«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Дәулет СЕРІКБАЕВ: ТЕАТР ӨНЕРІНІҢ ОРНЫ БІР ТӨБЕ

АУДАНДА СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ӘР САЛАДА ТЫҢ СЕРПІНМЕН КӨЗГЕ ТҮСІП ЖҮРГЕН ЖАСТАР ҚАТАРЫ КӨБЕЮДЕ. СОЛАРДЫҢ БІРІ БҮГІНГІ КЕЙІПКЕРІМІЗ АУДАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАП, ЖАСӨСПІРІМДЕРДІ ӨНЕРГЕ БАУЛЫП ЖҮРГЕН ЖАН. ДРАМА ӘРТІСІ, «DS THEATER STUDIO» ТЕАТРЫНЫҢ РЕЖИССЕРЫ ЖӘНЕ ЖЕТЕКШІСІ ДӘУЛЕТ СЕРІКБАЕВ БҮГІНГІ ГАЗЕТІМІЗДІҢ КЕЙІПКЕРІ БОЛМАҚ.

Үлкендердің өнегесін көріп, тәлім тәрбиесін алған ол Ембі қаласының тумасы. Ата-анасының жұмыс бабына байланысты 3-сынып оқып жүрген кезінде Қандыағаш қаласына қоныс аударды. Қандыағаш қалалық №2 орта мектепті жақсы аяқтап, 2015-2018 жылдар аралығында Ақтөбе қаласында көпсалалы «Тарлан» колледжінде оқып, «Драма театр әртісі» мамандығын алып шықты. Сол жылы Шығармашылық академиясына жұмысқа тұрып, балаларға сабақ беріп жүрген жерінен, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің арнайы шақыртуымен департамент бөліміне ұйымдастырушы және театр жетекшісі болып тағайындалды.

Бір жылдай уақыт өте, туыпөскен жеріме оралуға шешім қабылдадым. Содан Қандыағаш қаласына келіп, аудандық мәдениет үйіне жұмысқа орналастым. Сахналарға шығып, концерттерде өнер көрсетуге бойымыз әбден үйреніп, тәжірибе жинақтадым. Ал театр ашу себебім, біздің бала кезімізде қазіргідей түрлі үйірмелер, секциялар жоқтың қасы болды. Болса да тым аз еді, тек Жайдарман ғана болды десе де болады. Біздің көп уақытымыз далада, көшеде өтті. Сол себепті маған «қазіргі балаларда мүмкіншілік көп, бірақ сонда да олар неге далада жүріп уақыттарын құр өткізеді, мәдениет, өнер жаағынан өздерін неге дамытпасқа, неге өздерін сахнадан көрмеске, бақтарын сынамасқа?!» деген ой келді. Театр — адамның жаны, көңіл-күйі, болашаққа деген көзқарасы. Яғни, қоғамды, халықты тәрбиелейтін мәдени ошақтың бірі — осы театр. Театрды ашу өзімнің арманым, алға қойға мақсатым болатын. Сол ойдан шыға алмай, ешкімнің көмегінсіз, ешкімге ештеңе айтпай, бір кішкентай бөлмені жалға алып, театрды осылай қолға алдым. Бір айта кететін жайт, сол уақытта «Ds theater studio» жеке театрым мен мәдениет үйі жанынан құрылған жастар театрын қатар алып жүрген болатынбыз.

Өнерге таласы бар жасөспірімдерді жинаған бұл театрдың ашылуы 2019 жылы Дәулеттің өзінің туған күнінде, яғни 7 қазанда болды. Содан бері «Ds theater studio» жеке театрының жас әртістері көптеген облыстық, республикалық, тіпті халықаралық дәрежедегі байқаулардан жүлделі оралып жүр. Соның бір дәлелі өткен жылдың қараша айында Түркістан қаласында өткен «Talanttar Әлемі-2023» Халықаралық шығармашылық көпжанрлы байқау-фестивалінде бақтарын сынап, Гран-При жеңіп алды.

