«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МҰҒАЛЖАР: 2022 ЖЫЛЫ НЕ ІСТЕЛДІ?

ЖЫЛДЫҢ БАСТАЛҒАНЫ КЕШЕ ЕДІ. МІНЕ, ОЛ ДА АЯҚТАЛУҒА ТАЯП ҚАЛДЫ. ОСЫ УАҚЫТ АРАЛЫҒЫНДА «МҰҒАЛЖАР» ГАЗЕТІНІҢ ҰЖЫМЫ ЖЫЛ БОЙЫ АУДАНДА ЖАСАЛҒАН ЖОСПАРЛЫ ЖҰМЫСТАР МЕН АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕРДІ СҮЙІНШІЛЕП, ХАБАР ТАРАТТЫ. ЕНДІ СОНЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАЙТЫН КЕЗ КЕЛДІ. СОНЫМЕН, ЖЫЛДАР ЖЫЛНАМАСЫНА ЖАЗЫЛАР УАҚЫТЫ ЖАҚЫНДАҒАН 2022 ЖЫЛДЫ «МҰҒАЛЖАР» МАҚАЛАЛАРЫ АРҚЫЛЫ ТАРҚАТАМЫЗ…

ПАНТЫМЕН ЕМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ

Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласынан «Зәру» пантымен емдеу сауықтыру орталығы ашылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Асқар Шериязданов, аудандық мәслихат хатшысы Роза Мүсенова, аудандық қоғамдық, ардагерлер және аналар кеңесінің өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Бұл өнім алдымен жергілікті тұрғындар үшін өте қажет. Әсіресе, экологиялық аймақтарда тұратын, ауыр өнеркәсіп орындарында жұмыс жасайтындар үшін маңызды. Яғни адамның денсаулығын нығайту үшін таптырмас ем. Емдік қасиеті бар жануарлар 700 гектар аумақты алып жатқан Мәртөк ауданының кең алаңқайында өсірілуде. Орталықта қазіргі таңда 9 қызметкер жұмыспен қамтылып отыр. Бүгінгі таңда аудан тұрғындары емдеу орталығынан кешенді ем қабылдауда.

КӨШЕ ЖОЛДАРЫ АСФАЛЬТТАНДЫ

Басшилі ауылының кіреберіс жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы 1,5 шақырым болатын жолға асфальт жабындысы төселді. Жолды жөндеу жұмыстарын «Тенгри Строй Инвест» ЖШС-і жүргізді. Ендігі кезекте жол белгілері орнатылып, жолдың жан-жағы тегістелетін болады. Жұрын ауылы мен Қаракөл ауылының арасы 32 шақырымды құрайды. Бүгінде екі аралыққа газ тарту жұмыстары толығымен аяқталды. Жұрын ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы ұзындығы 3 шақырым тұратын 4 көшеге тас жолдың құрылысы жүргізілді. Олар — Нұртай Құрманалин, Ахмет Жұбанов, Жанқожа батыр, Абай Құнанбаев көшелері. Жол салу жұмыстарын «ТенгриСтройИнвест» ЖШС-і жүргізді. Құрылыс жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 643 млн-нан астам қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, Ембі қаласында тас жолдар күрделі жөндеуден өтті. Ұзындығы 2,4 км болатын Жиенғали Тілепбергенов көшесін жөндеуге 240 млн теңге бөлініп, жол салу жұмыстарын «Ремдорстройсервис» ЖШС-і жүргізген. Сонымен бірге Сағашилі ауылына кіреберіс жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы 1,4 шақырым болатын жолға асфальт жабындысы толықтай төселді. Жолды жөндеу жұмыстарын «ТенгриСтройИнвест»ЖШС-і жүргізді. Қазіргі таңда мердігер мекеме асфальттанған жолға жол белгілерін орнатты.

