«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АЛҒАШҚЫ МЕТАЛЛУРГИЯ МҰҒАЛЖАР ЖЕРІНДЕ ПАЙДА БОЛДЫ

МҰҒАЛЖАР ТАУЫНДА ЖҮРГІЗІЛГЕН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР АЛҒАШҚЫ МЕТАЛЛУРГТЕРДІҢ БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗҒА ДЕЙІНГІ ІІІ МЫҢЖЫЛДЫҚТА-АҚ ПАЙДА БОЛҒАНЫН ДӘЛЕЛДЕЙДІ. БҰЛ ТУРАЛЫ 16 ШІЛДЕ — МЕТАЛЛУРГТЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ДАЙЫНДАЛҒАН АРНАЙЫ МАТЕРИАЛДА ТАРҚАТАМЫЗ.

Қазақстан жерінде металлургия кәсібі өте ерте заманда пайда болған. Алғашқы қауымдық құрылыстың өзінде Қазақстан жерінде металлургияның белгілі формасы болғаны анықталған. Қазақ КСР Ғылым Академиясы археологиялық экспедициялары Орталық Қазақстандағы Атасу маңынан көне заманның мыс қорытатын ескі пештерін тапқан. Бұдан 3 мың жыл бұрынғы осынау пештер сол заманда бұл өлкеде металлургияның едәуір дамығанын байқатады. 1767- 1774 жылдары Қазақстанды зерттеген Петер Симон Паллас Алтай тауларында қорғасын, күміс кендерінің қазылған орындары көп екенін айтқан.

1771 жылы Қазақстанда болған Н.Рычков Ұлытау маңында (Жезқазғанға жақын жерде) «..сол елді мекендеген халық қазған мыс кенінің көптеген орындарының болуы алтын мен күміс кендерін қазғандығын аңғартатын белгі сияқты» — деп жазған. Ғалымдардың айтуынша, қазақ даласында көне заманда түсті металл, көмір кендері қазылған. Жоңғар Алатауының теріскей беткейінде (Текеліде) т.б. жерлерде қазақ тайпалары кен қазған. 19 ғасырдан-ақ тау-кен зауыттары пайда бола бастайды. Қазақстан қара және түсті металлургиясының қалыптасуы ең алдымен тау-кен зауыты кәсіпорындарынан басталады. 19 ғасырдың аяқ кезінде тау-кен зауыттық өнеркәсібі дамуының 2-кезеңіне жетеді. Бұл кезде пайдалы кен орындарын игеру үшін ірі-ірі капиталдар жұмсайтын қоғамдар құрылады. Қазақстан өнеркәсібі, оның ішінде металлургия Октябрь революциясынан кейін ғана дәуірлеп өсе бастады. 1920 жылы Жезқазған, Нілді (Успенск), Риддер рудниктері мен зауыттары жұмыс істеді. 1921 жылы Риддер руднигі алғашқы рудасын берді, ал Кеңес өкіметінің 10 жылдығына (1927) риддерліктер тұңғыш қазақстандық қорғасынды тарту етті. Бір жылдан кейін Қарсақбай мыс қорыту зауыты қатарға қайта қосылады. Қазақстан өткен ғасырдың 30 жылдарында түсті металл қорлары жағынан КСРОдағы республикалар арасында 1- орын, көмір өндіруден 3-орын алды, металлургия бойынша екінші орында болған.

1956-1965 жылдар арасындағы кезең Қазақстан үшін экономиканың жедел өркендеуінің жаңа бір сатысы болды. Бұл тың және тыңайған жерлерді игерудің басталуымен сәйкес келді. Қазақстан өнеркәсібі, оның ішінде металлургиясы үшін 1965-1975 жылдар онан әрі өрлей өркендеу кезеңі болды. Сол уақыттарда түсті металлургия саласына жаңа техниканы енгізу жөнінде 500-ден астам аса маңызды шаралар жүзеге асырылды. Бұл өндіріске жұмсалатын шығынды 75 млн сомаға дейін кемітуге және еңбек өнімділігін 7,5%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Тау-кен жұмыстарында руданы ашық әдіспен өндірудің үлесі 1976 жылы 45% болды. Тау-кен жұмысын шығару дәрежесі жылына 90 млн м3 — ге жетті.

