«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БИІКТІК ФОРМУЛАСЫ (деректі әңгіме)

Өмір деген Алланың жұмырбас пендеге тарту еткен, тіршіліктің қазыналы кеңістігінде кездескен талай-талай тағдырлы оқиғалар ортасында бірге болған, уақыт ұсынған тұз-дәмін бірге бөліскен, алуан мінезді замандастардың бәрі бірдей есіңде қала бермейді. Дегенмен… көргені мен көңіліне түйгені мол, қайраткерлік қалыбымен ортаның ықыласына бөленген адамдар болады. Соған орай айтарым, мынау ешқандай әлемге сыймайтын алмағайып дүниеде «өз орнымды таптым» деп кесіп айтатын адам бар ма екен, сірә. Бар болса, солардың қатарына адамгершілік пен адалдықты ту еткен, білігі мен ынта-ықыласын жұрттың арбасын сүйреуге арнаған, тек қана Мұғалжар өңірі емес, облыс, республика, әріге айтсақ, Ресей, Европа, Америка, Англия, Япония, Австрия, Швейцария елдерінде биіктен көрініп, іскерлігімен танымал, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, ауданның құрметті азаматы, Мұғалжар ауданы билер алқасының төрағасы, Кеңес Одағының құрметті теміржолшысы, Қандыағаш жеке меншік медициналық мекемесінің бас дәрігері Аманжол қажы Шүңгүлұлы АДАЕВТЫ қосар едім.

Кеңес Үкіметі кезінде кадрларға қояр талап қатал болғаны рас. Бірақ коммунистік қоғам талап деңгейінен көріне білгендерге қызмет бабында өсуіне мүмкіндіктерді жасайтын. Аз уақытта жігерімен, ерекше іскерлігімен, адами қасиетімен танылған Аманжол 1970 жылы Қандыағаш теміржол торабындағы үлкен аурухананың бас дәрігері қызметіне тағайындалады. Міне, осы кезден бастап оның естіген көңіл, көрген көз риза болатындай қиыншылығы мен қызығы мол басшылық қызметі басталды. Бір мекемені 10-15 жылдай басқарған адамды табу қиын болғанмен, ондайлар сирек те болса кездеседі. Болған күнде де олар саусақпен санарлықтай емес пе?! Әрине, Совет Одағы кездегідей барлық шаруашылық бір арнамен жүріп, бүкіл экономика мен саяси-әлеуметтік өмір бекітілген жоспармен басқарылып, бір сарынмен жүріп жатқан кез болса, он, он бес жыл бір жерде еңбек ету қиын емес-ті. Ал қазіргі саясиэкономикалық шеңберде түрлі аласапыран оқиғаларға төтеп беріп, бір мекемені 53 жыл бойы басқару үшін айрықша іскерлікпен қоса қажымас қайрат керек. Міне, сондықтан да мен үшін тарих қойнауына ене бастаған осыншама еңбек жолдарын биік деңгейде атқарып, әлі күнге дейін сол қатарда, сол биіктікте жүрген азаматтардың бірі емес, бірегейі Аманжол дер едім.

Биік таулар бар. Мысалы ақбасты Алатау секілді. Ұшар басында аппақ қар жатады. Қол созым, әудем жер емес. Бірақ сол сиқырлы биіктік өзіне тартып тұрады. Сондықтан қол жетпейтін биіктіктің қадір-қасиетін салған жерден түсіну мүмкін емес. Өзі де, өресі де биік адамдар бар. Тау тұлғалы. Олар табиғатында заңғар, қоғамды алға тартатын күштей көрінеді. Іштей энергетикасы мықты мұндай адамдардың құпияға толы күш-қуатының тылсым әлеуеті әуелден қалыптасқанын білесің. Осыған орай табиғи жаратылысына қоса игерген білімі мен біліктілігі, терең ізденісі мен тынымсыз еңбекқорлығы Әбекеңнің де болмысын одан бетер айшықтап тұратын сияқты.

Замана талабына терең түсіністікпен араласқан мұндай адамдардың биікке көтерілуі оңай көрінетіндігі де сондықтан. Айтуға оңай. Бірақ… бірақ бұл тынымсыз дүниеде құз биіктіктен көріну оңай емес. Ол биіктікті игерген, біздің замандасымыз тағы да Аманжол Адаев. Қарап отырсаң, бұл дегеніңіз бір адамның басына қонған зор жетістік, керемет бақыт екен. 1943 жылы Ақтөбе облысы, Темір ауданы Шұбарқұдық станциясында қарапайым теміржолшы отбасында дүниеге келген Аманжол жастайынан білімге құштар, талабы таудай, зерек бала болып өсті. Қоғам алдында жауапкершілікті сезінуіне ең алдымен, жанұясында көрген тәлім-тәрбие әсер етті. Әкесі Шүңгүл атамыздың дұрыс бағыт-бағдары, анасының шексіз мейірімі шаңырақтың үлкені Аманжол баланың болашағына жол ашты.

