«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕМБІДЕ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

КЕШЕ ЕМБІ ҚАЛАСЫНДА ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІНІҢ ПЛЕНАРЛЫҚ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ. «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: САПАЛЫ БІЛІМ, АДАЛ ҰРПАҚ, ТАБЫСТЫ ҰЛТ» ТАҚЫРЫБЫНДА ӨТКЕН КЕҢЕС ОТЫРЫСЫНА АУДАН ӘКІМІ ДАРХАН ЕРМАҒАНБЕТОВ, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ БАҚЫТЖАН КАДРАЛИН ЖӘНЕ МЕКТЕП БАСШЫЛАРЫ МЕН ҰСТАЗДАР ҚАУЫМЫ ҚАТЫСТЫ.

КЕҢЕСТІҢ КӨРКІН КӨРМЕ КІРГІЗД

Тамыз кеңесі өткен Ембі мәдени орталығының кіреберіс залында аудан мектептерінен құрылған көрме ұйымдастырылды. Көрме алаңын ембілік жас өнерпаздардан құрылған аспапшылар ұлттық аспаптардың құлағының күйін келтіріп, әсем әуендермен көркемдеді. Аталған көрмеге Ембі қалалық №4 орта мектебі оқушыларының қолынан шыққан ғарыш пен кеңістік бейнесі, Ембі аула клубы шеберлерінің түрлі қолөнер бұйымдары қойылды. Сонымен бірге көрмеден Қандыағаш қаласындағы №1,2,3,4 орта мектептерінің көркем еңбек пәні мұғалімдерінің оқушылармен бірлесіп дайындаған қолөнер туындылары, робототехника кабинетінің көрнекіліктері табылды. Робототехника кабинетінің болашақ АИТИ мамандары өздері жасаған робот бағдарламасымен таныстырып, толыққанды мағлұмат берді. Кеңеске жиналғандар көрмені аралап, қолөнер туындыларын тамашалап, қолөнершілердің еңбегіне жоғары баға берді.

БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Шараның шымылдығы ҚР Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Шара басында мінберде сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол аудандық білім беру саласында өткен жылы атқарылған шаралар туралы баяндама оқып, биылғы оқу жылында болатын өзгерістер мен алға қойылған міндеттерге тоқталды. Ол ауданға қарасты 37 мектеп, 30 мектепке дейінгі ұйым мен 5 қосымша білім беру мекемесі бар екенін, жаңа оқу жылында аталған білім ордаларында 12627 оқушы, 4001 тәрбиеленуші білім алатынын айтты. Сонымен бірге, осы жылы 1240 бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданатынын жеткізді. — Қоғамның бірнеше рет назарына ілініп, әртүрлі деңгейдегі пікірталастар тудырған мәселелер оқу жылында шешімін тауып отыр.

Мәселен, биылғы оқу жылы 1 қыркүйектен басталып, 25 мамыр айында аяқталады. Сонымен қатар қазақ тілінде білім алатын 1- сынып оқушылары «Әліппе» мен «Ана тілі» пәнін ғана оқиды. Ал орыс тілін 2-сыныптан бастап, ағылшын тілін 3- сыныптан бастап оқу жоспарлануда. Бұл ретте жоғары сыныптарда ағылшын тілі 1 сағатқа арттырылып оқытылатын болады. 1-2 сыныптарда «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері 3-4 сыныптарда «Көркем еңбек» кіріктірілген пән ретінде оқытылады. Негізгі орта (5,6,7,8-сыныптар), жалпы орта (10 сынып) білім беру деңгейлерінде академиялық жылды аяқтаған соң, қазақ тілінен емтихан тапсыру енгізілді, — деді Бахраман Қуанышұлы.

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС, ҚОЙЫЛҒАН МІНДЕТ

Бөлім басшысы 2023 жылы Құмсай, Қайыңды, Саға, орта мектептеріне жалпы соммасы 34 млн 640 мың теңгеге физика, химия, биология кабинеттері жабдықталғанын мәлімдеді. Сонымен бірге «Қазақстан халқына» қолдау қорынан Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясына 250 млн теңгеге, Ы. Мұхамеджанов мектебіне 161 млн теңгеге пән кабинеттері жасақталған. Қайыңды, Саға, Құмсай, Алтынды, Құмжарған, А.Жұбанов, Бұлақты, Қожасай, Құмжарған негізгі, Ащысай, Жарық, Елек, Көтібар мектептеріне жалпы құны 52 млн теңгелік цифрлық кабинеттер сатып алынған. Аталған кабинеттер қарашаға дейін қолдануға беріледі.