БІЛІМ БЕРУ НЫСАНДАРЫ ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ

Биылғы оқу жылында аудан бойынша 37 мектепте 1573 мұғалім 12777 оқушыға білім беруде. Ал мектеп табалдырығын 1390 бүлдіршін аттады. 3 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті. Олар — Қандыағаш қалалық №2 орта мектебі, Ембі қалалық №7 орта мектебі және Жем қалалық №3 Аула клубы. Ал ағымдағы жөндеуден 18 мектеп өткен. Сонымен қатар аудан аумағындағы білім ошақтарының материалдық базасын жаңғырту мақсатында бірқатар жұмыстардың атқарылды. Атап айтсақ, жаңа оқу жылында Мұғалжар орта мектебіне, Қаз.ССР 30 жылдық орта мектебіне, Құмжарған орта мектебіне, Қ.Жұбанов атындағы орта мектепке, А.Жұбанов атындағы орта мектептерінде физика, химия, биология кабинеттері жабдықталған. Аудан бойынша мектеп оқушыларына жаңа оқу жылында оқулық сатып алу үшін 157,779000 теңге қаржы бөлінді.

Биылғы оқу жылында аудан мектептері бойынша тегін ыстық тамақпен 526 оқушы қамтамасыз етілді. Оқушылардың тегін ыстық тамақпен қамтылуы 5 санат бойынша тағайындалды. Түрлі санаттағы оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту үшін бюджеттен 6 445 491 теңге қаражат жұмсалды.

ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ ЕМБІЛІКТЕРГЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

Ембі қаласында жаңа өрт сөндіру бекетінің ғимараты бой көтерді. Аталған бекет жылдың басында қолданысқа берілді. Жаңадан салынған өрт сөндіру бекеті Ембі, Жем қалаларымен қатар Құм-жарған, Егіндібұлақ ауылдық округтеріне қызмет көрсететін болады. Өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері тек өртке шығып қана қоймай, Ембі қаласы аумағында орын алатын басқа да төтенше жағдайлардың алдын алуға жұмылдырылады.

«SPORT LIFE» — СПОРТ СҮЙЕР ҚАУЫМ ҮШІН

Осы жылы Қандыағаш қаласында спортқа жаны құштар жандар үшін тағы да спорт кешені ашылды. Жалпы көлемі 350 шаршы метрді құрайтын спорт кешенін пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Ақтөбе облысы бойынша бас жаттықтырушы Сергей Ведюшкин ашты. «SPORT LIFE» деп аталатын спорт залда бір мезгілде 50 адам жаттыға алады. Зал заманауи спорт құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұл жерде әйел адамдар мен ер адамдарға арнайы жаттықтырушы тағайындалған. Сонымен бірге ерлер мен әйелдерге арналған киім ауыстыратын және жуынатын бөлек бөлмелер қарастырылған.

КӨПФУНКЦИОНАЛДЫ СПОРТ АЛАҢДАРЫ САЛЫНДЫ

Қандыағаш қаласы «Самал» мөлтек ауданының 6 кварталында көп функционалды ашық спорт алаңының құрылыс жұмыстары аяқталды. Құрылыс жұмыстарын «Жайық сити» ЖШС-і жүргізді. Жаңадан орнатылған спорт алаңында қала тұрғындары үшін спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Жаңа спорт алаңына келушілердің көліктерін қоюға арналған көлік тұрағы және мүгедектігі бар жандардың жүруіне ыңғайлы жол қарастырылған. Сонымен бірге Жем қаласы мен Қожасай, Саға, Ақкемер, Алтынды ауылдарында спорт алаңдары салынды.

ЖАҒАБҰЛАҚТАҒЫ ЖАҢА КЕШЕН

Жағабұлақ ауылында ангар типті спорт кешені пайдалануға берілді. Спорт кешенінің жалпы алаңы — 1117 шаршы метр. Ол жерде ауыл балалары волейбол, футбол, баскетбол, үстелтеннисі, күрес, тағы басқа спорт түрлеріне арналған үйірмелерге тартылуда. Спорт кешенінде алғаш рет аудандық VII Халық ойындары спартакиадасы өтті.

Дайындаған: Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

Еліміздің екі облысында үсік жүреді

admin_mugalzhar

Ертеңнен бастап күн жылиды

admin_mugalzhar

Францияда қайта локдаун жарияланды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.