«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«ТАРЫ-FEST — 2023»: ІІ ОРЫН – МҰҒАЛЖАРДА

ӨТКЕН АПТАНЫҢ СОҢЫНДА ОЙЫЛ АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫНДА «ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАҢҒЫРҒАН КӨКЖАР ЖӘРМЕҢКЕСІ» АЯСЫНДА «ТАРЫ-FEST — 2023» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭТНОФЕСТИВАЛІ ӨТТІ. БҰҰ БАС АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ 2023 ЖЫЛДЫ «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАРЫ ЖЫЛЫ» ДЕП ЖАРИЯЛАУЫНА ОРАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ШАРАҒА МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР ДА ҮЛКЕН ДАЙЫНДЫҚПЕН БАРДЫ.

ТАРЫНЫҢ ТАҒАМДЫҚ МӘРТЕБЕСІН АРТТЫРДЫ

Аталған этнофестивалдің шымылдығы «Қазақ даласындағы Көкжар: «Әлем. Тарих. Тары» тақырыбындағы ғылыми-танымдық конференциясымен ашылды. Конференцияға Шығанақ Берсиевтің ұрпақтары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен тарихшылар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен диқаншылар, Атырау және Батыс Қазақстан, Ақтөбе облысынан келген қонақтар қатысты. Ғылыми-танымдық конференцияға қатысқан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысушыларды мерейлі мерекемен құттықтады. Сонымен бірге аталған шараны ұйымдастырудағы мақсат әр отбасының берекесіне айналған тарының тағамдық мәртебесін көтеріп, тары өнімінің маңыздылығын арттыру екенін мәлімдеді.

Конференция барысында «Дала академигі» Шығанақ Берсиевтің ерен еңбегі мен елі үшін жасаған қызметі дәріптеліп, атақты диқаншы туралы толыққанды мағлұматтар айтылды. Ал ақындраматург, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Нұрлыбек Қалауов “Тарыдан дүниежүзілік рекордтық өнім алған Шығанақ Берсиевтің еңбек жолын жалғастыру мүмкіндіктері” атты баяндама жасады. Ол өз баяндамасында диқаншының тары егу технологиясына тоқталып, тарының қазақ халқының тұрмысындағы маңызы туралы, адам денсаулығына тигізетін пайдасы жөнінде тың деректер келтірді. Шараға қатысқан профессор, Қазақстанның құрметті журналисті Асқар Идош Шығанақ Берсиевтің адами болмысы мен тұлғалығын, еңбекқорлығы мен қайырымдылығын ерекше атап өтті.

Конференцияда еліміздің батыс аумағында тары өсірудің тарихы, зерттеу нәтижелері, тарының түрлері мен тары дақылынан жасалатын тағамдар жөнінде айтылды. Сонымен бірге бүгінде тары егіп, егіншілікті дөңгелетіп отырған диқаншылар суармалы тары өсіру жолдарын, жетістіктерін айтып, тәжірибелерімен бөлісті.

«ШЫҒАНАҚ» ҚОЙЫЛЫМЫ САХНАЛАНДЫ

Тары мен тары атасы Шығанақты дәріптеуге бағытталған республикалық этнофестиваль Ойыл аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының дайындаған «Шығанақ» қойылымымен жалғасты. Қойылымға ақын-драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрлыбек Қалауовтың «Шығанақ» пьесасы арқау болды.

Ақ тарының атасы, даңқты диқан Шығанақ Берсиевтің түйе шығырмен алқапқа су шығарып, кетпенімен суармада тары өсіру көріністерін көрсетіп, қажырлы еңбегін, адалдығын, шыдамы мен төзімділігін сомдап, шебер көрсете білген өнерпаздар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен бірге аудандық мәдениет үйінің кіреберісінде Ойыл аудандық кітапханасының «Шығанақ бағындырған шың» атты көрмесі ұйымдастырылды.

КӨКЖАР ЖӘРМЕҢКЕСІН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТТЫ

Ұлы Жібек жолындағы ең ірі 10 сауда жәрмеңкесінің біріне айналған Көкжар жәрмеңкесі, сондай-ақ, биылғы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-сессиясында жарияланған «Халықаралық тары жылы» аясында ұйымдастырылған республикалық фестивальге 300-ге жуық түрлі сала өкілдері қатысты. Айталық, облыс аумағындағы 11 аудан және Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданынан, Атырау облысының Қызылқоға ауданынан қатысушылар келді. Шараның салтанатты ашылуына қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөзінде этнофестивальдің киелі мекен Ойылда өтуінің маңыздылығын атап өтті.