Екіншіден, өскен ортасы, киелі жер — Шұбарқұдық өңірінде жүрген ізі, діни ағартушылық еңбек жолы қалған Досжан ишанның тәлім-тәрбиесімен сусындап, ел ішінде өнегелі ісімен, толағай білімділігімен дәрігерлік ғылымды бағындырған Сайын Балмұқановтай, алдыңғы толқын ағаларынан өнегелі дәріс алып, білім мен біліктіліктің баспалдақтарынан өтті. Мектепті бітіргеннен кейін, мамандық алу үшін автокөлік жүргізушісін оқытатын Шұбарқұдық кентіндегі «автошколада» алты ай оқып, жүргізуші мамандығымен қайнаған жұмыстың ортасында болды. Жұмысшы кәсібінің психологиясын жастайынан бойына дарытып, балға мен төстің ортасында Шұбарқұдық тепловоз депосында слесарь болып та жұмыс істеді. Ақтөбе асатын ұзын жолмен машина айдап, мыңдаған шақырым жүріп, жас кезінде жол азабын көзімен көріп, қолымен игергенін жасырмайды. Бүгінде артта қалған ұзақ жылдардың сонарындағы қызықты жылдарын, жүргізушілік курста бірге оқып, жаңбырлы күндері сазды жердің сар балшығын кешіп, керуен жолдың үстінде машинамен батып, қиындық көрсе де, келешектің шұғылалы сәулесіне қол созып, арман қуған жылдарын бозбалалық шағының куәсі болған жан жолдасы, бірге ойнап, бірге өскен Әділхан Қартжанов екеуі кездескен сайын жыр қылып айтатынын қайтерсің! «Бұл уақыт жас болып, арман қуып, бірде белестен, бірде елестен өткен қайталанбас жылдар еді», — деп Әбекең еске алып отырады. Еңбекқорлық пен білімге құштарлық оны шалқыған өмір теңізіне алып кете барды. Теміржол бойындағы стансада туған бала өсе келе дәрігер болып танылып, қабырғасы қатайып, шыңдалды. Үлкен медицина мекемесін бір адамның ғұмыры болатындай ұзақ жылдар бойы басқарып, ел-жұрттың сыйластығына ие болды. Келешекте мәртебелі биіктіктен көрінетіні сол уақытта бала Аманжолға беймәлім еді.

Білімге деген құштарлық оны оқу-білімге жетеледі. 1962- 1968 жылдары Ақтөбе медицина институтының емдеу ісі факультетінде білім алып, дәрігерлік мамандықтың біраз қыры мен сырын игерген бойда әскер қатарына шақырылып, Түркіменстанның БайрамӘли қаласында әскери дәрігер болып екі жыл дәрігерліктің өтілінен өтті. Аманжол осы кезеңде командирлерінің ортасында абыройға ие болып, жетістіктері үшін «За воинскую доблесть» медалімен және бригада командирінің сағатымен марапатталады. 1969 жылы Байрам-Әли өңірінде «Ленфильм» киностудиясы түсірген «Белое солнце пустыни» атты кинофильм әртістеріне медициналық қызметті ұйымдастырып жүргізеді.

Әскери міндетін ойдағыдай атқарып, тәжірибе жинақтап, елге оралған Әбекең Қандыағаш теміржол тораптық емханасының хирургі қызметімен жалғастырады. 1970 жылдың басы. Бұл Аманжол Адаевтың бүкіл саналы ғұмырын медицина саласының басшылық қызметіне түбегейлі бұрып, осы істі өзіне мұрат етіп қойған кезең еді. Уақытпен санаспай, күні-түні үзіліссіз еңбек етіп, хирургиялық жаңа тәсілдерді меңгеруге күш салды. Практикалық жұмыспен қатар ауданның қоғамдық шараларына белсене араласып, өз биігінің белестерінен көріне білді. Әртүрлі іш-құрылыс ауруларын хирургиялық әдіспен емдеудің көптеген әдістерін практикаға енгізді. Аудан көлемінде, қоғамдық істердің алдыңғы қатарынан көрініп, ұзақ жылдар бойы аудандық партия комитетінің үздік насихатшысы қызметін ізденіспен атқарғанына, сол кездегі партия қызметкері болған мен өз басым куәмін.

