«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МҰҒАЛЖАР: МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ 126 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР ҚАЙТАРЫЛДЫ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҮКІМЕТКЕ БЕРГЕН ТАПСЫРМАСЫНАН КЕЙІН ТҮРЛІ БАҒДАРЛАМАЛАР ЖАСАҚТАЛЫП, ЕЛ БОЙЫНША ИГЕРІЛМЕЙ ЖАТҚАН ЖЕРЛЕРДІҢ ҚАЙТАРЫЛА БАСТАҒАНЫ РАС. РЕСМИ ДЕРЕКТЕРГЕ ЖҮГІНСЕК, 2023 ЖЫЛЫ ЕЛ БОЙЫНША ЗАҢСЫЗ БЕРІЛГЕН БОС ЖАТҚАН 10 МЛН ГЕКТАР ЖЕР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН. ОНЫҢ 2,8 МЛН ГЕКТАРЫ ЖЕРГІЛІКТІ ФЕРМЕРЛЕРГЕ, ӨҢІРЛЕРДІҢ ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚАЙТА БӨЛІНГЕН. АЛ АУДАНДА БОС ЖАТҚАН ЖЕРЛЕРДІ ҚАЙТАРУ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ? ЖЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ, БОС ЖАТҚАН ЖЕРДІ ИГЕРУ МӘСЕЛЕСІ АЙМАҚТА ҚАЛАЙ ШЕШІЛІП ЖАТЫР? ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ СҰРАҚТАР ТӨҢІРЕГІНДЕ БҮГІНГІ МАҚАЛАМЫЗДА ТАРҚАТАМЫЗ. СОНЫМЕН..

ПАЙДАЛАНУШЫЛАР ЖЕРДІ ӨЗ ЕРІКТЕРІМЕН ҚАЙТАРУЫ ҚАЖЕТ

Ақтөбе облысының жер көлемі — 30 миллион 62 мың 900 гектар. Оның 13 миллион гектардан астамы ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылады. Соңғы екі жылда Ақтөбе облысында 900 000 гектар жер мемлекет меншігіне өткен. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Өтешов журналистерге берген сұхбатында жер иелерінен игерілмеген жерлерді сот тәртібімен кері қайтарып жатқанын мәлімдеді.

2022 жылдан бастап пайдаланылмай жатқан және мақсатсыз қолданылған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі, Жер ресурстары комитетінің бұйрығымен 2022 жылы 500 мың гектар жерді қайтаруымыз керек еді. Оны 535 мың қылып қайтардық. Ал былтыр мемлекет меншігіне 366 мың гектар аумақ өтті. Бұл жоспардан 36 мың гектарға көп, — деді ол.

Биыл облыс бойынша 266 мың гектар жерді кері қайтару міндеті тұр. Әр ауданның өз жоспары бар. Бұл жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Алдымен аудандық, қалалық жер бөлімдері мониторинг жасайды. Пайдаланылмай жатқан аумақтардың иелері анықталып, оларға өз еркімен қайтаруға мүмкіндік беріледі. Бас тартқан шаруалардың тізімі аумақтық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданады.

2023 ЖЫЛЫ БОСАЛҚЫ ЖЕР ҚОРЫНА 31733 ГЕКТАР ӨТТІ

Мұғалжар ауданының жалпы жер көлемі 2 786 180 гектар жерді құрайды. Оның ішінде 1 416 713 гектары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерлер. Ал босалқы жер қорының көлемі — 653272 гектар. Аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Ізтұрған Ешниязов жоғарыда аталған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің 16302 гектары егістік, 7113 гектары тыңайған, 3718 гектары шабындық, 1381694 гектары жайылымдық жер екенін айтты. Ал қалған 7886 гектары басқа алаптар.

Бүгінгі таңда жер қатынастар бөлімінде 479 шаруа қожалығының 1293589 гектар жері, 17 жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, 2 АҚ-ның 120817 гектар жері, 3 ауыл шаруашылық кооперативінің, 4 басқа да ауылшаруашылығы жерлердің 2002 гектар жер учаскелері тіркелген. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тоқсан сайын мониторинг жұмыстарын жүргізіп, тиімсіз немесе өз мақсатында пайдаланбай отырған агроқұрылымдармен мемлекетке қайтару жұмыстарын ұйымдастырудамыз, — деді Ізтұрған Ешниязов.

