«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БАЛАНЫ ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОНҒА ТЕЛМІРТПЕЙІК

Көп балаларға әсіресе, енді жеке тұлға болып қалыптасып келе жатқан шағында ата-анасы, үлкендер телефон беріп қояды. Зиянын біле тұра, басында жарты сағатқа ештеңе етпес деген ойменн береді. Бірақ сол жарты сағат бірнеше сағатқа созылады. Бірінен соң бірі жылтылдап шығып жатқан мультфильмдер, тиктоктар, риалстер, инстаграм лентасы үздіксіз шығып жатады. Оны көріп уақыттың қалай өткенін бала түгілі ересектер де байқамай қалады. Байқасаңыз, телефон қарап отырған балаға атын атасаңыз немесе басқа бір тапсырма айтсаңыз, бірден естімейді, түсінбейді. Себебі, баланың миы осыншама көп ақпаратты қабылдай алмай, шаршайды. Ашушаң болып, зейіні, есте сақтау қабілеті төмендейді, өз ойын анық айта алмайды. Сонымен қатар бала жасына келмейтін, көруге болмайтын фильмдер, мәні де, мағынасы жоқ видеолар бала психикасын бұзады.

Бүгінде енді ғана тілі шығып келе жатқан балаларды байқасаңыз тілдері не қазақша емес, не орысша емес, не ағылшынша емес, шұбар тілде сөйлейді. Бірақ өзі сияқты баланың тілін түсінеді. Себебі телефондағы мультфильмді көбіне орыс немесе ағылшын тілінде қарайды. Үйде қазақ тілінде сөйлейді, сонымен араласып, бір дүбара тіл пайда болады. Сырт көзге бір қарағанда, баланың былдырлаған тәтті тілі сияқты болғанымен, күнделікті қайталана бергесін қалыпты жағдайға айналады. Кейін оны өзге түгілі өз ата-анасы түсінбейтін деңгейге жетеді. Кейбір ата-аналар бала қарайтын адам жоқ екенін, құлағының тыныштығын ойлап, баланы телефонмен алдарқатып қою арқылы қаншалықты балаға зиян келтіріп жатқанын байқамайды. Баласы телефонға тәуелді болған кезде ғана барып өкінеді. Дер кезінде байқап, логопед, дефектолог, психологке апарып, бала тілін, психикасын түзетсе, ештеңе емес, ал егер оған апаруға қаражаты, не уақыты жетпесе, қандай жағдайға тап болатынын ойлаудың өзі қорқынышты.

«Бала — біздің болашағымыз» дейміз. Бірақ, шындығында бала тәрбиесіне аса мән бермей жатамыз. Тамағын, киімі мен ойыншығын, қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, арасында қыдыртсақ, осымен тәмамдалатындай көреміз. Бірақ, баламызға телефоннан гөрі өзіміздің махаббатымыз бен мейіріміміз керек екенін ұмытпайық!

Сәуле ТАБЫШЕВА

Ұқсас ақпараттар

ЖЕМ ӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ ТАРТУЫ

admin_mugalzhar

ӨМІР СҮРГІМ КЕЛЕДІ…

admin_mugalzhar

«САМАЛДЫҢ» БҮЛДІРШІНДЕРІ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.