Депутат жаңажылдық шараларға ысырапшылдық пен даңғазалық басым болып бара жатқанын атап өтті.Палатаның жалпы отырысында Сенат депутаты Әли Бектаев қазақстандықтарға Жаңа жылдың орнына Наурызды тойлауды ұсынды деп хабарлайды turkystan.kz сайтына сілтеме жасаған mugalzhar.kz
Әли Бектаев Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында Жаңа жыл мейрамы жөнінде мәселе көтерді.
«Жаңа жылды қарсы алу жылдан-жылға күрделеніп, жай отбасылық мерекеден ауқымды материалдық шараға айналып бара жатқаны жасырын емес.
Үлкен қалаларда, облыс, аудан орталықтарында орнатылған алып шыршалар, мұз қалашықтары, отшашулар мемлекет қазынасына салмақ түсіріп, тұрғын үй кешендерінде атылып жатқан перотехникалар қуаттылығы жағынан адамға үрей тудырып, материалдық зақымдар келтіруде.
Жаңажылдық сыйлық іздеп сабылып жүрген адамдардан сауда орталықтарында аяқ алып жүре алмайсың. Ал бағасы шарықтаған балалар ойыншықтарының басым көбі шет елден келетіні, шет елдің дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін, тілін, ділін, дінін насихаттайтындығын да жақсы білеміз», — деді сенатор.
Депутат жаңажылдық шараларға ысырапшылдық пен даңғазалық басым болып бара жатқанын атап өтті.
«Тәуелсіз Қазақстанда Жаңа жылды атап өтудің ерекше идиологиялық, әлеуметтік негізін қалыптастыратын уақыт келді. Елімізде 3 мың жылдық тарихы бар Наурыз мейрамы терең дәстүрге енуі қажет. Қазақстан үшін бұл мереке ерекше маңызға ие. Халқымызда «Наурыз – Ұлыстың ұлы күні, жыл басы, күн мен түннің теңелген күні» деп айтылады. Дәл осы күндері бітелген бұлақтардың көзін ашып, жерге тал отырғызып, әркім өз ауласы мен үй-жайын тазалаған. Егіске шығып егін егіп, малмен айналысатындар төл алуға кірісіп Жыл басы қайнаған еңбекке ұласқан, — деді ол.
Сенатор мемлекетімізде балабақшадан бастап барлық оқу орындары мен еңбек ұжымдарында, әр отбасында Наурыз мерекесін дәріптейтін дәстүрге енгізуге мұрындық болатын, әр азаматтың санасына сіңдіре білетін жалпыұлттық концепция қабылдау керек деп есептейтінін айтты.
Депутаттың пікірінше, Наурыздың тарихын, рухани құндылығын, оның әр дәстүрінің символикалық мәнін, ізгі амалдарының тәрбиелік мағынасын, татулық пен бірліктің негізін зерттейтін, қалың бұқараға жеткізетін ғылыми орталық қалыптасуы керек.
Айта кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі үшін Жаңа жылдың қасиетті мәні жоқ екенін айтып, қазақтарда Наурыз мейрамы бар екенін ерекше атап өткен.
“Жаңа жыл – әрине, күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы”, – деген еді президент.