Еліміз тәуілсіздік алғаннан кейін металлургия саласы шатқаяқтап, дағдарысқа ұшырады. 1991 жылмен салыстырғанда 1992 жылы өндіріс көлемі күрт азайып, өндірілген ұлттық табыс 1991-1993 жылдары 1976 жылғы деңгейге дейін төмендеп, жалпы құлдырау 38,2% болды. 1995-1997 жылдары макроэкономиканы тұрақтандыру бағдарламасы қабылданғаннан кейін, қолданылған шаралардың нәтижесінде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 1994 жылмен салыстырғанда 1997 жылы 14,1 млрд теңге деңгейіне дейін көбейді.

1998-1999 жылдарда Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Жалпы ішкі өнімнің нақты көлемі 2,7%-ға артты. 2000 жылдан кейін Қазақстан экономикалық өрлеу жолына түсіп, 2002 жылғы мәлімет бойынша өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемінде түсті металлургияның үлесі 11%, әлем бойынша мыс өндірудегі үлесі 2,3% болды. Қазақстан темір кентасының қоры жөнінен әлемде 8-орында. Оның әлемдік қордағы үлесі 6%. Елде өндірілетін темір кентасының 70%-дан астамы экспортқа шығарылады. Қазақстанның қара металлургиясы өнеркәсіп өнімі көлемінің 7%-ға жуығын өндіреді. Мұндағы аса ірі кәсіпорын Қарағандыдағы Испат Кармет металлургия комбинаты, ол шойын мен дайын қара металдар қақтамасының 100%-ын және болаттың 90%- дан астамын өндіреді. Бұл комбинат өнімі ТМД елдері мен алыс шет елдерге экспортқа шығарылады. Лондондағы Уран институтының есебі бойынша, әлемде барланған уран қорының 25%- ы Қазақстанда.

1996-1997 жылдары кен байыту және металлургия кәсіпорындарын бірыңғай технологиялық тізбекпен байланыстырған ірі бірлестіктер құрылды. Олар — «Қазмырыш», «Қазақмыс» копорациясы, «Қазақстан алюминийі», «Испат Кармет» ААҚдары, «Қазхром» Ұлттық акционерлік компаниясы.

Ал Ақтөбе жерінде алғашқы металлургтер біздің заманымызға дейінгі ІІІ мыңжылдықта пайда болған. Бұл деректі 2019 жылдары облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры қызметін атқарған Аслан Мәмедов журналист Бауыржан Бабажанұлына берген сұхбат барысында: «Біздің облыс аумағының пайдалы қазбаларға бай екені баршаға белгілі, алайда сол қазбалардың қай кезден игеріле бастағанын көпшілік біле бермейді. Мұғалжар тауында жүргізілген археологиялық зерттеулер барысында анықталғандай, Ақтөбе жерінде алғашқы металлургтер біздің заманымызға дейінгі ІІІ мыңжылдықта-ақ пайда болған. Бұл, ең алдымен, мыс өндірумен байланысты екенін атап көрсету керек. Ұзақ уақыт бойы зерттеушілер Батыс Қазақстанда ежелгі замандарда мыс пен алтын өндірісі болмаған деген болжамды ұстанып келді. Алайда өткен ғасырдың 60-80-жылдарында геологтардың Мұғалжарда жүргізген барлау жұмыстарының нәтижесінде, бұл болжамды жоққа шығаратын деректер алға тартылды. 2007- 2008 жылдары облыстық тарих, этнография және археология орталығы ежелгі металлургияға қатысты ескерткіштерді іздеуді қолға алып, Қазақстан-Ресей халықаралық экспедициясын ұйымдастырды. Осы жұмыстар барысында бұдан 4-5 мың жыл бұрынғы ондаған кен орындары мен адамдар мекен еткен қоныстардың орны анықталды, — деп келтірген.