Сан түрлі өнердің ішінде театр өнері, театр мәдениетінің орны бір төбе. Бүгінде халықтың өнерге, театрға сусап жүргенін жиі байқаймыз. «Театр — өмірлік сұрақтарға шешім табатын жоғары интенция» деген сөз бар. «Интенция» деп отырғанымыз зат бейнесінің ойда сақталуын сипаттайтын ұғым. Міне сол себепті театр дамыса екен деймін. Театрды көретін көзайым көрермендер саны артса қандай тамаша болар еді! Бізге де ол шабыт әкелері сөзсіз. Қазір ауданда дәстүрлі түрде өтетін Жайдарман ойындарының да өз көрермендері қалыптасқан. Әр ойын сайын зал лық толы болады. Ал театрдың халыққа берері Жайдарманнан әлдеқайда салмақты деп ойлаймын. Белгіленген норматив бойынша жылына бір рет қойылым дайындап, оны аудан сахналарында, түрлі деңгейлердегі байқауларда орындаймыз. Біздің жақсы нәтижеге жету жолымызда үлкен көмекті және қолдауды жергілікті билік тарапынан емес, оқушыларымыздың ата-аналары тарапынан көріп келеміз. Өздерінің балалары үшін ештеңені аямайды. Жолақысы, барғанжердегітұрғынүй мәселесі, тамақтану — осының барлығы жағынан бізге демеу көрсетіп, барынша қолдауларын аямайды. Осындай ауызбіршіліктері мықты ата-аналарға алғысым шексіз. «Ds theater studio» театры актерлік өнер, вокал, хореография, заманауи би, изо, ағылшын тілі, қолөнер бағыттары бойынша жұмыс жасайды. Қазіргі таңда мұнда 15-ке жуық шәкірт тәрбиеленуде.

Балалар театрға қандай да бір іріктеу арқылы қабылданбайды. Баланың құлшынысына қараймын. Кейбір ата-аналар: «балам тұйық еді, ашып берші» деп әкеледі баласын. Бірақ ол баланың өзіне байланысты. Бір балалар ашылып, ортаға сіңісіп, әртістікті жан-тәнімен қалап, өзгереді. Ал бірқатары мүлдем икемге көне бермейді, сол тұйық қалпынан өзгерте алмай жатамыз. Тағы бір айта кететін нәрсе, ата-аналар бір айда нәтиже күтіп жатады, ол дұрыс емес. Нәтиже кейбір балада бір аптада болады, кейбір балалар үшін 2-3 ай уақыт қажет. Ал кейде мүлдем нәтижеге қол жеткізе алмайтын да кездер болады. Себебі бала өзі құлшынып, қалап тұрмаса, нәтижеде болмайды. Дегенмен менің мақтанатын шәкірттерім баршылық. Мәселен, 4 оқушым Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына грантқа оқуға түсіп, оқып жатыр. Тағы бір оқушым Орал қаласындағы оқу орнына драма театр актеріжәне режиссері мамандығында грантта оқуда. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш және жетістік деп білемін, — дейді шәкріт тәрбиелеп жүрген ұстаз. Актерлық өнер қанына сіңген, режиссерлықты меңгерген, ұстаздықты қолға алған Дәулетті мұғалжарлықтар блогер және асаба ретінде де таниды. Бір сөзбен айтқанда, «жігітке жеті өнер де аз» дегенді дәлелдеп-ақ жүрген жігіт. Жас та болса, жаңа бастамалардың басы-қасында жүретін жанның жеткен жетістіктері мен үлгі боларлық істері көп-ақ.

Театрдан өзге қызығушылығым да бар, әрине. Инстаграм жүргіземін, контенттер түсіремін. Той да жүргізетін азды-көпті өнерім бар. Жақында әлеуметтік желіде арнайы киім дүкенін ашқан едім. Осы істердің барлығын өз қалауыммен қолға алдым, және барынша сапалы жасауға тырысып-ақ келемін, — деген Дәулет қызықты оқиғаларымен де бөлісті.

