«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МЕКТЕП ФОРМАСЫ: ҚАНША ҚАРЖЫ ЖҰМСАДЫҢЫЗ?

Жаңа оқу жылының басталуына аз ғана күн қалды. Базарға барсаңыз ұл-қызын еріткен ата-ананың қарасы көп. Бәрінің қамы – балаларына мектеп формасы мен оқу-құралын алу. Осындай қауырт шақта саудагерлер мен алыпсатарлар мүмкіндікті қалт жібермей, тауар бағасын мың құбылтатыны сөзсіз. Мен де журналист қана емес, екі баланың анасымын. Балалардың мектепке дайындығы туралы жазуға тапсырма алған мен «екі қоянды бір оқпен атпақ болып», ұл мен қызға мектеп формасы мен оқу құралдарын алуға шықтым. Сонымен…

Қасыма фото-тілшіні ертіп, қаладағы сауда орталықтарын түгел аралап, бір оқушыға қажетті киім-кешек пен құрал-жабдықтың ең төменгі бағасына бағдар жасап шықтық. Арзандатып сататын дүкендерге де бас сұқтық. Сатушыларға аудандық газеттен екенімізді, репортаж жасап жүргенімізді айтып едік, неге екенін қайдамбарлығы дерлік сұхбат беруден бас тартты. Тіпті суретке түсіруге қарсылық білдірді. Дейтұрғанмен, сөредегі заттың бағасы жазулы, «сайрап тұр». Сонымен, байқағанымыз, дүкен сөрелерінде тұрған тауарлардың бағасы өткен жылға қарағанда қымбаттаған екен. Бірінші, ата-ананың қалтасына ауырлау соғатын дүниесі – мектеп формасы. Бұл жерде ата-ана қалтасындағы қаражатына қарай көсіліп, таңдау жасайтыны сөзсіз. Сауда орындарында Қытай, Қырғызстан, Түркия елдерінде тігілетін мектеп формалары толып тұр. Бағасы да сапасына сай, әр түрлі деңгейде.

Мен алдымен бастауыш сыныпта оқитын қызымның киімінен бастадым. Қыз баланың ер балаға қарағанда қажеттілігінің көптігінен қаржы да көп жұмсалатыны белгілі. Оның үстіне, қыз балаларға арналған киімдер қымбатырақ. Алдымен қызыма таңдаған ақ көйлектің бағасы 5500 теңге болды. Ал мен бұл көйлекті өткен жылы 4000 теңгеден сатып алған едім. Әрине, оданда арзанын табуға болады. Бірақ сапасы тым нашар, бір жуғаннан сетінеп кететіндей көрінеді. Біз орташа бағада сатылымда тұрғанын сатып алдық. Ендігі кезек белдемшеге келді. Бұл жерде де таңдау көп. Түрлі сәнде тігілген белдемшелердің ең арзаны 3000 теңгеден басталып, 7000 теңгеге жетіп жығылады. Таңдауым қызымның отырып-тұруына ыңғайлы, жиынақы, «матасы түктенбейді-ау» деген 5000 теңгенің белдемшесіне түсті. Ақ көйлектің сыртынан киетін жеңсіз жилетті де қарадық. Оны қарап жүріп, 4000 теңгеге таптық. Сосын шашына тағатын бантиктерді 1000 теңгеге, шұлықтарын 4000 теңгеге, іш-киімдерін 3000 теңгеге сатып алдық. Ал аяқ киімге келгенде таңдауымыз ұзаққа созылды. Себебі, аяқкиімді барынша сапалы етіп таңдауды ұйғарып, қала дүкендерінің көпшілігін араладық. Қыздарға арналған туфлидің бағасы 5000 теңгеден басталып, 15000 теңгеге дейін жетеді. Бұл жерде де әркім қалтасындағы ақшасына қарай таңдау жасайтыны белгілі. Бірінің бағасы тым қымбат болса, бірінің ішінен түрлі химиялық резинаның иісі шығады. Біз көп ойланып, сатушылардың айтуы бойынша түркиялық сападағы 12000 теңге тұратын аяқ-киімге тоқтадық. Сол жерде тұрып, жүзі жылы сатушыны сөзге тартып, бүгінде қымбатшылықтың қысып тұрғанын айтып едім, мұның басты себебін түсіндірген Айнұр есімді сатушы: «Өткен жылдың бағасы мен биылғы бағаны салыстыруға болмайды. Себебі, барлық тауар түрлері қымбаттауда. Бұған доллардың қымбаттауы әсер етеді. Біз шетелдік нарыққа тәуелдіміз. Қазір сырттан қымбатқа келеді. Сол себептен киім бағасы да өзгерді. Тауарларды Бішкектен, Алматыдан, Қытайдан, Түркиядан серия бойынша алдырттым. Мен көп қосып сатпаймын. Көріп тұрған пайдам шамалы», – деді.

