«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТЕМІР МІНЕЗДІ ТҰЛҒА

ОТАН ҚОРҒАУ ӘРБІР АДАМ ҮШІН ҚАШАНДА ҚАСИЕТТІ БОРЫШ САНАЛҒАН ЖӘНЕ СОЛАЙ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕРІ АНЫҚ. ОСЫ ЖОЛДА ЕЛІМІЗДЕ АБЫРОЙЛЫ ЕҢБЕК ЕТКЕН ӨР ТҰЛҒАЛЫ АЗАМАТТАР ЖЕТЕРЛІК. ОЛАРДЫҢ ІШІНДЕ МҰНАРЛЫ МҰҒАЛЖАРДАН ШЫҚҚАН БАТЫРЛАР ДА БАР. ЕНДЕШЕ, РИЯСЫЗ СҮЙІСПЕНШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІНЕ АЙНАЛҒАН МҰҒАЛЖАР МАҚТАНЫШТАРЫМЕН ТАНЫС БОЛЫҢЫЗДАР.

ГЕНЕРАЛ-ЛЕЙТЕНАНТ БОЛАТ ЖАНАСАЕВ – ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ ЖОҒАРЫ ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАРҚЫН ӨКІЛДЕРІНІҢ БІРІ. ЕЛ АРМИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫНА ҚОМАҚТЫ ҮЛЕС ҚОСҚАН ӘСКЕРИ ҚАЙРАТКЕР МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ТУМАСЫ.

Болат Бақытжанұлы Ақтөбе облысының Темір қаласында дүниеге келген. Ал мектепті Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында оқыған. Мектепті аяқтаған соң Болат Бақытжанұлы Кеңес Одағының маршалы Конев атындағы Алматы жалпыәскери командалық училищесіне оқуға түседі. «Офицерлер шеберханасы» атанған әскери оқу орнында ол болаттай шыңдалып, алмас қылыштай қалыптасады. Саптық және дене дайындығы, қару қолдану тәсілдері, әскери киім кию үлгілері мен өмір сүрлеуінен өткен ұлағатты ұстаздарының берген білімі курсанттық өмірдің ажырамас бөлігіндей болды. «Жігіт жанған от болсын» дейді халық даналығы. Болашақ генерал курсанттық кезінен бастап үмітті ақтайтынын көрсетті. Оның спорттық, мәдени жан-жақты дамуы әскери саладағы болашақ жеңістерінің іргетасы еді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Тіпті үшінші курс курсанты Болат Жанасаевтың қазақ халқының ұлы перзенті Дінмұхаммед Қонаев аталған әскери оқу орнына келген кезде қазақ басшысымен тілдесу мүмкіндігіне ие болған.

Алғашқы қызмет жолын Германиядағы Кеңес әскерлері тобында взвод, рота командирі, батальон командирінің орынбасарынан бастап, кейін Сібір әскери округында батальон командирінің орынбасары, батальон командирі болып жалғастырды. Киев әскери округында өзін жақсы қырынан көрсеткен сардарды жолдамамен Мәскеу қаласындағы М.В. Фрунзе атындағы әскери академиясына жіберді. Көп ұзамай оның мансабында күтпеген өзгеріс болды. Әскерлерде ұлтаралық жанжалдар шиеленіскен Одақтың әртүрлі өңірлерінде қоғамдық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қолдау жөніндегі қызметтік-жауынгерлік міндеттердің кеңеюіне байланысты осы өңірлерде жедел мақсаттағы бригадалар құру туралы шешім қабылданды. КСРО ІІМ Ішкі әскерлер Қолбасшысының бұйрығымен ол жедел мақсаттағы 100-ші дивизияның 47-ші жедел полкін құруға жауапты болып тағайындалады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылы Болат Бақытжанұлының өмірінде де тағы бір жаңа кезең басталды. Ел сенім артып, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданынан Жоғарғы Кеңестің 12-шақырылымының депутаты атанды. Жауапкершілігі мол депутат бола жүріп, егеменді ел әскерінің іргетасын қалауға бар ынтасымен кірісті. Себебі әскери өмірдің қиын да қызықты сүрлеуінен өткен тісқаққан офицер әскерге қатысты мәселелерге атүсті қарамай, оңтайлы шешілуін тікелей қадағалап отырды. «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері туралы», «ҚР ІІМ Ішкі әскерлері туралы», «ҚР ҰҚК Шекара қызметі туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» заңдарды және тағы да басқа заң жобаларын жасап, қабылдануына үлес қосты. Әскерге қатысты кез келген мәселенің басы-қасында жүрді. Қоғамдық мәселелерге белсене араласып, шешімі шиырланған проблеманы үлкен мінберден жетесіне жеткізе өткір айта білді.

Әскеріміздің құжаттамалық негізі қаланғанымен әлі де іске асыру жағы ақсап тұрған болатын. Жалпы, халықтық жағдаймен бірге әскерилердің де жағдайы көңіл көншітпейтін еді. Сөзден іске кірісу – уақыт талабы. Қай салада болсын іскерлігімен дараланған Болат Бақытжанұлына 1994 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі әскердің тізгінін сеніп тапсырды.

2000 жылы генерал-лейтенант Болат Жанасаев басқа да лауазымды қызметтерге ауысып, абыройлы қызметін жалғастырды. Десе де, бүгінгі Ұлттық ұланның тарихында өшпес із қалдырды. Бұл жылдар оның өміріндегі жеңісі мен жетістігінің бір парасындай.

Болат Жанасаев Президентке тікелей бағынатын арнайы әскери құрылымды білдіретін Республикалық ұланның Қолбасшысы болды. Кейіннен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалуына байланысты Төтенше жағдайлар вице-министрі болды. Біраз уақыттан соң оны Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымында қажырлы жұмыс күтіп тұрды. Бұл министрлікте ол өзінің парламенттік заң шығару қызметінің нәтижелері Қазақстанның Қарулы Күштерін құру мен қалыптастыруда баға жетпес рөл атқарғанын іс жүзінде сезінді. Ұлттық қорғаныс университетінің басшысы ретінде құрметті еңбек демалысына шықты. Бүгіндері дарабоз тұлға еліміздің маңдайалды компанияларының бірінде ел игілігі үшін еңбегін әрі қарай жалғастырып келеді.

Дайындаған Н.ТІЛЕП

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбедегі Қытай компаниясы «млн теңге жалақы түбіртегіне» қатысты жауап берді

admin_mugalzhar

+997. Қазақстанда телефон коды өзгереді

admin_mugalzhar

ЖҰРЫН: БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.