«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН ЖАНДАР

2021 ЖЫЛЫ ҮКІМЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҚАУЛЫСЫМЕН МАУСЫМ АЙЫНЫҢ ЕКІНШІ ЖЕКСЕНБІСІ МАЛШЫЛАР КҮНІ БОЛЫП БЕКІТІЛДІ. ЕҢБЕК АДАМДАРЫНЫҢ БЕДЕЛІН АРТТЫРЫП, ОСЫ САЛАДА ҚОЛ ЖЕТКІЗГЕН ЖЕТІСТІКТЕРІН КӨТЕРМЕЛЕУ МАҚСАТЫНДА БЕКІТІЛГЕН КӘСІБИ МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА АУДАН АУМАҒЫНДА МАЛ ӨСІРІП, КӘСІП ЕТІП ОТЫРҒАН ЖАНДАРДЫҢ БІРҚАТАРЫН СӨЗГЕ ТАРТТЫҚ.

Туған жердің төскейін мыңғырған малға толтырып, малшаруашылығын кәсіп етіп жүргендер көп емес. Ащысай ауылдық округіне қарасты Ақсу ауылында тұратын ағалы-інілі Ғылым мен Әлім Китеғұловтар әке жолын жалғап, ата-кәсіпті алға сүйреп жүрген еңбекқор жандар. Жастайынан еңбек етіп, шаруашылықтың қыр-сырын жетік меңгерген Ғылым ағамен хабарласып, нәсібіне айналған кәсібі туралы сұрап, білдік.

Әңгімесін әкесі Базарбек Китеғұловтан бастаған Ғылым аға: «Әкем Базарбек Кеңес үкіметі кезінде ауданға белгілі жылқышылардың бірі болды. Оның жастық шағы ашаршылыққа, одан қал-ды сұрапыл соғысқа тап келіп, еңбекке ерте араласуына тура келді. 50 жылдан астам еңбек етті. Еңбегі елеусіз қалмады. «Құрмет белгісімен», «Еңбек Қызыл Ту» орденімен бірнеше мәрте марапатталды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен түрлі мерекелік медальдарға ие болды. Осындай ұлағатты әкенің тәрбиесін көрген біздің атакәсіпті дамытып, мал шаруашылығымен айналыспауымызға қақымыз жоқ та секілді. Әкеміз-дің арқасында ерте жастан еңбекке араласып, шаруашылықтың мән-жайын жетік білдік», деп әңгіменің бағытын қожалық ашып, кәсіп бастаған уақытқа бұрды.

Олар сонау 1990 жылдары еліміз Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардағы тоқырау кезінде мал басын жоғалтпай, «Әлім» шаруа қожалығын ашып, мал өсіруге ден қойған. Әкеден қалған істі алға жылжытуды ағайынды екеуі өздеріне парыз санаған. Бүгінде олар 1000-нан астам отар-отар қойды, 300-ге жуық үйір-үйір жылқыны, 400-ден астам табын-табын сиырды, 10 түйені бағып, төрт-түліктің басын қосып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Әр малды бағудың өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, қойға кең өріс керек. Оны таңғы салқынмен өргізіп, іңірде әкелуі қажет. Таңмен өріп, кешкі салқынға жайылған мал жылдам қоң-данады. Уақытында тоғытып, жабағы жүні мен күздік жүнін қырқып тұру да маңызды. Ал сиырдан ет пен сүтті жақсы алу үшін жақсы күтім, қажет. Жылқы түздің малы болғандықтан үнемі қадағалап отырмасаң болмайды. Түйе малы шөлге шыдамды, күтімді көп қажет етпейтін малдың төресі. Бірақ біздің ауданда түйе етін пайдаланушылар аз. Етін өткізу қиын. Бірақ шұбатына жететін сусын жоқ, — деді Ғылым Базарбекұлы.

Бүгінде Ақсу ауылынан 50 шақырым жерде орналасқан шаруа қожалығына барынша жағдай жасап қойған. Өздері отбасымен сол жерде тұрып, шаруашылықты үнемі қадағалап отырады. Электр жарығы үшін күннен қуат алатын күн батареяларын орнатқан. Ауызсу үшін арнайы ұңғыма қазған. Бірақ округ аудан орталығынан шалғайда орналасқанына байланысты жол қатынасы қиындық келтіреді екен. Ғылым аға бүгінде малды қарасып, жәрдемшілік ететін жұмысшылардың жоғын жеткізді.

Қазіргі таңда жастар мал бақпақ түгілі, ауылға тұрғысы келмейді. Мал бағатын, ауыр техника айдайтын жұмысшы таба алмаймыз. Шөп шабу науқаны кезінде трактор жүргізетін маман іздейміз. Атқа міне алмайтындар да бар. Жастарымыз «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір», «Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген далалық сөздердің тереңіне дұрыс бойламай жүрау. Жәрдемші болса мал бағудың ешқандай қиындығы жоқ. Көмек қолы жетіспейді, — деді ол.

Шаруаны қынжылтатын мәселелер де жоқ емес. Оның сөзінше, мемлекет тарапынан мал шаруашылығының жүруіне бөлініп жатқан көңіл аз екен. Малдың етін өткізу кезінде импортпен келген еттер базарды жаулап алып, өнімнің бағасын түсіретін көрінеді.

Малды сойып, етін сату өзі үлкен шаруа. Ауылшаруашылығына тиісті деңгейде көңіл бөлінбей тұр. Үкімет басындағылар малдың жүнін, терісін қабылдайтын орталықтар ашып, мүмкіндік жасаса, жақсы болар еді. Бүгінде солардың барлығы пайдаға аспай далада шіріп босқа қалып жатыр. Біз шаруалар тегін ештеңе сұрамаймыз. Маңдай термен баққан малымыздың етін, терісін, жүнін қабылдайтын арнайы орындар ашса, біздің де бір тынысымыз ашылар еді. Бұрын азын-аулақ мемлекеттен субсидия алатын едік. Бүгінде оны да қысқартып жатыр. Техникалар өте қымбат, бағалары аспандап тұр, — деп қынжылды Ғылым аға.

Соның айтуына қарағанда, соңғы жылдардағы құрғақшылықтың салдары жайылымдық жерлерге өз зиянын тигізуде. Кезінде барлық совхоздың малына азық болған жайылымның шөбі, жаз басталмай қурап, аз ғана малдың тұяғына тақыр болып, құнарсызданып қалады екен. Ғылым Базарбекұлы ауылдың да тыныс-тіршілігімен тығыз байланыста. «Туған жерге тағызым» акциясы аясында ауыл мектебіне демеушілік жасап, көмегін беріп тұрады.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ЖАНАМ ДЕГЕН ЖАСТАРҒА ОТ БЕРЕТІН…

admin_mugalzhar

ТӘРТІП САҚШЫСЫ — АСЫЛБЕК

admin_mugalzhar

«ИДЕЯДАН ІСКЕ» КІШІ ГРАНТТАР БЕРУ БАЙҚАУЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.