«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БАЛАЛЫҚ АРМАНЫ ӨМІРЛІК МАМАНДЫҚҚА АЙНАЛДЫ

2013 ЖЫЛДАН БАСТАП, ҚР МӘДЕНИЕТ  ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІНІҢ ҚОЛДАУЫМЕН  21МАМЫР – МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ БОЛЫП АТАЛЫП ӨТУДЕ. МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ ОСЫ САЛАДА ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕН АЛМАС ОРМАНОВТЫ ЖҰМЫС ОРНЫНА ІЗДЕП БАРДЫҚ. АУДАННЫҢ МӘДЕНИ ШАРАЛАРЫНДА ЖИІ КӨЗГЕ ТҮСЕТІН, 20 ЖЫЛДАН АСТАМ УАҚЫТ ӨНЕР САЛАСЫНДА ЕҢБЕК  ЕТІП ЖҮРГЕН АЛМАС ОРМАНОВ 1979 ЖЫЛЫ НАУРЫЗ АЙЫНЫҢ 15 ЖҰЛДЫЗЫНДА ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ, ТАМДЫ АУДАНЫНДА, КЕРІЗБҰЛАҚ АУЫЛЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН. 2002 ЖЫЛЫ ӨЗБЕКСТАНЕЛІНЕН АТА ЖҰРТҚА, ОНЫҢ ІШІНДЕ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНА ҚОНЫС АУДАРЫП КЕЛГЕННЕН КЕЙІН, СОЛ ЖЫЛЫ №4 ОРТА МЕКТЕБІНЕ МУЗЫКА ЖЕТЕКШІСІ БОЛЫП ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСАДЫ. СОДАН БЕРГІ ӨМІРМЕН ӨНЕРДЕГІ ЖОЛЫН ӨЗГЕ ЕМЕС КЕЙІПКЕРІМІЗДІҢ ӨЗІ ӘҢГІМЕЛЕП БЕРДІ…

ГАРМОНЬНАН ЯМАХАҒА ДЕЙІН

Менің музыкаға әуестігім бала кезден басталды. Әлі есімде, бала кезімде «малыш» деген кішкентай гармоньдар болған еді. 6 жасымда анам сол аспапты алып бергенде, қатты қуандым. Сол кішкентай аспап менің музыкаға деген қызығушылығымды ашты. Соны тартып, ойнап жүргенімде, сындырып алғаным бар. Кейін басқа аспаптарды үйренуге ынталы болып, мектептегі домбыра үйірмесіне қатыстым. Нота дегендерді білмеймін, әуенді, ырғақты есту арқылы домбыраны да үйрендім. Сөйтіп 3-4 сыныптарда гитара, барабан секілді аспаптарда ойнай бастадым. Есейе келе, «Виа» атты вокалдық-инструменталды ансамбльде өнер көрсеттім. Уақыт өте «ямаха» музыкалық аспабы шығып, барлық той-томалақ, мереке кештерінде «ямаха» пернесінде ойнап, концерттерді жүргізген болатынбыз. Өзімде болмағасын, ауылға концертке, той-думандарға келген «ямахасы» бар адамдарға қызығып, елеңдеп, мөлейіп тұратын едік. Кішкене сыртқа шығып кеткенді пайдаланып, бір-екі басып, мәз болатынбыз. Ауылда кімнің үйіне барса, артынан аңдып, терезелерден сығалап қарап, тыңдап отырушы едік.

2002 жылы Өзбекстан мемлекетінен Қандыағашқа қоныс аударып келдік. Ол кезде 23-тегі жігітпін. Сол жылы №4 орта мектебіне музыка жетекшісі болып жұмысқа орналастым. 2009 жылы әуеллі Алла, екінші үлкен ағаларымның арқасында үйлі болдым. Бүгінде сол шаңырақта шүкір, ата-анам, келіншегім және 5 ұлыммен өмір сүріп жатырмын. Бала кезден әншілікті емес, музыкалық аспаптарда ойнауды армандағанымның арқасы болар, қазір барлық аспапта еркін ойнай аламын. 2019 жылы Орал қаласындағы Жаһанша Досмұхамедов атындағы музыкалық колледжін сырттай аяқтап, музыкалық білім алып шықтым. Қазіргі таңда аталмыш мектепте музыка жетекшілігімен қатар музыка пәнінің мұғалімімін. Менің жұмыс орным мектеп қабырғасында болғандықтан, көп уақытым балалармен өтеді. Олармен жұмыс жасау өте қызықты. Баламен бала болып кететінімізді де жасырмаймын. Себебі балалар шынайы, көңілдері пәк болады.

