Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен еліміз бойынша алғаш рет Ақтөбеде «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасы қолға алынғаны белгілі.
9-13 қаңтарда аталған бағдарлама бойынша үміткерлердің құжаттарын іріктеу жөніндегі комиссия отырыстары өтті. Бүгін комиссия отырысының қорытынды хаттамасы бекітілді.
Соған сәйкес 40 жас іріктелді. 17 -24 қаңтарда олар төлем қабілетін растау үшін «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалына баруы қажет. Талап — бастапқы 10 пайыз жарнасы болуы тиіс.
Комиссия шешіміне сәйкес, 12 үміткер резервте болады. Егер бастапқы 40 үміткердің кейбірі төлем қабілеттілігін растай алмаса, резервтегі үміткерлерге мүмкіндік беріледі.
Жастар 15 миллионға дейінгі үйлерді 23 жылға дейін несиеге ала алады. Үстемеақысы да төмен — 5 пайыз.
— Бұл бірегей жоба өңір басшысы Ералы Лұқпанұлының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Облыстық әкімдік пен «Отбасы банкі» облыстық филиалы арасындағы бірлескен келісімге сәйкес, аталған бағдарлама аясында 600 миллион теңге бөлініп отыр. 1039 жастан өтініш қабылданды. Бес күнге созылған комиссия отырысында қабылданған барлық құжаттың бәрін қарадық. Осы үміткерлердің 40-ы іріктелді.
Айта кету керек, бұл бағдарлама аясындағы жұмыстың бастамасы ғана. Алдағы уақытта жастарды баспанамен қамту мақсатындағы жоба жалғасатын болады, — дейді іріктеу комиссиясының төрағасы Фархат Сансызбай.
Отырыстар ашықтық, айқындық қағидаттарын берік ұстанды. Комиссия құрамына қоғамдық кеңес мүшелері мен мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар қозғалыстарының өкілдері, блогерлер және «Отбасы банк» АҚ қызметкерлері кірді, яғни бірде бір мемлекеттік органның өкілі жоқ.
Онлайн-трансляция режимінде өткен отырыстардың барлық жазбалары Instagram әлеуметтік желісінде Jasaqtobe ресми аккаунтында сақталды.
— Кем дегенде бір жыл жұмыс өтілі бар жастар ғана конкурсқа қатысты. Сондай-ақ соңғы 5 жылда меншігінде пәтері болмаған жастар ғана үйден үмітті бола алды. Үміткерлерді бірнеше критерий бойынша ірітедік. Айта кету керек, үміткерлердің жалпы ұпайы бірдей болған жағдайда бірінші рет басымдық бала санына, екінші ретте жинақтаған жарна көлеміне, үшінші ретте еңбек өтіліне берілді. Егер жалпы ұпайы тең үміткерлердің бала саны бірдей болса, жарна көлемі есептелінеді, бала саны мен жарна көлемі бірдей болса, еңбек өтілі мерзімнің ұзақтығы (айы, күні, жылы) есептелінеді, — дейді комиссия мүшесі, «Отбасы банкі» облыстық филиалы директорының орынбасары Жанболат Қалменов.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.