Сол кездері жетісіне үш рет басылып шығатын «Октябрь туы»-«Знамя Октября» газетінің беттеріне менің шығармашылық жазуыммен Әбекеңнің пропагандистік үлгілі тәжірибесі бірнеше рет «Газет — плакат» ретінде жарияланғанын қалай айтпайын?! Бұл да бір қызығы мол, албырт жастықтың уақыты еді. Сол кезден қалыптасқан екеуара сыйластықтың көрінісі әлі күнге дейін жалғасып келе жатқанын әркез шүкіршілікпен еске алып отыратынымыз да рас. Әбекең кеңестік дәуірде ержетіп, білімі мен біліктілігін тиянақтап, өзінің таным-түйсігімен, уақыт талабын терең сезіну қабілетімен жастайынан атқа қонды. Мекеме басқару ісіне ерте араласты. Бұл қызметте ол қабілет-қарымын жоғары деңгейге көтеріп, салалы басқарушылық қызметін алға жетелеп, зор ұйымдастырушылық қасиетін көрсете білді.

Оның бойында үлгі тұтатын қасиеттер өте көп. Мен білетін Әбекең әлі де әділдігі мен парасаттылығы, сабырлылығы мен сырбаз мінезінен ауытқыған емес. Еңбек жолындағы тынбай атқарылған жұмыстары да бағаланбай қалған жоқ. Медициналық қызмет көрсетудегі жоғары жетістіктері үшін Аманжол Шүңгүлұлы «Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Санитарлық қорғау үздігі», «Н.И.Пирогов» медалі, «Құрметті теміржолшы», Кеңестер Одағы Теміржол Министрлігінің «Теміржол саласындағы социалистік жарыстың үздігі» марапаттарының иегері.

Қазіргі таңда Аманжолдың басшылығымен энурезді емдеу (балалар шыжыңы), темекі мен ішімдікке бейімділікті емдеу, тырысқақ ауруының алғашқы белгілерін анықтау және емдеу, өт жолы тас ауруларын емдеу, асқазан жараларын отасыз емдеу тәсілдері қолданысқа енгізілді. Ол басшылық ететін ЖММ «Шапағат» ауруханасы 2025 жылы «Шағын кәсіпкерлікті дамыту» номинациясы бойынша «Үздік медициналық мекеме» І-ші дәрежелі дипломының иегері атанды. Денсаулық сақтау саласында емдеу ісі, методика тәсілдері бойынша республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде алдыңғы қатарлы оқу орындарымен, ауруханалармен іскерлік тәжірибе алмасып отыруды дәстүрге айналдырған Аманжол түрлі халықаралық деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ, 2012 жылы Еуропа ғылыми өндірістік палатасы медицина әлемінің жұлдыздары, профессорлар Л.Рошаль, Л.Бокерия және тағы басқалармен қатар Аманжол Шүңгүлұлы «Diploma Merito» дипломымен, «Европа» алтын медалімен марапатталады. Австриялық Вена қаласында медицина мен фармацияға сіңірген еңбегі үшін халықаралық «Сократ» наградасы табыс етілді. Ұлттық бизнес одағына қатысушылар елдерінің 2016 жылғы рейтингтері бойынша жеке меншік мекеме «Шапағат» ауруханасы «Сапа көшбасшысы 2016» сертификатына және «Алтын белгісіне» ие болды. 2017 жылы аурухана Швейцариялық халықаралық сертификатын иеленді. Ауруханада жұмыс істейтін қызметкерлердің медициналық әдістемелік еңбектері республикалық және Ресей Федерациясының ғылыми конференцияларының жинақтарына енді.

