ЧЕРНОБЫЛЬ АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНДАҒЫ БОЛҒАН ЖАРЫЛЫСТЫҢ ЗАРДАБЫН ЖОЮҒА ҚАТЫСҚАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ АРАСЫНДА МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ЖАСҰЛАН АҚМУРЗИН ДЕ БОЛДЫ. ОЛ ӨМІР МЕН ӨЛІМ АРАСЫНДА ЖҮРІП, КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН БҰЛ ТАЖАЛДЫ АУЫЗДЫҚТАУҒА ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСЫП, ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫН МІНСІЗ АТҚАРДЫ.
Жасұлан Ақмурзин 1986 жылдың мамырында Украинаның Киев қаласына әскери борышын өтеуге барған. Бұл Чернобыль атом электр станциясында болған жарылыстың дүмпуі әлі де басылмаған кез болатын. Алты айлық әскери дайындықтан соң ол қызмет ететін №3031 әскери бөлімшесі атомдық полкке ауыстырылып, жарылыс болған аймақтағы Рассоха деген жерге көшіріледі. Сол сәттен бастап әскери бөлімшенің құрамындағы жас сарбаздар қолға ұстауға келмейтін жойқын апаттың зардабын жойып, қоршаған ортаға тараған радиацияны залалсыздандыруға барынша күш салған.
—Біз барған сәтте жарылыс болған жердің аумағын 30 шақырым етіп қоршап тастаған екен. Бұл жерде тұратын халықтың барлығы басқа жерлерге көшірілген. Біздің әскери бөлімше сол жерді, яғни қоршалған аумақтың ішінен заттардың ұрланбауын күзетті. Ал мен әскери көліктің жүргізушісі болып қызмет еттім. Аймақты күзететін солдаттарды сол жерге апарамын, алып келемін. Олар екі сағат сайын кезектерін ауыстырып отырады. Солдаттардың топ болып жүруіне болмайды. Себебі, шаң көтерілсе, топырақ бетіндегі радиация көтеріліп, адамның денсаулығына зиян келтіреді, — деді ол.
Біз Жасұлан ағадан улы аймақта жүріп радиациядан қалай қорғанғандарын сұрадық. Алайда, ол қорғанышқа арналған арнайы киімнің болмағанын, тек қана улы заттан қорғануға арналған бетперде мен радиацияның мөлшерін анықтайтын дозиметрдің ғана берілгенін жеткізді.
— Арнайы мамандар біздің үстімізге сіңген улы заттың мөлшерін үнемі анықтап, тексеріп отырады. Мөлшерден асып кетсе, бірден киімдерімізді толықтай ауыстыруға жібереді. Көліктерімізді де арнайы залалсыздандырғыш құралмен жуып, тазалайды. Қатты сіңіп қалған жағдайда көліктер қоятын арнайы орынға апарып тастайды. Ол жердегі көліктің санына жету қиын. Себебі ол көліктерді не өртей алмайды, не жерге көме алмайды. Мен жүргізуші болғаннан кейін ессіз қалған Припять қаласына барып тұрдым. Бірақ қаланы аралауға мүмкіндік бермеді. Арнайы рұқсат қағаз керек. Ол жерден халықты көшірген сәтте барлығын сол күйінде тастап кеткен. Тұрғындардың аулаларында қалған бақшаларда көздің жауын алып бүлдірген, құлпынай, алма ағаштары өсіп тұрды. Ол кезде жаспыз ғой. Жемеңдер десе де қолымыздағы дозиметрмен өлшеп көреміз, радиация аз мөлшерде көрсетсе, жеп аламыз. Кейде өлшемей де жеп қоятын кездеріміз болды, — деп еске алды кейіпкеріміз.
Әскерде өзімен бірге қызмет еткендердің барлығы аман-есен елдеріне оралған. Алайда келгеннен кейін көбісінің денсаулығы сыр беріп, өмірімен қоштасқандар көп болған.
-Ақтөбе облысынан жалпы саны 3000-нан астам жас сарбаз Чернобыль зардабын жоюға барған. Бүгінде солардың 300-ге жетпейтіні ғана тірі жүр. Алайда барлығының денсаулығында ақау бар. Кем дегенде, ІІІ топ мүгедегі. Мен ішкі істер огранында қызмет еткеннен кейін мүгедектік алуға болмайтын болды. Радиацияның зардабы 300 жылға яғни, 4-5 ұрпаққа таралуы мүмкін деген болжам бар. Ойлаған сәтте жүрегімнің қатты ауыратынын жоққа шығара алмаймын. Ол енді уақыттың еншісіндегі нәрсе ғой. Алла сақтасын, — деді ол.
Жасұлан Ақмурзин 1988 жылы елге оралып, туған жері Шалқар қаласында теміржол саласында еңбек етеді. Содан кейін Теміржол полициясына жұмысқа тұрады. 2002 жылы жұмыс бабымен Қандыағаш қаласына көшіп келіп, Қандыағаш станциясындағы желілік полиция бөлімінде 2010 жылға дейін тергеуші болып қызмет атқарады. 2010 жылдан бастап Шұбарқұдық теміржол полициясының басшысы қызметіне ауысып, 2015 жылы сол жерден зейнеткерлік демалысқа шықты. Бүгінгі таңда Қандыағаш қаласындағы «Аманат Күзет» ЖШС-нің басшысы қызметін атқарады.
Кейіпкеріміз аудандағы Чернобыль апатының зардабын залалсыздандыруға қатысқан жандардың көп жағдайда елеусіз қалып жататынын жеткізді. Мемлекет тарапынан берілетін көмектің де мардымсыз екенін тілге тиек етті.
-Чернобыльде болғанымыз үшін ай сайын 19 000 теңге көлемінде жәрдемақы аламыз. Жылына бір мәрте 9 мамыр — Жеңіс күніне орай бір жолғы 100 000 теңге көлемінде қаржы береді. Жер үй мен қозғалтқыш көлемі 4-ке дейінгі бір көліктің салығынан босатылдық. Денсаулықты жақсартуға бағытталған ешқандай ем-шара алып көрмеппін. Өзге аудандарда Чернобыльге қатысқандарды құрметтеп, оқушылармен кездесуге шақырып жатады. Ал біздің ауданда тыныштық. Тіпті тұрғындар ауданда Чернобыльге қатысқандардың бар екенін білмейтін де шығар. Бұл тарихты біздің балаларымыз білуі қажет деп есептеймін. Соғысқа қатысқан азаматтар қолына қару алып, көзге көрінетін жаумен соғысса, ал біздер көзге көрінбейтін, қолмен ұстауға келмейтін жаумен күрестік, — деді ол.
Бүгінде Жасұлан Ақмурзин өмірлік жары Ақзейне Елмұратова екеуі 2 ұлы, 2 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Үлкен ұлы Асқар Нұрдолда бүгінде әке жолын қуып, теміржол полициясында, ал қызы Назерке Ақтөбе қаласында теміржол саласында еңбек етіп жүр.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