Қандыағаш қалалық №1, №2, №5 мектептері мен №3 мектеп-гимназиясы, Ембі қалалық №1,№2, №3 және Жем қалалық №5 мектептеріне барлығы 22 интерактивті панель 47 млн теңгеге сатып алынды. Алтында ауылында 60 орындық, Талдысай ауылында 100 орындық, Ембі қалалық №3 мектебінде 320 орындық, Самал мөлтек ауданындағы 600 орындық мектеп құрылыстары биылғы жылдың жаз айында құрылысы қайта жанданса, бірнеше жыл бойы құрылысы тоқтап тұрған Құмжарған негізгі орта мектебінің оқу ғимараты ақпан айында пайдалануға берілді. Сонымен қатар Ащысай ауылындағы апаттық жағдайда тұрған 60 орындық мектептің құрылысы басталса, Темір-көпір стансасындағы 60 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Бірнеше уақыт мәселеге айналған Ембі қалалық №7 жалпы білім беретін орта мектеп және А.Жұбанов атындағы білім беретін орта мектебінің жанынан спортзал құрылысы басталды, — деді ол.

Бөлім басшысы жекеменшік балабақшаларға да қатысты мәселелерді қозғады. Оның сөзінше, бүгінде жекеменшік балабақшаларда тәрбиеші мамандардың тұрақтамауы, педагог кадрлардың жетіспеушілігі бар. Осыған орай аудан көлеміндегі барлық жекеменшік балабақшаларын қатаң қадағалауда ұстайтынын жеткізді. Сонымен қатар үлгерімі төмен оқушылармен мұғалімдер ерікті түрде жеке жұмыстар жүргізу қажеттігін айтып, мектеп директорларына тапсырма берді.

ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН ҰСТАЗДАР

Тамыз кеңесіне қатысқан аудан әкімі Дархан Ермағанбетов ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, жаңа оқу жылына табыс тіледі. Ауданның білім саласындағы жетістіктерге тоқталып, кемшілікпен бірлесіп жұмыс жасау қажеттігін айтты. Сонымен бірге осы жылы мектеп бітірген түлектердің жетістігіне тоқталып өтті.

Былтырғы оқу жылында аудан аумағындағы мектептерді бітірген 480 түлек жоғары оқу орындарына құжаттарын тапсырып, талапкер атанды. Оның ішінде 204 бала мемлекеттік грантты жеңіп алып, көрсеткіш 45 пайызды көрсетті. Атап айтатын бір жайт, Құмсай орта мектебінде осы жылы 11-сыныпты 4 қана оқушы бітірген еді. Сол 4-еуі де мемлекеттік грантқа ие болып, жоғары оқу орындарының студенті атанды. Бұл біз үшін де, ата-ана үшінде үлкен қуаныш. Олар болашақта ауданымызға келіп, еңбек етіп, ауданның дамуына өз үлестерін қосатын болады, — деді аудан басшысы.

Аудан әкімі ауданның білім беру саласында елеулі еңбек етіп, шығармашылық жұмыспен айналысып, республикалық деңгейде жетістікке жеткен бірқатар мұғалімдерді сахна төріне көтеріп, марапаттап, құрмет көрсетті.

Атап айтатын болсақ, Ембі қаласында ұзақ жыл еңбек еткен зейнеткер-ұстаз Нұрия Тәжіғаринаға «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады. Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен «Қарлығаш» бөбекжай бақшасының тәрбиешісі Шолпан Қоянбаева, Қ.Жұбанов атындағы мектебінің математика пәнінің мұғалімі Салтанат Сарина марапатталды. Қазақстан оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің кәсіптік одағының Құрмет грамотасымен Алтыншаш Кусанова, Жадыра Канымкулова, Нұрлы Жарылғасынова, Айжамал Бабанова марапатталды. Білім беру саласындағы жаңаруға ілесіп, балалармен жұмыстың заманауи әдістерін қолданып, нәтижелі еңбек етіп келе жатқан бірқатар ұстаздар Айнұр Имандосоваға, Жанна Құлжановаға, Қуаныш Абылмажановқа, Айнұр Мусинаға, Жансұлу Байбатыроваға, Айса Қуанышқа, Гүлдара Кулбаеваға, Нұрболат Кенжебаевқа, Баян Мұхамбедияроваға, Гүлнұр Жамаловаға аудан әкімінің Алғыс хаты мен 100 мың теңгелік сертификаты табысталды. Облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен Берік Төлемісов, Жайық Сұлтан, Жансұлу Айтбаева, Шынаргүл Қонақбаева, Айымгүл Ерғалиева, Бибігүл Қаражанова, Гүлназ Сұлтанова марапатталды. Облыстық білім басқармасының Алғыс хатын Галина Мажарова, Венера Давлетбаева, Назгүл Бақтығалиева, Жұлдыз Мерғалиева, Анар Сидағали алды.

Сонымен бірге бірқатар ұстаздарға аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжолдың, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұмагүл Жұмабаеваның Алғыс хаттары табысталды. Шара соңында оқушылар ұстаздарға арнап «Ұстазым» әнін шырқап, гүл шоқтарын таратты. Ұстаздардың құрметіне отшашу шашылды.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ Фото: Зайырбек ЕСЕНЖОЛ Қандыағаш-Ембі-Қандыағаш

Ұқсас ақпараттар

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ МҰҒАЛІМНІҢ МАРАПАТЫ

admin_mugalzhar

«Шаңырақ» бағдарламасына қатысыңыз

admin_mugalzhar

МИКРОБҚА ҚАРСЫ АПТАЛЫҚ ӨТУДЕ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.