Аманжол Шүңгүлұлы Н.И.Пирогов халықаралық хирургия ұйымының мүшесі, «ҚР Тәуелсіздігіне — 10-25-30 жыл», «Астана», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталған. Аманжол Адаев 2019 жылы Мұғалжар өңірінде алғашқы болып ұйымдастырылған аудандық билер алқасының төрағасы, облыстық прокурордың Мұғалжар ауданы бойынша көмекшісі. Қоғамдық қызметтерді қолына алған ол өзінің бай тәжірибесі мен күшқуатын қоғамның тұрақтылығы мен ел іші тыныштығын сақтауға арнап келеді. Көргені мен көңіліне түйгені мол, қайраткерлік қарымымен жұрттың ықыласына бөленген адамдар болады. Адамгершілікті ту етіп көтерген білігі мен ынта-ықыласын қоғамның арбасын сүйреуге арнаған біртуарлар қай заманда да аз болмаған. Әбекең өзінің ешкімге ұқсай бермейтін, өзгеше бітімімен, бұлталағы жоқ ер мінезді қалпымен, көзі жетіп тұрса айтқанынан қайтпайтын, тура сөйлеп, тік жүрер азаматтығымен, мекемесінің құндылықтарын қызғыштай қоритын ұстанымымен тұлғалықтың биігіне көтерілген сиректердің дарабозы.

Мен білетін Аманжол Шүңгілұлы — өз кәсібіне шаң қондырмай, дәрігер деген үлкен абыройлы атақты өзінің өзгеше қолтаңбасымен сомдай жүріп, екі ғасыр тоғысында осындай ауыр жүкті әрі дәрігер, әрі ұйымдастырушы, әрі тәлімгер ретінде қайыспай көтеріп жүрген үлкен тұлға. Ел алдында мағыналы, салмақты сөз, парасатты ақыл айтып, пікір қосатын, көпшілікке салиқалы ой тастайтын, жұрттың басын қосып, ауызбіршілік пен татулыққа ұйтқы болатын, әрдайым қатарластарының назарында жүретін сергек сезімді жан болса, еңбек жолында тек қана бір мекемені үзбей-жармай жарты ғасыр басқарып, ізденіс пен толғаныс үстінде жүріп, ұйымдастырушылық пен басқарушылық этикасында өз моделін құра білген профессор Аманжол Адаевтың соңында практикалық мол мұра, атқарылған ауқамды істердің нәтижесі бары ақиқат. Бұл — Әбекеңнің биіктік феномені.

Қарап отырсаң бұл дегеніңіз бір адамның басына қонған зор жетістік, керемет бақыт екен. Өзі жасақтаған «Шапағат» медицина мекемесі бүгінгі күні беделді емдеу орталықтарының бірі. Осыған орай Әбекеңді бейне бір саялы жапырағын кеңге жайған, тамырын тереңге жіберген бәйтерекке ұқсатамын. Халықта «Ай ортақ, күн ортақ», деген жақсы сөз бар. Ананы хан көтерген, әкені уәзір еткен, көрші-көлемді жарастырып, іні-қарындасты табыстырып жүрген мен білетін Аманжол Адаев ешқашан асып-тасыған емес. Жаны таза, адамгершілігі мол, жүрегі жұмсақ, көкірегі кең, биіктіктің басынан орын алған ел-жұрттың ақылшысы, абыз ақсақалы. Бүгінде кісілік келбеті қалыптасқан баспалдақтап көтерілген биіктігі мен баршаға үлгі боларлық Әбекеңнің адамгершілігін ел сыйлайды, құрметтейді. Әрине, бұл үшін сыйлайтындай дәрежеге жету парыз. Бұл Әбекеңнің ұлы азаматтық болмысы.

Өткенді тағы бір еске түсірсек, 1990 жылдардан бастап теміржол саласындағы денсаулық сақтау қызметі тоқырап, мекемелері жаппай жабылып, ондаған жылдар бойы еселенген ел қазынасы тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткенін көзіміз көрген жандармыз. Міне, сол жылдары Қандыағаш теміржол тораптық ауруханасы мен оған қарасты Қандыағаш №312, №313-ші разъездерінде орналасқан фельдшерлік пунктер халықтың сұраныс-тілектеріне қарамастан, бір мезгілде жабылды да қалды. Жүздеген жұмысшылар мен қарттар, бала-шағалар бір сәтте қорғансыздың күйіне көшті. Бұл тоқырау кезеңінің денсаулық сақтау саласына оңдырмай соққан лебі еді. Ел-жұрт абдырап қалды. Бұл оқиға Аманжол Шүңгүлұлына да оңайға соққан жоқ. Тоқыраудың тұсауы аурухананың неше бір ондаған жылдардан бері жинақталған материалдық-техникалық базасына да қауіп төндіре бастады. Себебі бұрынғы орталықтандырылған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйелері тоқтады. Ұжым дәрігерлері мен қызметкерлерінің еңбек ақысының да құрдымға кеткен аяусыз кезеңі басталды. Көп жылдар бойы дәрігерлердің еңбек ақысы күнкөріс деңгейінен бірнеше рет төмендегенін көрдік.

