«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӨРТ — АЙТЫП КЕЛМЕЙТІН АПАТ

Тілсіз жаудың түгімен жұтатын қасіреті бар. Оған күні кешегі Абай облысында болған апатта куә болдық. Өрттің орын алуына тек табиғи жағдай ғана емес, адамның салғырттығы мен бейқамдығы да әсер ететіні рас және бұл өкінішке орай, орын алған оқиғаның басымында солай. Ал біздің әрқайсысымыз осы апатты болдырмау, сақтану, алдын алу шараларын білеміз бе? Өрт болған Т жағдайда не істеу керек? Бүгінгі аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мақсат Рятовпен сұхбатта осы сұрақтарға жауап іздедік… Сонымен…

Ата-бабамыз «жеті жұтқа» балаған өртті тілсіз жауға теңегені де бекер емес болар. Расымен өрт жер мен уақытты таңдамайтын апат түрі. Соның ішінде жаз мезгілінде өрттің өршуі тым басым. Өрттің шығуына тікелей әсер ететін факторлар қандай?

Өрт — аса қауіпті апат түрі. Бір тал сіріңкенің өзі бір алқапты шарпуға қауһарлы. Өрттің бір себепкері де қарапайым халықтың жаз айларында бұл қауіпті елемей, немқұрайлы қарауынан болып жатыр. Шілденің шіліңгірінде орманның көлеңкесін пана қылып, демалыс құрып, сол жақта түрлі ас әзірлеп, отын жағып жатады. Салдарынан дұрыс өшірілмеген жерден өрт пайда болып, қаншама шығын шығуда. Далалық өрт деп жеңіл-желпі қарамау керек. Далалық  алқаптарда тұтанған өрт маңайындағы елді мекендерге де қауіпті. Адамдардың  денсаулығына зиянын тигізіп, сақтанбаса, өмірлерін де жалмау қатері басым. Үлкен материалдық шығын әкеледі. Сондықтан өрт қаупіне әр кез абай болу керек.

Егер сіз атап өткен салғырттық кесірінен өрт орын алса, кінәлі деп анықталған адамға айыппұл салына ма, салынса, оның мөлшері қанша?

ҚР-ның әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410 бабының І тармағына сәйкес өрт қауіпсіздік ережелерін бұзған тұлға егер шығын шығарған болса, өрт кезінде жарақат алғандар, қаза тапқандар анықталса, сонымен қатар 1 жылда екі немесе одан да көп өрт қауіпсіздік ережесін бұзған болса, жеке тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынады. Ол 34500 теңгені құрайды. Ал егер де шығын шықпаған болса, бірінші рет ескерту жасалады.

Жалпы өрттің шығу себебі мен алдын алу шаралары қандай?

От жағудың өз ережелері бар. Егер оны сақтамаса, алаңсыз демалыс азапқа айналуы әбден мүмкін. Отты 0,5 метрден кем емес минералдық жолақпен қорғалған орында жағу керек. Ол қылқан жапырақты ағаштардан, ағаш бұтақтарынан, құрғақ шөптерден қашық болуы шарт. Сондай-ақ, демалған орыннан қайтар кезде отты міндетті түрде сөндіріп кету керек. Егерде жақын жерде су болмаса, оны топырақпен көміп, от шоқтары әбден сөніп болғанша оның қасынан кетпей, қадағалаған жөн. Орман немесе далалық аумақтар күн сәулесі түсетін ашық алаңдарға тасталған шыны бөтелкесінен немесе соның сынығынан да тұтануы мүмкін. Өйткені ондай заттарға түскен сәуле шоғырланып, тұтандырушы линза сынды әсер ете алады. Сондықтан банкілер мен шөлмектерді серуендеушілер өздерімен бірге алып кетуі немесе жердің астына көміп кетуі керек.