Оның сөзінше, археологиялық қазба жұмыстары кезінде, негізінен, алтын, қола және темірден жасалған бұйымдар көбірек кездеседі екен. Мысалы, көне зираттардың бірінен қоладан жасалған жүзден аса жебе ұшы шықса, енді бірде табылған қола қазанның салмағы он келіден көп болған. Металл бұйымдардың мұндай мол көлемде табылуы — ежелгі көшпенділердің металл өңдеуді жақсы меңгергеніне дәлел. «Біздің жеріміздегі көне ескерткіштер арасында Елек өзені бойынан табылған Бесоба, Сынтас, Күміссай қорымдары ғылыми ортаға көбірек танымал. Бұлар өткен ғасырдың 70-80-жылдарында зерттелген. Осы қорымдардан табылған қола бұйымдар спектралдық талдау әдісімен зерттеліп, нәтижесінде, олардың Мұғалжар мен Маңғыстаудағы Қаратаудан өндіріліп алынған жергілікті шикізаттан жасалғаны анықталды», — деп түйіндейді ол. Оның сөзінше, кейбір зерттеулер Солтүстік Кавказ бен Украина жеріндегі ежелгі көшпенділер дәуіріне жататын скиф қорғандарынан табылған қола бұйымдардың төрттен бірінің Мұғалжарда өндірілген шикізаттан жасалғанын көрсеткен. Бұл сол замандарда Ақтөбе жерін мекендеген адамдардың алыс жұрттармен байланысы болғанын да айғақтайды екен.

Ақтөбе облысы теңдессіз минералды-шикізат базасын иеленіп жатыр. Облыстың территориясында көмірсутекті шикізатының, (мұнай, газ және газ конденсаты) Қазақстан территориясындағы барланған қорының 10% және болжамды ресурстарының 30%, сондай-ақ, республикадағы жалпы қордан отандық хромның барлық қоры, никель — 55%, титан — 40%, фосфор — 34%, мырыш — 4,7%, мыс — 3,6% , алюминий — 2%, көмірдің 1,4% жинақталған. Облыс әлемде хром рудасы қорының — 400 млн тн. Шамасы мен бірінші орынды, Қазақстанда мыс рудасынан және өндірістік мұнай қорынан үшінші орынды, газ қоры бойынша Республика бойынша төртінші орынды иеленеді. Облыстағы экспортқа бағытталған металлургия саласындағы ірі кәсіпорындары — «Казхром» ТҰҚ ААҚ-ның құрамындағы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты және Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» ААҚ-ның өнімдері таяу және алыс шетел рыноктарында кеңінен танымал. Облыс тау-металлургия, химия, мұнай өнеркәсібі және аспаптық жабдықтаудың қуатты базасы саналады. Қазақстанның барлық хром рудасы, хром тұздары өндірісі, рентгенаппаратура және республика бойынша өндірілетін ферроқорытпаның 45% шығаруды топтастырды. Өнеркәсіп өндірісінде түрлі меншіктегі 686 шамасында кәсіпорын істейді. 2002 жылы олардың шығарған өнімдері 139,3 млрд теңгені құрады.

Мұғалжар ауданының аумағында орналасқан «AltynEx Company» АҚ Тау-кен металлургия комбинатының жобалық қуаттылығы жылына 5 млн тоннаға дейін алтыны бар кенді қайта өңдей алады. «Юбилейное» кен орнындағы жалпы минералды ресурстар 86 тоннаны құрайды. «AltynEx Company» ТМК жобасына кеніш құрылысы, алтын өндіру фабрикасының құрылысы, сыртқы инфрақұрылым қуаттарын ұлғайту, ТМК ішкі инфрақұрылымын дамыту кіреді. Аталған мекеме заманауи жабдықты қолдана отырып, жаңа технологиялық және цифрлық шешімдерді қолдану «AltynEx Company» АҚ инновациялық жоғары технологиялық жобалармен теңестіреді. «AltynEx Company» АҚ 2026 жылы Ақтөбе облысындағы Юбилейное кен орнында Тау-кен металлургия комбинатын (ТМК) пайдалануға беруді жоспарлап отыр. ТМК қуаты жылына алтынкүміс қорытпасының (Доре қорытпасы) соңғы өнімін шығара отырып, құрамында 5 млн тоннаға дейін алтын бар кенді өндіруге және өңдеуге мүмкіндік береді.

Дайындаған Н. КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

КЕЗДЕСУ ЕКПЕ МӘСЕЛЕСІНЕ АРНАЛДЫ

admin_mugalzhar

Интернетте СҚО ауылдарында жүрген қасқыр үйірі туралы видеолар тарады

admin_mugalzhar

Ғалым тура 8 сағат ұйықтау шарт емес екенін мәлімдеді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.