«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЗАҢГЕР: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАРДАП ШЕКПЕЙДІ

Бүгінде көп адамға сапалы құқықтық кеңес қажет-ақ. Бірақ заңгер қызметінің бағасы барлығына бірдей қолжетімді емес. Осыны ескерген біз тұрақты айдарымыз «Маман мінберіне» мұғалжарлық заңгер, кәсіби медиатор Гүлзия ИМАНБАЕВАНЫ шақырдық. Тұрғындар сала маманына өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Сұрақтың көпшілігі азаматтық, отбасылық және еңбек мәселелері бойынша болды. Заңгер мұңын шаққандарды мұқият тыңдап, заңдық тұрғыда сауатты кеңес берді. Сонымен…

ОҚЫРМАН: — Менің күйеуіммен ажырасқаныма 2 жылдан асты. Сотпен ажырасып, алимент төлеу туралы шешім шығарған болатын. Басында аздап төлеп жүрген еді. Бірақ кейін алимент төлеуден жалтарып жүр. «Жұмыс жасамаймын» деп сан түрлі сылтау айтады. Алиментке қарызы 2 млн-ға жетіп жығылады. Ортақ төрт баламыз бар. Енді алиментті қалай өндіріп аламын? Не істеуге болады?

ЗАҢГЕР:Алимент өндіретін сот бұйрығы қай жеке сот орындаушыға түсті, соған арыз жазады. Алиментті ала алмай жүргендігі бойынша, оған әкімшілік шара қолданады. Одан кейін тағы да 3 ай төлемесе, қылмыстық іс қозғайды. Бұл жерде жеке сот орындаушы да борышкердің жұмыс жасайтын, жасамайтындығы туралы тексеріс жүргізуі қажет. Егер борышкер жұмыс жасамаса, мәжбүрлі түрде жұмысқа орналастыру керек. Ал оны таба алмаса, ол кезде іздеу салып, басқа да жұмыстар жасап, қайткенде де борышкерден алиментті өндірту үшін жұмыстану қажет. Сот орындаушысы тиісті жұмысын атқармаса, үстінен шағым жазуға құқыңыз бар.

ОҚЫРМАН: — Менің екі қызым бар. Жолдасым өмірден өткеннен кейін үлкен қызымды күйеуімен қолыма шақырып, бірге тұрыпжатырмыз. Күйеуімнен қалған үйді қызыма күйеуі «өзіңе аудартып ал» деп қоймай жүрген көрінеді. Бірақ мен күйеу балама сенбеймін. Себебі құмар ойындарын ойнайды. Үйді қызымның атына жазып берсем, күйеу балам өзінің де үлесі барын айтып, дауласып, ойынға салып жібере ме деп қорқамын. Не істесем болады? Қызым да күйеуінің ығына жығылып, аударып бергенімді қалап жүр.

ЗАҢГЕР:Егер сіз үйіңізді қызыңыздың атына сыйлық/дарственный етіп аударып берсеңіз, сол кезде күйеуі мүлік үшін таласа алмайтын болады. Ал екеуіне де аударылса, үйдің үлесі күйеу балаңызға да тиесілі болып, сіз ойлаған нәрсе орын алуы ықтимал.

ОҚЫРМАН: — Інім әйелімен ажырасып кеткен еді. Ортақ 3 баласы бар. Бүгінде бұрынғы әйелі балаларын көрсетпейді. Алиментін тұрақты төлеп отыр. Балаларын сағынып жүреді. Осы тұрғыда заңды кеңес берсеңіз.

ЗАҢГЕР: — Егер балалардың анасы балаларымен қалада тұрса, ол кезде білім бөліміне барып, баламен кездесу кестесін жасату керек, бала 3 жастан асқан жағдайда әкесі қонуға алып тұруына болады. Тіпті, бірнеше күнге дейін алуына болады. Бұл жерде әке мен баланың кездесу тәртібін жасайды. Егер балалардың анасы көнбесе, ол кезде сот арқылы жасату қажет болады. Балалардың әкесінің құқығы анасындай, 50/ 50 пайыз. Толықтай өз балаларымен кездесуге құқығы бар, уайымдаудың қажеті жоқ.

ОҚЫРМАН: — Мен ғаламтор алаяғына алданып қалдым. Интернет арқылы тұрмыстық техника сатып алу үшін төлем жасап, сан соғып қалып отырмын. Ақша аударған адамның телефоны сөніп жатыр. Енді не істесем болады? Кімге хабарласамын. Күйеуіме айтпадым, білсе не боларын білмеймін.

ЗАҢГЕР: Затты алған күннен бастап 14 күннің ішінде сізді алдап кеткен компания басшылығына арыз жазуыңыз қажет. Егер олардың жауабы сізді қанағаттандырмаса, болған жағдайды баяндап, сотқа жүгінуге болады. Ол кезде ақшаны аударғандығы бойынша квитанцияны сақтап қалу керек. Полицияға барып, арыз жазуға да болады.