Асабалықты ең алғаш 2016 жылы бастаған едім. Шыны керек, ол кезде сөздік қорым аз, 2- 3 жеңіл анекдоттар жаттап алып, асабамын деп жүрген кездер еді. Бір күні тәуекел етіп, үйде өтетін құдалыққа тапсырыс алдым. Содан, қызық болғаны, дайындап келген сценарийім бес-ақ минутта бітті де қалды, енді айтатын ештеңе жоқ. «Енді не істеймін?» деген ой келді, саса бастадым. Алда әлі қаншама тілек бар, тойдың бітуі қашық әлі. Тез-тез телефонымды алдым да интернеттен анекдоттарды бір көзбен шалып шықтым да, енді айтайын десем, бәрін шатастырып, не айтқанымды өзім білмей, кіретін тесік таппай қалған кезім болған. Міне, содан кейін той болсын, құдалық болсын, жалпы асабалық қызметімде ешқашан анекдот айтпайтын болдым. Үлкен сабақ болды мен үшін.

Бүгінде жастар саясаты — тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің басты бағдарының бірі екені белгілі. Жастардың білімін тереңдету, жаңа бастамаларына қолдау көрсету, әлеуметтік тұрғыда көметесуге арналған түрлі бағдарламалар да бар. Ал бұл туралы Дәурен жас не дейді?

Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табыстарға жете алады. Міне, сондықтан да «болам деген баланың бетін қақпай, белін буса», нұр үстіне нұр. Бұл үшін мемлекет тарапынан көтеріліп жатқан бастамалар аз емес. Тек соны жүзеге асыра алсақ болғаны. Әйтсе де, жастар әлі де көп нәрсеге қол жеткізе алмай отыр. Оны өзімнің басымнан өткізіп, көзбен көріп отырғандықтан айтып отырмын. Менің ойымша, жастарға қолдау шынымен аз, бірқатар жастар жағы менімен келісетін болар деп ойлаймын. Мысалы, «Жастар ресурстық орталығы» деген аты айтып тұрғандай, орталық жастар үшін жұмыстануы қажет. Өзгені қайдам, мен солай түсінемін. Десе де, осы орталық тарапынан жастар үшін жасалып жатқан нәрсе аз. Оны мен әлеуметтік желідегі парақшаларымда да айтып жүрмін. Тағы бір айтарым, өкінішке орай, жастар арасында көреалмаушылық басым. Бір-бірімізді қолдап, демеудің орнына, аяқтан шалуға тырысатынымыз қалай?! Жалпы жастар арасында олардың басын қосатын, креативті жұмыс жасай білетін, идеологиясы жоғары мықты көшбасшы болса деймін, — дейді ол.

Әңгіме аяғында Дәулеттен жоспарымен бөлісуді сұрадық. Қай істі қолға алса да, тиянақтылықты, жан-жақтылықты жақсы көретін кейіпкеріміз бұл жерде де алға қойған мақсаттары мен міндеттерінің көп екенін, тек барлығының етек-жеңі жиналып, жүйеленгесін ғана бөлісетінін айтты.

Жоспарлар өте көп. Мәселен, жуырда бір үлкен жобаны қолға алдым. Қазіргі таңда сол жобаны ашу бойынша қызу жұмыстар жүруде. Алдағы уақытта өздеріңіз көріп, бағасын бересіздер деген үміттемін, — деді өнерпаз жігіт.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

   

 

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда әрбір баланың Ұлттық қордан ақша аударатын есепшоты болады

admin_mugalzhar

Облыста басталған пилоттық жоба енді өзге өңірлерде жүзеге асырылатын болады

admin_mugalzhar

ДӘМЕШ ТІККЕН КӨРПЕЛЕР…

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.