Егемендік алып, тәуелсіздік тәжін кигелі 30 жылдан астам уақыт өтіп, еліміз түпкілікті жаңару үдерісін бастан өткерді. Біз төл тарихымызды қастерлеп, мемлекеттілігімізді нығайтып, әлемдегі алпауыт елдердің санатына енуді мақсат еттік. Ғасырлар қойнауынан тарихымыз, тіліміз сондай анық, таза күйінде бізге жеткен қастерлі мұрамыздың бірі — бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы, мемлекетіміздің тұғырлы тірегі, өткені мен болашағының айқын көрінісі, мемлекеттік тіліміз — қазақ тілі.
Бойымызға анамыздың сүтімен дарыған ана тілімізді ардақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу басты парызымыз. Ана тілінің қадір-қасиетін ерте кезден ақ түсіне білген халқымыз оны қасиетті мұраға балап, қастерлейді. Қазақ тілі ерте кезден-ақ оралымды, ырғақты, аса қуатты, бай тіл. Ол жан дүниеміздің айнасы, тәуелсіздігіміздің айғағы іспетті. Кейбір азаматтарымыздың тілді мойындаса да игеруге асықпайтындығы, сол ежелгі таптауырын болған қағидаттардан арыла алмай жүрген жайы да жоқ емес. Ал болашағымыздың қазақ тілінде екендігін ескерсек, тіл төңірегіндегі кемшіліктерді түзеу, әрбір елім дейтін азамат үшін атүсті қарап, айналып өтуге келмейтін мәселе екендігі даусыз.
Әр адамның азаматтық қасиеті салт-дәстүрін сақтаумен, өзінің туған жерін, атамекенін сүюмен, өзінің ана тілін білумен өлшенбек. Біліп қана қоймай, күнделікті тұрмыста қолдану аясын кеңейтіп, тілге деген жанашырлық сезімінің болуынан көрініс табады. Ендеше, татулық пен тұрақтылықтың негізіндей болған туған тіліміз тұғырлы, тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болуы үшін баршамыз тіл мерейінің жоғарылауы үшін әрекет ету қажеттілігі туындап отыр.
Н.ҚАЛИЕВА, Ақтөбе қаласының мамандандырылған тергеу сотының бас маманы