ОҚЫРМАН: — Ертеректе отбасыммен ажырасып, балаларымнан бөлек тұрдым. Бірақ балаларымнан барымды аямадым. Алименттен бөлек, басқалай да көмегімді бердім. Бүгінде денсаулығым сыр беріп, жағдайым нашарлады. Өзімді қарауға өзімнің шамам келмей қалды. Жалғыз тұрамын. Бүгінде балаларым ер жетті. Бірақ балаларым маған қарайламайды. Мені қолдарына алып, қараса деп өтініш жасағанмын. Бірақ мені қарағысы келмейді. Менің не істеуіме болады?

ЗАҢГЕР:Егер балаларына алиментті уақытылы төлеген болса, қартайған кезде балаларынан сот арқылы алиментті төлетуді міндеттей алады. Қазірде бірге туған бауырлар болса да бір біріне жандары ашымайтындар өте көп. Сол себепті ешқандай мойымай өз күшіне сеніп, қайткенде де алға қарай тырмысу жолдарын іздеу керек деп ойлаймын. Біреуге сеніп, көмек күтудің керегі жоқ. Екі қолға бір күрек табылады. Жаңа өмірді бастау үшін жас-кәріге қарамайды. Кез келген уақытта адамның жаңаша өмір сүругемүмкіндігі бар. Менің ойымша, осындай жалғыз басты адамдарға алғашқы қол ұшын беру үшін бір топ ұйымдастырып, психологиялық мотивация беріп, жұмыстар жүргізу керек секілді. Шын мәнісіне келгенде, қазіргі жағдай өте төмен, ең болмаса алғашқы көмектерін берсе де, оның өзі демеу болар еді.

ОҚЫРМАН: — Біз анамызды кішкене кезімізде тастап кетті деп ойлап жүрдік. Себебі үлкендер солай айтқан болатын. Тіпті оны аналық құқығынан айырып тастаған екен. Анамыз жақында қайтыс болды. Ол кісі осы уақытқа дейін психикалық ауруға шалдығып, ұзақ уақыт ауруханада жатқан екен. Садақасын перзенті ретінде ағамыз екеуміз барымызша атқардық. Мен өзімнің жұмыс орныма қайтқаны туралы құжатты тапсырып, материалдық көмек ала аламын ба? Себебі ақша қай уақытта да артық етпейді әлі жасайтын садақалары бар.

ЗАҢГЕР:Әрине, өкінішті жағдай. Анасы қайтыс болғандығы туралы анықтама алып, жерлеу рәсіміне көмегін ала алады.

ОҚЫРМАН: — Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын едім, жұмыстан қысқарып қалдым. Маған қандай көмек болады?

ЗАҢГЕР:Жұмыстан қысқарған кезде аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Барып тіркелген болсаңыз, сізге алты ай көлемінде жәрдемақы төленеді.

ОҚЫРМАН: — Қайта-қайта «банктенмін» деп хабарласушы алаяқтар көбейіп кетті. Бір нөмірін бұғаттасаң, келесісінен хабарласады. Өзімді олардан заңды түрде қалай қорғай аламын?

ЗАҢГЕР: — Танымайтын телефонмен хабарласып, қорқынышты сөздер айтып, балағаттау, тағы басқа жағымсыз сөздерді телефонның жазбасына жазып алыңыз. Оны полицияға дәлел ретінде беріп, арыз жазып, шағымдануыңызға болады.

ОҚЫРМАН: — Дүкеннен киім сатып алғанмын. Үйге келгесін балама сыймайтынын көріп, қайтып апарсам, ақшасын қайтармайды. «Сол суммаға басқа нәрсе алуыңыз керек, біздің заң солай» дейді. Дүкен иесінің бұл әрекеті заңды ма?

ЗАҢГЕР:Алған затыңызды 14 күннің ішінде қайтарып беруге немесе алмастыруға толық құқығыңыз бар. Ол үшін сатып алғаныңызды дәлелдейтін чегіңізміндетті түрде қажет болады. Қайтармаған жағдайда сотқа арыз түсіріп, шағымдануыңызға толық құқыңыз бар.

ОҚЫРМАН: — Қызыма алимент төлеп отырмын, бірақ бұрынғы келіншегім баламмен араластырғысы жоқ. Не істей аламын?

ЗАҢГЕР:Әкемен баланың кездесу тәртібін медиатор немесе сотқа жүгініп жасатуға болады. Жалпы ата-ана жауапкершілікті сезінуге міндетті. Сонда ғ ана болашақ- та барлық бала мейірімді болып өседі. Бүгінде атааналар арасында ажырасу көп, егер ата аналармен бірге тұрса, олар жұмысбасты болуы мүмкін, ол балаларды ата-анаемес, бөтен адамда ртәрбиелейді. Яғни, бала күтушілер, балабақша тәрбиешілері. Ал әке-шешенің махаббатын толық сезінбей өскен бала ертең жақындарынада қамқорлық көрсетуден бас тартып, ата-анасын қарттар үйіне өткізер болса, кімді айыптамақпыз? Бұл жерде кінәлі әркезде ересектер, уақытылы қателіктерді жіберіп алып, артынан өкінеміз, ол дұрыс емес, жауапкершілік деген сөзді ұмытпауымыз керек.