Сол уақыттарда Әбекең тептез етек-жеңін жинап, шешім іздеп, Ақтөбе мен Алматының арасын шарқ ұрғанын көрдік. Ол шаршау дегенді білмеді. Қазақстан теміржолындағы 4- 5 теміржол ауруханаларының бірі болған Қандыағаш тораптық ауруханасын таратпай, оның мүлкін құрдымға жібермей, халық игілігіне қалдыруға ықпалы өтетіндей ел азаматтарымен байланыс жасап, солармен бірге қоян-қолтық жол іздеп, шешімін таба білді. Сол уақыттарда жерлестеріміз Қазақстан Республикасы мәжілісінің депутаты Атлаш Жұмағалиев, академик Смағұл Балмуханов, ҚР Сенатының депутаты Иран Әміров сынды үлкен жүректі ел азаматтары жәрдем ұсынып, шаруашылық шешімін табуға бір адамдай жұмылып, Әбекеңнің қасынан табылды. Ел де риза болды. Қазірде «Шапағат» ауруханасы халыққа толыққанды қызмет етуде.

Медициналық мекеменің жұмыс практикасы, науқастарды емдеу сапасының өзгешелігі тек қана облыс емес, Республика бойынша жоғары дәрежеде екендігіне көзіміз жетіп жүр. Мысалы, инновациялық деңгейде ем жүргізетін Германияның Лапроскопия «Карл Шторс» қондырғысын емделушілерге облыс бойынша бірінші болып осы «Шапағат» ауруханасы қолдана бастағанын ескерсек, бұл үлкен дәреже мен абырой емес пе? Омыртқа, буын, бұлшық ет ауруларын емдейтін Оңтүстік Кореяда шығарылған «Нуга бест» магниттік «Алмаг» қондырғыларымен қатар түрлі лазермен, электр қуатымен емдеу жалғасуда. Медициналық талапқа сай лабораториялық анықтағыштар, физиотерапияның неше алуан түрі халық игілігіне мұқият пайдалануда. Айта кетерлігі, тек қана биылдың өзінде біреуі 2 миллион, екіншісі 6 миллион теңге тұратын лабораториялық анықтағыш қондырғылар сатып алынған.

Жалпы айтарым, аурухананың физиотерапия емдеу кабинетінің пациенттерді емдеу практикасы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып жүргізілуін мен өз басым осы ауруханадан көріп жүрмін. Ал аурухана ғимаратының архитектуралық сыртқы және ішкі келбетін сақтау, оның әуел бастағы түрін, түсін сақтау бұл тек қана Әбекеңнің таңдаулы ісі дер едім. Мекеме ғимаратының 80 жылдық архитектуралық келбеті сақталып, жыл сайын мұқият жөнделуі үлкен жұмыс екенін ескерсек, басшылық, дәрігерлік қызметінен басқа қолынан пассатиж бен балға түспейтін, шаруақол жанның ісіне еріксіз сүйсінесің. Аурухананың медициналық кадрлар ұжымы бұрынғы дәрігерлермен қалыптасып, өскелең жас мамандармен толығуда. Осы мекемеде ондаған жылдар бойы еңбек етіп, халық ықыласына бөленіп жүрген дәрігерлер Иманалина Ақсерік, Исетова Радина, Бөкенбаева Мадина, Қайрымбетова Гүлзира, Преснякова Галина, Танабаева Салтанат, Дәрменов Жамбыл, Нұрғалиева Мереке және тағы басқа еңбегі ел ішінде еленіп жүрген ұл-қыздар баршылық.

Аққан судай өмір де өтіп жатыр. Күн артынан күн зулайды. Туған айың да тураған еттей. Жылдарды жылдар қалай алмастырып жатқанын кейде аңғармай да қаласың. Арада арқырап жарты ғасыр уақыт өтсе де, ар мен адалдықты ту еткен, абырой мен беделге толы биіктіктің белесіне шыққан Аманжол Адаевтың даралық болмысы сірә, осы болар. Міне, ағайын, биіктік формуласы деп осыны айтса керек.

Аманкелді ШУНИМОВ, Мұғалжар ауданының Құрметті азаматы. Қараша 2023 ж.

Ұқсас ақпараттар

МЕКТЕП АТАУЫ ЖАҢАРДЫ

admin_mugalzhar

Президент Үкіметті отставкаға жіберді

admin_mugalzhar

Үшемдердің ата-анасына бесікарба сыйлады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.