ЖАНЫМ ӘНШІЛІККЕ ЕМЕС, МУЗЫКА СҮЙЕМЕЛДЕУГЕ ЖАҚЫН

Музыка жетекшісі жәй ғана мамандық емес, оны кез келген мамандық тәрізді абыроймен алып жүру керек. Менің атқарып отырған қызметімдегі мәртебе – ол балалардың көзіндегі музыка тіліне деген қызығушылықтары. Мерекелік сценарийлерді құру, ойын-сауық бағдарламалардың жасалуы, көрнекі құралдарды, материалды уақтылы әзірлеу — осылардың барлығына тікелей қатысым бар. Мерекелік концерттерге, байқауларға балалардың әндерін дайындауға бұрынғыдай көп уақыт кетпейді. Себебі қазір техниканың, программалардың дамыған заманы. Мысалы, бір баланың әнін өңдеуге 2-3 сағат уақыт арнаймын.

Дуэт болса, уақыт 2 есе артады, солай кете береді, трио, квартет… Репертуарымда біраз әндер бар, көп әндерді өңдеп, әуенге басқаша рең бердім. Авторлық әндерім де бар. Жазған әндерім мүлде той стиліне жатпайды, көбіне лирикалық, туған жер және атаулы мерекелерге арналып жазылады. Өзім негізі ән айтуға құмар емеспін, тек хорларда, мектебіміздің «Дала сазы» ансамблінде ғана ән айтамын, жеке шығып ән айтуды онша жаным қаламайды.

ЖОСПАРДЫ ЖАРИЯ ЕТУГЕ БОЛМАЙДЫ

Көп жоспарларым бар, бірақ оны жарияламаймын. Бала кезден үлкендердің «жоспарыңды айтпа, орындалмай қалады» деген сөзі бойымызға әбден сіңіп қалғандай. Жалпы, біздікі сөзбен емес, іспен көрсету. Негізгі армандарымның бірі — білімді шәкірт тәрбиелеу. Шәкірттерім биіктерден көрінсе, үлкен аренада өнер көрсетіп, өзі қалаған шыңды бағындырғаны — мен үшін үлкен жетістік. Шәкірттерімнің әрқайсысы бүгінде музыка саласына өзіндік үлесін қосып жүр. Атап өтер болсам, Алмат Сматов, Арман Жиеналин, Маралбек Битенов, Гүлмира Төлеуова, Алтынбек Рашов, Ақтілек Көшербаев, Алмас Өтепбергенов, айта берсем көп. Бұл басы деп ойлаймын, алдағы уақытта музыка әлемінде биіктен көрінер шәкірт тәрбиелеуге жұмыс жасаудамыз.

БҮГІНГІ БАЛАЛАР ӨНЕРГЕ БИІМ

Қазіргі таңда музыка пәнінің өту процесібұрынғыға қарағанда аспан менжердей. Бүгінде программалар мүлдебөлек, қазірнебір-небірплатформалар бар, қызықты ойындар, идеялар көп. Балалар өз ойларын ашық айтады. Арасында дарындылары көп, тек соны таба, дамыта білу керек. Тек бір іш қынжылтатын дүние, әннің стилі қатты өзгеруде. Шетелге еліктеушілік, бұрмаланушылық етек алуда. Бала оңай әнге көп еліктеп кетеді. Жаңа заманның сәні деп қабылдайды, соған сай ән айту керек деп ойлайды. Себебі әлі бала, уақыт өте келе ойлары өзгереді, себебі біз де бала болдық, біздің де қызыққан кездеріміз болды. Бұлеліктеушіліктенқұтылу үшін рухани, мәдени білім беру керек. Ұлттық дүниетанымды кеңейту қажет. Міне, осы бағытта жұмыс жасап, осы қасиеттерді шәкірттерімнің бойларына сіңіруге тырысамын. Бүгінгінің балалары барлық аспапты үйреніп алуға бейім, ұмтылып, үйретіңізші деп тұрады. Олардың қалауларын барынша орындауға тырысамын.

МӘДЕНИЕТ ОШАҚТАРЫ МЕН МАМАНДАР ЖЕТІСПЕЙДІ

Маман тапшылығын жою үшін музыкаға жастарды көптеп тартып, қолдауымыз керек. Тегін үйірмелер ашып, жан-жақты қолдау қажет. Мәдени ошақтар да жетіспейді. Мысалы, таза вокалдан жоғары дәрежеде сабақ беретін вокал үйірмесі немесе орталық қажет. Себебі, бізде вокал үйрететін адам жоқтың қасы. Түрлі аспаптарды үйрететін үйірмелер көптеп ашылса екен деймін.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

 

Ұқсас ақпараттар

ЕСЕТ БАТЫР КӨКІҰЛЫНЫҢ 355 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНДЫ

admin_mugalzhar

ЕҢБЕГІ ЖАНҒАН АРУЛАР БАС ҚОСТЫ

admin_mugalzhar

ОҚУШЫЛАР «МҰҒАЛЖАР» РЕДАКЦИЯСЫНА КЕЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.