«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

САБЫН ӨНДІРУДІ ҚОЛҒА АЛҒАН МҰҒАЛІМ

БҮГІНДЕ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС САЛАСЫНА КӨҢІЛ БӨЛІНІП, КӨПТЕГЕН ЖЕҢІЛДІКТЕР МЕН МҮМКІНДІКТЕР ҚАРАСТЫРЫЛУДА. СОНЫҢ БІРІ — «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ. ОСЫ ЖОБА БЕРЕР МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНҒАН ЕМБІЛІК ЖАНДОС ҚАЛИЕВ БИЫЛ ХАЛЫҚ АРАСЫНДА «КІР САБЫН» АТАЛЫП КЕТКЕН ТҰРМЫСТЫҚ САБЫН ШЫҒАРУДЫ БАСТАДЫ. 30 ЖЫЛДАН АСТАМ УАҚЫТТАН БЕРІ МЕКТЕПТЕ ЕҢБЕК ПӘНІНЕН САБАҚ БЕРІП ЖҮРГЕН ОЛ ҚАЗІР ӨНІМ ӨНДІРУДІ ҚОЛҒА АЛДЫ.

Ембі қалалық №7 орта мектебінің мұғалімі бұл істі қолға алуды көптен бері ойлап жүріпті. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктен қалыс қалғысы келмей, арнайы мамандардың кеңесіне сүйеніп іс бастап жатқанда да қорқыныш болғанын жасырмады.

Ел арасында тазалыққа арналған тауарларды тек зауыт шығарады деген түсінік бар. Негізінде сабынды үй жағдайында дайындап, кәсіп етуге болады. Былай қарасақ, бұл жүріп кетсе, шығыны аз кәсіп түрі. Алайда бастапқыда үлкен еңбек пен қаржыны қажет етеді. Биыл мамыр айының соңында Ембі қалалық әкімдігіне барып, «Ауыл аманаты» жобасы туралы кеңес алдым. Бизнес-жоспарымды ұсынып, ойымды айтқанда, олар қолдау білдірді, әрине. Бұл өте жақсы жоба екеніне көзім жетті, — деді ол.

Сабын өнімін шығаратын шағын цехты үй жағдайында ашқан кәсіпкер мұғалімнің тұтынушыларының басым бөлігі Ембі қаласының және жанындағы ауылдардың тұрғындары екен. Істі бастағанына көп болмаса да, тірлігі ақырындап алға жылжуда.

Жоба аясында 5 млн теңге көлемінде несие алдым. Жер үйде тұрғандықтан аула ішінде орналасқан жаз үйімді цех ашуға дайындадым. Ішіне жылытқыш қондырғыларымды орнаттым. Керек құрал-саймандарымды, сабынға қажетті қоспаларды қомақты қаражатқа сатып алдым. Шет елдерден іздемей-ақ өз елімізден шыққан құрылғыға қол жеткіздім. Қазірде елде бұл сабынның түрі көп, бірақ сапасына аса мән беріле бермейді. Көбі езіліп, иісі жағымсыз болып шығатынының себебі — құрамына қосатын қоспаларды дұрыс мөлшермен салмауында жатыр. Мен бірінші сапаға жұмыс жасаймын, өнімге ешқандай химиялық зат қоспаймын. Маған өз кәсібімді алып кету үшін әлі де бір жылдай уақыт қажет. Дәл қазіргі уақытта өнімімнің сапалылығына тұрғындардың, ауыл-аймақтың көзін жеткізіп, сұраныс санын арттыруым маңызды. Қазір, шүкір, сұраныс артып, алға қарай қозғалып жатқан жәйім бар, — деген Жандос Қалиев сабынның ең алғашқысын биылғы 1 қыркүйекте шығарыпты. Бұл күні жергілікті әкімдіктен де өкіл шақырыпты.

Шақырудағы мақсатым, маған бағыт-бағдар берген барша мамандарға рақметімді айтқым келді. Өзімнің армандаған ісімді ашума осы жандар көмек көрсетті. Олар кәсіби кеңес бермегенде, бағыт сілтемегенде, жобаға да қатыса алар ма едім, жоқ па?.. Ал жобаға қатысып, несие алмасам, ісімді ашу да қиын болар еді. Сол үшін де мен өнімімнің атауын «Мұғалжар» деп қойдым. Оған өзімнің немесе баламның, бабамның, руымның да есімдерін қоюыма болатын еді, бірақ мен ондай «өзімшілдікке» барғым келмеді. Неге десеңіз, біріншіден, үлкен ауданның аты болса, екіншіден, қолдау білдірген азаматтар мен мамандар осы ауданның қызметкерлері болғандықтан бәріміздің еңбегіміз бар деп, осы атауға ақылдаса келе тоқталған едік, — деді Жандос Елпашұлы.

Сондай-ақ ол үйде жасайтын кір сабынның қаттылығы мен суда көпіруі талапқа сай екенін де жеткізді.

Сабын бағасы грамына қарай өсе береді. Сабын жасау ісіне тез бейімделіп кеттім. Дегенмен кәсібім бірден дамып кете қоймады. Әрі кәсіптің танылуы үшін жарнаманың да ауадай қажет екенін ұқтым. Өнім иесі қазірде отбасымен тек өзінің ғана сабынын қолданады.

Айтуынша, ол ешқандай аллергиялық реакция тудырмайды. Сондықтан кәсіпкер мұғалжарлықтарды отандық өнімді қолдауға шақырады.

Мемлекет шағын және орта кәсіпті бекер қолдап отырған жоқ. Қай елде, қай қоғамда болмасын, кәсіпті дамыту – нарықтық экономиканы дамытудың кепілі. Ал шағын және орта кәсіпті көбейту – жергілікті жердегі тұрғындарды қажетті өніммен қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын ашу мәселелерін шешеді, — деді ол.

30 жылдан астам уақыт бойы ұстаздық жолында шәкірт тәрбиелеп келе жатқан кейіпкеріміздің сөзі де, ісі де нық. Отбасының ұйытқысы, асқар тау әке өмірлік жары Гүлмирамен бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Жақында ғана үлкен ұлы үйленіп, шаңырағына келін түсіріпті. Обасының барлық мүшесі де педагогика саласында тер төгіп жүр. Ұстаздықтан қол үзбей, кәсібін де дамытуды көздейтін азамат болашақта балаларына азық болар, өзінің туған қаласы Ембінің дамуына аз да болса өз үлесін қосар кәсіпті қалыптастырғысы келеді.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР — БАҚЫЛАУДА

admin_mugalzhar

Қазақстандықтар ЮНЕСКО-да өткен концертте өнер көрсетті

admin_mugalzhar

ХҚКО-лар мереке күндері қалай жұмыс істейді?

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.