Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес өңірдегі ең ірі жол құрылысы жобаларының бірі – «Ақтөбе-Қандыағаш» республикалық маңызы бар трассасын қайта жаңарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
Жобаға сай жолды 4 жолаққа дейін кеңейту, көпірлер, мал айдау және теміржол арқылы өткел салу көзделген.
11-ден 52 шақырымға дейінгі учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстарын «Сине Мидас Строй» ЖШС мердігер компаниясы жүргізуде. Қазіргі уақытта 26 шақырымға асфальттың екі қабаты төселген, қалған 15 шақырым жолдың төменгі қабатының жұмыстары жасалып жатыр. Құрылысқа жалпы саны 310-нан астам жұмысшы мен 170-ке жуық техника жұмылдырылған. 52-ден 100 шақырымға дейінгі учаскенің құрылысы «Ассана ДорСтрой» ЖШС мердігер ұйымының міндетінде. Аталмыш учаскелердегі жұмыстардың барлығы басшылығының тікелей назарында. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың күзінде «Ақтөбе–Қандыағаш» жолын қайта жаңарту жобасын өңір басшысы Ералы Тоғжанов ерекше бақылауға алған болатын. Сол кезде жолдың аймақ үшін маңыздылығын ескере отырып, облыс әкімі қысқа мерзімде жолды ашу туралы тапсырма берді. Нәтижесінде, қараша айында автожолдың екі асфальтталған жолағы арқылы екі бағытқа да жол ашылды.
«МҰҒАЛЖАР-АҚПАРАТ»