Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында қайырымдылыққа бағытталған республикалық «Мектепке жол» акциясының бастау алатыны белгілі. Биыл да акция аясында көмекке мұқтаж отбасының балаларына киім-кешек пен оқуға қажетті құралдар сыйға тартылуда.
Аталған акцияны Қандыағаш қаласындағы мешіттердің жамағаттары жалғастыруда. Айталық, «Қадірәлі ата» мешітінің бас имамы Нұрсұлтан Тұрсынқұлов Қандыағаш қаласы бойынша 28 отбасының баласына мектепке қажетті оқу-құралдарды алып бергенін айтты. — Қандыағаштық қайырымды жандар «Қадірәлі ата» мешітінің қорына 200 мың теңге көлемінде қаржы жинады. 28 балаға ішіне оқуқұрал салынған сабақ сөмкесі табысталды, — деді Нұрсұлтан Тұрсынқұлов.
Ал «Нұртай» мешітінің бас имамы Асемхан Ерғазин де іші оқу-құралға толы мектеп сөмкесін 25 балаға табыстағанын мәлімдеді.
— Біздің мақсатымыз — барлық балаға бірдей көмек бере алмасақ та, шын мұқтаж отбасының балаларын қуанту. Сонымен бірге көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсетіп, әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алып, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсетсек дейміз, — деді Асемхан Ерғазин.
Н.ТІЛЕП