Жалпы осы орайда «Мұғалжар» газетінің редакциясына алғысымды білдіремін. Бірлесіп жұмыс жасау нәтижесінде газетке алдын алу шаралары туралы түсіндіріп, жүргізілген жұмыстарды жариялап отырмыз. Бұдан бөлек әр ауылдық округтің әкімдерімен тікелей байланыстамыз. Таралымы тез әрі бәрі қолданатын әлеуметтік желілердегі парақшалардың бәріне хабарлап, таратамыз. Аудиожазбалар әзірлеп, арнайы радиорубка арқылы тұрғындарға үгіт-насихат жұмыстарын үздіксіз жүргізіп отырамыз. Теміржол вокзалы, мешіт тәрізді дыбыс тарату құралдары бар орындарға барып, арнайы хабарландыру жұмыстарын кестеге сәйкес жүргізіп келеміз. Қазіргі таңда бізде үш жақты меморандум құрылып жатыр. Яғни ауылдық округтің әкімдері, шаруа қожалығының басшысы және төтенше жағдай бөлімі бірлесе өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Себебі қазір шөп шабу науқаны басталды. Дала өртінің басты шығу себебі де мал азығын дайындайтын ауылшаруашылық техникаларының ұшқын шығарғышынан шыққан ұшқыннан, далада жатқан әйнектен, адамдардың абайсызда от қолдануынан (темекі тұқылы, сіріңке, тамақ әзірлегеннен соң отты сөндірмей тастап кетуінен) пайда болуына байланысты ауылшаруашылығына қажетті техникаларды киізбен, өрт сөндіргіштермен, басқыштармен қамтамасыз ету мақсатында осындай меморандум жүруде.

Өрт болған жағдайда адамдар бірінші нені ескеруі керек?

Егер сіз орманда немесе далалықта өрттің куәсі болсаңыз, мына талаптарды сақтаңыз, абыржымаңыз және үрейленбеңіз, жағдайды талдаңыз, өрт ошағының шекарасын, оның таралу бағыты мен жылдамдығын анықтаңыз, өз күшіңізбен өртті сөндіруге мүмкіндігіңіз болмаса, қауіпсіз жерге шегініңіз, төңіректегі биік жерге немесе биік ағашқа шығып, жан-жағыңызды мұқият қараңыз және эвакуациялану жолын белгілеп алыңыз. Өрттің орны, көлемі және сипаты туралы өртке қарсы қызметке «101», «112» телефондарына хабарлаңыз, жақын маңдағы барлық адамдарға қауіпті аймақтан шығу қажеттілігі туралы ескертіңіз. Өрттің оты шарпымайтын жел жағына қарай қозғалыңыз. Немесе от ошағын тыл жанынан айналып өтуге тырысыңыз.

Өткен жылы және биыл жыл басынан бері қанша оқиға тіркелді?

2022 жылы аудан бойынша 10 дала алқабының өртенуі орын алған болатын. Жанған аумақтың көлемі 250 гектарды құрады. 2023 жылдың жазғы өрт қауіпті кезеңі басталысымен аудан көлемінде 3 дала өртінің жануы анықталып, 50 гектар дала алқабы қызыл жалынға ұшырады.

Ауданда қанша өрт сөндіру бөлімшелері бар? Олар техникалық базамен толық қамтылған ба? Өрт сөндіру бөлімдерінде қанша маман қызмет атқарады?

Аудан бойынша 37 ерікті құрылымдары 232 ерікті өрт сөндіру жасағын қамтиды. Олар жалпы саны 57 техникалық жабдықпен қамтылған. Аудан бойынша мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінде барлығы 48 құтқарушы қызмет атқарады. Ерікті өрт сөндіру жасақтары арнайы киімдермен жабдықталған. Арнайы оқу орталықтарынан курстан өтті. Аудан бойынша далалық алқаптарда өрт пайда болған кезде өрт сөндіру автокөліктерінің табиғи су көздерінен су алуына ыңғайлы болуы үшін 2 округте (Құмсай ауылында және Жем қаласында) пирстар жасалып, пайдалануға берілді. Қосымша Еңбек ауылдық округі Темір көпір ауылынан, Ақкемер ауылдық округі Көтібар батыр ауылынан, Жұрын ауылдық округі Көлденең Темір ауылынан, Қ.Жұбанов ауылдық округі Жанатұрмыс ауылдарынан пирс қондыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда ауданда 9 өрт сөндіру бекеттері жұмыстарын жасап тұр. Олар: Қ. Жұбанов, Жұрын, Батпақкөл, Құмсай, Егіндібұлақ, Еңбек, Ақкемер, Құмжарған, Ащысай ауылдық округтерінде орналасқан. Осы өрт сөндіру бекеттерінің бесеуі арнайы өрт сөндіру техникаларымен жабдықталған. 2023 жылы «Өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңмен құрудың жол картасына» байланысты Мұғалжар ауданының Қайыңды, Мұғалжар, Талдысай ауылдарынан өрт сөндіру бекеті 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап құрылды.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫНА АЙНАЛҒАН ҚАЛА

admin_mugalzhar

«ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ»: МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ШАБАНДОЗДАР БӘЙГЕ АЛАҢЫНДА

admin_mugalzhar

ЕМБІЛІКТЕР РЕФЕРЕНДУМҒА ЕРЕКШЕ АТСАЛЫСУДА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.