ЧЕРНОБЫЛЬДІҢ АПАТЫ КЕЛТІРГЕН ЗИЯНДЫ ЗАТТАРДЫ ЖОЮҒА ҚАЗАҚСТАННАН АЛДЫҢҒЫ ӘСКЕРИ ЛЕКПЕН БАРҒАНДАРДЫҢ БІРІ — ЖАНБОЛАТ ӨТЕШОВ. ОЛ БҮГІНДЕ БАТПАҚКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ОРТАЛЫҒЫ ЖАҒАБҰЛАҚ АУЫЛЫНДА ТҰРАДЫ.
—Шынын айтсақ, бізге қайда бара жатқанымыз туралы мүлде айтылмады. Мүмкін бұйрық солай болған шығар. Біздің бөлімшедегі сарбаздардың барлығын толығымен қаруландырып қойған еді. Біз іштей Ауған соғысына бара жаттық деп ойладық. Межелі жерге таңда жеттік. Түссек, талдың арасында тұр екенміз. Сонда да офицерлер ештеңе айтпады. Қару-жарағымызды жинап алған сәтте ғана Чернобыльге келгенімізді білдік. Біз барған сәт апаттың әлі де басылмаған кезі еді. Ауада химиялық улы заттар шамадан тыс көп болды. Бас кезінде үстімізге арнайы қорғаныс киімдерін киіп жүрдік. Респиратордың орнына марлі тағып жүрген кездеріміз де болды. Күнде киім ауыстырамыз. Біз Украина мен Беларусь жерін залалсыздандыру жұмыстарын жүргіздік. Чернобыль атом электр станциясы орналасқан Припять қаласында бір ай көлемінде жұмыс жасадық. Себебі ол жерде радиацияның көп болуына байла-нысты ұзақ жұмыс жасауға болмайды екен. Тәртіп солай болды. Апат бол-ған аймақта яғни, станцияның төбесінде партизандар (апат аймағына кіргізілген топ) жұмыс жасады. Олардың жұмыс жасау уақыты 1,5-2 минут қана болатын. Мен залалсыздандыруға арналған АРС-14 деп аталатын сұйықтық құйылған әскери көлік жүргіздім. Ол көлікте арнайы басында щеткасы бар шлангілер болды. Қасымдағы екі оператор радиация шөккен жерлерді тазалайды, — деді Жанболат Өтешов.
Ол бұрын коммуналдық төлемдердің барлығы тегін болғанын, бүгінде ол жеңілдіктің бәрінің алынып тасталғанын айтты. Қазіргі таңда Жанболат Өтешов Жаңажол кен орнындағы «СНПС-Ақтөбе Көлік Компаниясы» ЖШС-де жүргізуші болып қызмет етеді. Жолдасы Мейрамгүл Есмағамбетова екеуі 4 қыз тәрбиелеп отыр.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