«Тары Fest» шарасының Ойыл жерінде өтуі үлкен мәнге ие. Ойыл – ақ тарының мекені, берекелі аймақ. Әйгілі Шығанақ Берсиевтей тары өсіруші туған жер. Тары өсіруден әлемдік рекорд орнаған өлке. Шығанақ атамыздың есімі айтылған жерде, еңбекқорлық пен адалдық деген қасиеттер де бірге аталады. Қазақта «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деген сөз бар. Тарының құнарлылығы мен құндылығын әлем зерттеушілері зерттеп, емдік қасиетін де анықтап отыр. Бүгінгі той – тарының ғана емес, ұлттық құндылықтарды қазынасындай, баба мұрасындай қадірлей білетін әрбір азаматтың тойы. Ұрпақтар сабақтастығы жалғаса берсін! Дастарханымыз мерекеге жайылсын, еңбектеріңіз берекелі болсын», — деді өңір басшысы.

Орталық алаңға қаз-қатар қазан-ошақтар орнатылып, келікелсаптар мен диірмендер қойылып, тарыдан жасалған өнімдерден көрме жасақталды. Жәрмеңкеге қатысушылар «Тары қуыру», «Тары келі-келсаппен түю және ұшыру», «Диірменшілер», «Тарыдан жасалатын өнімдер» байқауларында бақ сынасты. Мұғалжар ауданынан барған Мейіз Көмекбаева мен Мира Байсеңгірова қазанға тары қайнатты. Қайнаған тарыны сүзіп, артынша қазанға қайта салып, қуырды. Қуырылған тарына келіге салып, түйіп, қаралып және ақтады. Дайын болған тарыны келушілерге ұсынып, жоғары баға алды.

Тарыдан жасалған тағамдар көрмесінде Гүлмира Қалиева мен Алмагүл Қамиева сол жерде тарыдан жасалған ұлттық «Жанышпа» тағамы мен балқаймақ қосылған тары талқанын дайындап, қонақтарға ыстық күйінде дәм татқызды. Ал кимешектер шеруінде Тұрсынгул Тоқаева мен Айнагүл Мусина бой көрсетті. Тұрсынгүл Тоқаеваның басына киген әдемі кимешекті мәдениет саласының ардагері Гүлзира Әбілова тіксе, Айнагүл Мусина киіп шыққан зерделі кимешегін өзі дайындаған. Дәстүрлі әншілер Гүлназ Жоламанова мен Мәлік Молдағазиев термелетіп, көрменің шырайын кіргізді. Ал ұлттық киімдер шеруіне Әлия Иманғазина мен Салауат Сәңкібай қатысты. Айгүл Балғарина қатысушыларға мұғалжарлықтар апарған көрме заттары мен тағам түрлерін таныстырды. Шарада аудандық кәсіпкерлік және ауылшарушылығы бөлімінің ұйымдастыруымен қолөнер және ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылды. Бұл жерде қандыағаштық қолөнер шеберлері, айталық, тері өңдеуші Рафиға Қожашева мен тігінші Жанша Ерекешованың қолынан шыққан бұйымдары көрме сөресінен табылып, тамашалаушылардың қызығушылығын арттырды. Ал ұлттық тағамдар жәрмеңкесіне Азамат Азекин сүт өнімдерінен және дәнді-дақылдардан жасалған түрлі тағамдарды апарды.

Осы аталған байқаулардың нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен І орынды Ойыл ауданы жеңіп алды. Ал екінші орынды өздерін жан-жақты көрсетіп, тары өнімдерінің жасалу жолын шебер ұсынып, ұлттық құндылықты насихаттаған Мұғалжар мен Алға ауданы атынан қатысушылар иеленді. ІІІ орын Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы, Қарғалы ауданы және Қобда аудандарына бұйырды.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

ЕМБІЛІК САЯТШЫ ТАЗЫ ТҰҚЫМЫН «БРЕНД» ҚЫЛУДЫ АРМАНДАЙДЫ

admin_mugalzhar

Қазақстанның 6 облысында қоқыс өртейтін зауыт салынады

admin_mugalzhar

1 cәуірден бастап Атырау стансасында баратын барлық жолаушылар пойызы тоқтатылады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.