Оның сөзінше аудан аумағында 2021 жылдан бастап мемлекет меншігіне 126 мыңға жуық гектар жер қайтарылған. Жалпы бос жатқан жерлерді мемлекетке кері қайтару жұмыстары белсенді жүргізіліп, бекітілген жоспар артығымен орындалған.

-Біз жыл сайын мемлекет меншігіне қайтарылатын жайылымдық жерлерді артығымен орындап келеміз . 2021 жылы аудан бойынша босалқы жер қорына 46016 гектар жер өткізілді. Негізгі жоспар 45000 гектар болған. Ал 2022 жылы жоспар бойынша 45000 гектар жерді қайтарып алу керек болғанбыз. Бұл жылы да жоспарды 107 пайызға орындап, 48223 гектар жерді мемлекет меншігіне өткіздік. 2023 жылы босалқы жер қорына аудан аумағындағы 15 шаруа қожалығының игерілмеген 31733 гектар жері кері қайтарылды, — деді ол.

2023 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару үшін және шаруа қожалықтарының басшыларын заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартқызу үшін барлығы 35201 га жер учаскесі бар 27 агроқұрылымның құжаттары Ақтөбе облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған. Нәтижесінде, 2023 жылдың қазан айында жалпы көлемі 2518 гектар жері бар «Айнаг-агро» мен 189 гектар жері бар «Айнат» ШҚна басшыларына 1 жыл мерзімге нұсқама берілген.

 

Жоғарыда аталған шаруа қожалықтарының ішінде тоғыз шаруа қожалығының құжаттары департаментке екі мәрте жолданды. Ал қалған агроқұрылымдарға тексеріс жүргізіліп жатыр. Жер учаскелерін көп жылдар бойы пайдаланбай жүрген шаруа қожалықтарының басшылары шақыртылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілгеннен кейін жұмыс қалыпты жүргізілуде. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда. 2024 жылға жоспар бойынша 10000 гектар жер мемлекет меншігіне жер қайтарылуы тиіс. Осы уақытқа дейін 225 гектар жер мемлекет меншігіне өтті, — деді Ізтұрған Әлімбайұлы.

ИНТЕРАКТИВТІ КАРТА: ӘЗІРГЕ МҮМКІН БОЛМАЙ ТҰР

Елімізде мемлекеттік меншікке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы іске қосылды. Бұны Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп әзірлеген. Jerkarta.gharysh.kz деп аталатын геосервисте бұған дейін игерілмеген, заңсыз беріліп, мемлекетке қайтарылған учаскелер туралы барлық ақпарат орналастырылады.

Интерактивті карта азаматтарға кез келген уақытта қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері бойынша мониторингті жүзеге асыруға мүмкіндік береді және осы учаскелерді алу мақсатында жергілікті атқарушы органдарға өтініш беру үшін бағдар болады. Бұл жылдар бойы пайдаланылмаған ауылшаруашылық жерлерін айналымға тартуға, сондай-ақ тұрғындарды ауыл шаруашылығы үшін қажетті алаңдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Ал аудандық жер қатынастары бөлімінің мамандары әзірше бұл картамен жұмыс жасаудың қиындық тудырып отырғанын мәлімдеді.

Жер пайдаланушылар жерлерін мемлекетке қайтарғаннан кейін, өздері қалған жер учаскесінің жобасын өз қаржысына қайта жасатуы қажет. Бірақ жер пайданаушылары қаржыларының не болмаса уақыттарының жоқтығын айтып, жұмыстың жүруіне біршама кедергілерін келтіреді. Ал біз оларды мәжбүрлей алмаймыз. Себебі бізде ондай құзыреттілік жоқ. Бірақ барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ұсыныс білдіреміз, — деді бөлім басшысы.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

239 человек эвакуированы из зоны происшествия в Жамбылской области

admin_mugalzhar

АРХИВ: САРҒАЙҒАН ҚҰЖАТТАРДЫ САҚТАЙДЫ…

admin_mugalzhar

ЖАЗЫҚСЫЗ АТЫЛҒАНДАРДЫ ЕСКЕ АЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.