Жә, сонымен қызымның мектеп формасы түгенделгендей болды. Қызыма алған мектеп формасының жалпы құны 35000 мың теңгеден асып жығылды. Бірақ бұнымен біткен жоқ, әлі денешынықтыру сабағына киетін спорттық киімі бар. Спорттық киімдер де сапасына қарай бөлінеді емес пе?! Қытайда тігілген спорттық киімдердің бағасы 7500 теңгеден басталса, Бішкектің тауарын 8000-9000 теңгеден табуға болады. Ал түркиялық спорттық киімдердің қымбаты 20000 теңгеден асып жығылады. Қызымның қалауымен санаса отырып, орташа есеппен бағасы 13500 теңгенің спорттық киімін сатып алдық. Спорттық аяқ-киімнің де бағасы 10000 теңгенің көлемінде болды. Ал ішінен киетін футболкасын 3000 теңгеге алдық. Денешынықтыру сабағына арналған жиынтықтың бағасы 26500 теңгеге шықты. Сонымен сабаққа киіп баруға арналған қыз баланың мектеп формасы 61000 теңгені құрады. Біз қараған сауда орындарында спорттық киімнің арзан түрлері де кездесті. Бірақ сапаға қарай таңдап, қалтамыздағы қаржыға қарай ыңғайласқаны осы болды. Ендігі кезек 5-сыныпқа көшкен ұлыма келді. Сауда дүкендерінде ұл балаға қажетті түрлі деңгейдегі ақ көйлек 3500 теңгеден басталып, 10000 теңгеге дейін сатылуда. Біз 7000 теңгеге алдық. Костюм-шалбардың құны 7500 теңгеден басталып, 25000 теңгеге жетіп жығылады. Ұлымның таңдауы 15000 теңгелік костюм-шалбарға түсті. Ауыстырып кию үшін қырлы шалбарды 5000 теңгеге, галстукті 1000 теңгеге, туфлиді 12000 теңгеге, ақ майка мен шұлықтарды 2500 теңгеге сатып алдық. Сөйтіп, ұлымның 1 қыркүйекте киіп баратын мектеп формасы 42500 теңге болды.

Дүкен аралап жүріп, өзім секілді балаларын жаңа оқу жылына дайындап, мектеп формасын алып жүрген көпбалалы анамен тілдестім. Оның осы оқу жылында төрт баласы бірдей мектепке барады екен. Барлық балаларды мектепке дайындау қалтаға оңай соқпайтынын айтқан ол, балаларын мектепке киіндіруді жаздың басында бастап кеткенін жеткізді.

Менің 5 балам бар. Оның төртеуі мектепке барады. Бәрін бір күнде киіндіру мүмкін емес. Сондықтан өткен айда үш ұлыма киімді «Каспий жұмада» 24 айға бөліп-төлеу кезінде алдым. Ол кезде 120000 теңге қаражат жұмсаған едім. Қазір екі қызға 150 000 теңгеге мектеп формасын алуды жоспарлап отырмын. Қолымдағы ақшаны жеткізіп, барлығын үйлестіруім қажет. Одан артыққа шамам жетпейін деп тұр. Жазғы демалысты дүкен аралаумен өткіздім десем, артық айтпаймын. Барынша арзан жерден, тиімді бағамен киім іздеп жүрмін, — деді бейтаныс келіншек.

