейннің көлемі 195,9 шаршы метр, тереңдігі 2 метрге дейін.

Қасына жапсарлас киіну және қосалқы бөлмелері мен аумағы 36х18 метр әмбебап спорт залы, іргелес киіну, көмекші және қызмет көрсету бөлмелері бар. Спорт нысанында шағын футбол, волейбол, баскетбол, күрес, жаттығу залдары қарастырылған. Оқужаттығу жиынына қажетті құрал-жабдықтар қойылған. Аталған кешен ауданның спортпен шұғылданушы жасөспірімдеріне мол мүмкіндік береді. Бүгінде ол жерге аудандық, облыстық деңгейде түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылып тұрады.

ҚАНДЫАҒАШТА БОКС ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

Қандыағаш қаласында «Azhbenov Boxing» бокс залы ашылды. Кәсіпқой боксшылар арасында Әлем чемпионы Нұртас Әжбеновтің бастамасымен ашылған бокс залында бүгінде спортты серік еткен 100-ден астам қандыағаштық жасөспірімді 3 жаттықтықтырушы жаттықтырады.

«ҚУАН АТА ҚҰДЫҒЫ» ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

Жұбановтардай ұлылардың кіндік қаны тамған мекен — Жаңатұрмыс ауылындағы «Қуан ата құдығы» қалпына келтірілді. Тарихи құдықтың ашылу салтанатына Ахмет Жұбановтың қызы, биолог ғалым Ажар Жұбанова келіп, арнайы қатысты. Қалпына келтірілген Қуан ата құдығының басына белгітас қойылып, сырты қоршалып, тал көшеттері отырғызылған. Аталған игі іске «Рухани жаңғыру» жобасы аясында биыл құрылып, елдегі өнерлі балаларды қолдауды мақсат еткен «Qazag muzykasy» қайырымдылық қоры қомақты қаражат бөлген. Ауыл тұрғындары келген қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алып, мәдени шара ұйымдастырды. Ашылу салтанатында сөз алған асылдың сынығы Ажар Ахметқызы бұл құдықтың тарихы 100 жылдан да әрі екенін айтты. Дегенмен әлі де зерттеу жұмыстарын қажет ететінін де тілге тиек етті. Оның сөзінше, зерттеушілер құдық суын зерттеп, оның шипалы, емдік қасиеті барын дәлелдеген. Құдық басына «Құдық суының емдік қасиеті бар» деген жазуы жазылған арнайы тас белгі қойылды.

Дайындаған: Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

4 ЖЫЛДА: 427 МҰҒАЛЖАРЛЫҚ БАСПАНАМЕН ҚАМТЫЛДЫ

admin_mugalzhar

ЖАРҚЫН ЖЫЛДАР, ШУАҚТЫ ШАҚТАР

admin_mugalzhar

ТАСҚЫННАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРДІҢ ШЫҒЫНДАРЫ ЕСЕПТЕЛУДЕ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.