Әскер – елдің ертеңі. Отан алдындағы абыройлы борышын атқарып бүгінде әскери салада еңбек етіп жүргендердің бірі — қандыағаштық Азат Ерсаинов. Ол бүгінгі таңда Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне қарасты 0112 әскери бөлімінде келісім-шарт бойынша кіші сержант шенінде еңбек етіп жүр.
Азат Алтайұлы 2004 жылы Қандыағаш қаласында дүниеге келді. 2021 жылы №2 Қандыағаш қалалық жалпы білім беретін орта мектебін бітіріп, 2022 жылы әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге шақырту алды. Мемлекеттік күзет қызметінде әскери борышын өтеді.
-Әскери қызмет — кез-келген ер жігіттің өмір мектебінен өтетін бір кезең. Жігітке тән сабырлы мінезбен қатар, адами құндылықтарды қалыптастыратын әскери ортада шыңдалу, Отан алдындағы парызды өтеу — әрбір азаматтың қасиетті борышы. Бала кезімнен сарбаздарға қызыға қарап, ержеткенде осындай боламын деп армандаушы едім. Темірдей тәртіп, жинақылық, тазалық, өзін-өзі ұстай білу – әскерге тән қасиеттер, — дейді Азат.
Азат тәрбиесі мен жауапкершілігі жағынан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне қарасты 0112 әскери бөліміндегі алдыңғы қатардағы әскери қызметкердің бірі. 2023 жылы жауынгерлік даярлықта және жауынгерлік қызметте жеткен жетістіктері мен үлгілі әскери тәртібі үшін, сондай-ақ мерзімді қызметтерін адал және абыроймен атқарғаны үшін Алғыс хатпен марапатталған.