Денешынықтыру сабағына спорттық киім алу үшін қаладағы спорттық киім сататын біраз дүкенге бас сұқтық. Ондағы мақсат – өзі арзан, өзі маржан сапалы киімтабу. Спорттық киімдердің сапасына қарай бағасы да әр түрлі. 10 жасар балалардың спорттық киімдері 8000 теңгеден басталып, 17000 теңгеге жетеді. Сатушымен саудаласып жүріп, 15000 теңгенің спорттық киімін 14000 теңгеге алдық. Біз таңдаған спорттық аяқ-киімнің құны 13000 теңге, футболкасының құны 3500 теңге болды. Сонымен, ұлыма алған спорттық киімдерге 30000 теңге жұмсадық. Бір балаға мектеп формасы мен спорттық киімнің бағасын қосқанда 72000 теңгеден асты.

Киім-кешегін түгендеп, аяқ киімдерін алдық. Енді екінші мәселе, оқу құралдары мен жабдықтары. Білетінім, мектеп құралдарына аз қаражат жұмсамайды екенбіз. Оқу-құрал сататын бірнеше дүкенге кірдік. Бағалардың бағамы туралы айтуға тек қана «888» дүкенінің иесі ғана келісімін берді. Сауда орнындағы сатушы консультант Ләззат Ортазаева 1 қыркүйекке қарсы барлық оқу құралдарды ең төмен бағамен қойғанын жеткізді.

Біз халыққа барынша жағдай жасау мақсатында бағаларды төмен бағада қойып жатырмыз. Келушілер көп. Бір отбасыдан бірнеше баласына оқу-құрал алуда. Бала санына қарай мектептің құралдары қымбатқа шығады. Жақында ғана дүкен иесі Гүлхат Алпысбаева қалада аз қамтылған отбасылардың 8 баласына 8000 теңге көлемінде оқу-құрал алу үшін сертификаттар табыстады, — деді ол.

Сауда сөресіндегі ең керекті дүниенің құнына көз жүгіртсек, қарандаш 50-70 теңге, қалам 50- 150 теңге, дәптер 35-40 теңге, қалың дәптер 200-350 теңге, түрлі-түсті бояу 500-1000 теңге, түрлі түсті картон 250-600 теңге, пәндік дәптер 1000 теңге, сурет дәптер 150-500 теңге, фломастер 600 ден басталып, 1300 теңгеге, сызғыш 50-250 теңге, құрастырғыш 2000-5000 теңге, желім 250- 400 теңге, сазбалшық 300-600 теңге, өшіргіш 50-100 теңге, ұштағыш 100-200 теңге, өшіргіш пен ұштағыш 200 теңге, күнделік 350- 700 теңге, қайшы 300 теңге, санағыш 300 теңге, дәптер қап 10 дана 300 теңге, кітап қап 10 дана 500 теңге. Бір балаға ең қажеттісін есептегенде жобамен 15 000 теңгеге жуықтайды.

Міне, қаладағы барлық сауда нүктелерін аралап, мектеп формасы мен оқу құралдардың бағасына бағдар жасадық. Айлығы тұрақты, тұрмысы жақсы отбасылардың өзі балаларын жаз бойы киіндіретініне көзіміз жетті. Тіпті шамасы келмейтіндерге банктерденберілетінбөліп төлеу төлемінің де мүмкіндік екенін білдік. Ал тұрақты жұмысы жоқ, жалақысы мардымсыз отбасы балаларының жағдайы қалай боларын кім білген..

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

1342 БҮЛДІРШІН МЕКТЕПКЕ БАРАДЫ

admin_mugalzhar

АМЕРИКАДАН ЖЕТКЕН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КЕРУЕНІ

admin_mugalzhar

Кеңестік мультфильмдер қазақ тілінде көрсетіледі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.