ОҚЫРМАН: — Жұмысқа кіргіземін дегесін бір кісіге ақша берген едім. Бірақжұмысқа тұрғыза алмады. Ақшамды да қайтармады. Қолхат та жаздырып алмаппын. Жақсы танысым болатын. Оған заң жүзінде қандай шара қолдануға болады. Ақшамды қалай қайтарып аламын?

ЗАҢГЕР:Ақшаны қайтарып алуға болады. Егер қолхат немесе ватсап жазбалары, аудио жазбалары болса ғана. Сонымен қатар куәлер болса да, сотқа жүгініп қайтаруға мүмкіндік бар.

ОҚЫРМАН: — Мен бірінші балаларымнан бөлек, екінші жолдасыммен тұрамын. Себебі балаларым ер жетті. Өз отбасылары бар. Мен баламның атына өз үйімді уақытша аударып берген едім. Енді үйімді өзіме аударып беруімді өтінсем, мүлікке екінші күйеуімнің ортақтасатынын, банкте қарыздарымның барын айтып, аударып бермейжүр. Балама бұған дейін өзіне үй алып бергенмін. Аударып алу үшін қандай шаралар қолдануға болады?

ЗАҢГЕР:Егер некеде бірге тұрып, бірге алынған үй болса, мүлік екі тарапқа бөлінеді. Егер балаңыз бен келініңіз үйді сыйлық есебінде нотариус арқылы сіздің атыңызға аударып берсе, жолдасыңызбен бөлініске түспейді. Сіз басқа балаларыңызбен бірге тұрып жатқандықтан жалғыз баспана болса, үйіңізді ешкім ала алмайды.

ОҚЫРМАН: — Ұлым жұмыс барысында ауыр жарақат алып, ІІ топ мүгедегі болып қалды. Еңбек инспекциясы 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі деп қорытынды шығарды. Мекемесінен материалдық, моральдық шығын өндіріп алуға бола ма?

ЗАҢГЕР:Әрине, болады. Еңбек инспециясының құжаттарымен бірге, ІІ топтағы мүгедектігін дәлелдейтін куәлігі болғандығының негізінде сот арқылы өндіруге мүмкіндіктер көп. Мертігу, кәсіптік ауру немесе денсаулығының өзге де зақымдануы нәтижесінде азаматтың мүліктік шығыны оның еңбекке қабілеттілігінен айырылуына немесе оның азаюына байланысты толық немесе ішінара айырылған табысынан айырылуынан, сондай-ақ азаматтың денсаулығына байланысты көтеруге мәжбүр болатын қосымша шығыстардан көрініп тұруы мүмкін. Орташа айлық жалақыны ескере отырып, ҚР АК 938-бабына сәйкес жоғалған табыс (табыс) түріндегі залал екі фактор ескеріле отырып айқындалады. Жәбірленушінің орташа айлық жалақысы денсаулығының зақымдануыне еңбекке қабілеттілігінен айырылу басталғанға дейінгі жұмыстың 12 айындағы жалақысының жалпы сомасын 12-ге бөлу жолымен есептеледі. Егер жәбірленуші зиян келтірген уақытқа12 айдан аз уақыт жұмыс істесе, орташа айлық табыс денсаулыққа зиян келтіргенге дейінгі айлардың нақты жұмыс істеген айларының жалпы сомасын осы айлардың санына бөлу арқылы есептеледі. Жәбірленуші зиян келтірілген сәтте жұмыс істемеген жағдайда, оның қалауы бойынша орташа айлық жалақының мөлшері екі тәсілмен белгіленуі мүмкін. Не жұмыстан шығарылғанға дейінгі оның орташа айлық жалақысын айқындау жолымен не осы жердегі қызметкердің біліктілігі сыйақысының әдеттегі мөлшерін, бірақ заңда белгіленген АЕК-тен кемінде он еселенген мөлшерін есепке алу жолымен. Уақытша еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда, азамат, әдетте, толық еңбекке жарамсыз болып саналады, сондықтан осы кезеңде өзінің барлық табысынан айырылады. Уақытша-емдеу мекемесі белгілейді және аурухана парағын берумен куәландырылады. Еңбекке қабілеттілігін тұрақты жоғалтуды мемлекеттік медициналық-әлеуметтік сараптама қызметінің мекемелері айқындайды және толық немесе ішінара болуы мүмкін. Еңбекке қабілеттілігінен тұрақты айырылу дәрежесі азаматты I, II немесе III топтағы мүгедек деп тануға негіз болады.

Сұрақтарды жинаған: Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

ӘРБІР БАЛА — БІР ЖҰЛДЫЗ

admin_mugalzhar

Тұрғындар кәріз жүйесіне неге қарсы?

admin_mugalzhar

«SAUNET BOXING» КУБОГІ ӨТТІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.