«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АҚТӨБЕ-ҚАНДЫАҒАШ: ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?

ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫН САЛУ МАУСЫМЫ БАСТАЛҒАЛЫ АҚТӨБЕ-ҚАНДЫАҒАШ АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ТАСЖОЛДА ҚЫЗУ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР. ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРЫ БҰЛ БАҒЫТТАҒЫ ЖОЛДЫ БИЫЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРЕТІНДЕРІН АЙТЫП ОТЫР. ЖАЛПЫ ҰЗЫНДЫҒЫ ЖҮЗ ШАҚЫРЫМҒА ЖУЫҚ ЖОЛ БІРІНШІ САНАТҚА СӘЙКЕС САЛЫНАДЫ.ЯҒНИ КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ КӨПТІГІНЕ ҚАРАМАСТАН, МҰНДАЙ САНАТТАҒЫ ЖОЛ КЕМ ДЕГЕНДЕ 10 ЖЫЛ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУСІЗ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ. АЙТПАҚШЫ, АТАЛҒАН АРАЛЫҚТАҒЫ ТАСЖОЛҒА ЖАҢАДАН САЛЫНЫП ЖАТҚАН ЖОЛПАЙДАЛАНУ УЧАСКЕСІ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ. МҰНДА «ҚАЗСЕРВИС» ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІГІ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТЕХНИКАЛАРЫ КӨШІРІЛІП, ЖҰМЫСШЫЛАРЫ ЕҢБЕК ЕТЕТІН БОЛАДЫ. БҰЛ ТУРАЛЫ «ҚАЗАВТОЖОЛ» МЕКЕМЕСІНІҢ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН БАСПАСӨЗ-ТУРЫНДА АЙТЫЛДЫ.

ӨНДІРІСТІК БАЗАЛАР КӨПТІК ЕТПЕЙДІ

Республикалық маңыздағы Ақтөбе-Атырау-Астрахань тасжолының 11-100 шақырымы — Ақтөбе-Қандыағаш бағытындағы жол құрылысымен танысу мақсатында ұйымдастырылған баспасөз турында барған алғашқы нысан — №11 жол-пайдалану учаскесі. Бұл кешен Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолының бойында, нақтырақ айтсақ, «Жаңа Әлжан» ұн комбинатының жанында салынып жатыр. Жол күтіміне жауаптылар отыратын кешеннің құрылысы жайында «ҚазАвтоЖол Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлов былай деді:

Жол-пайдалану учаскесінде еңбек ететіндер тасжолды қар мен мұздан тазартып, ондағы жол белгілеріне дейін жауапты болады. Қыс кезінде жолға төселетін қажетті инертті материалдар да осында сақталады. «Қазсервис» мекемесіне тиесілі техникалар осы жерге әкелінеді. Мұнда арнайы жатақхана мен жылыту пункттері де болады. Мұндай нысандар — жолдағы кедергілерді жою үшін жылдам әрекет ету үшін керек. Ақтөбе-Қандыағаш жобасы аясында Атырауға дейінгі аралықта жаңадан салынған мұндай төрт нысан бар. Өндірістік базаларымыз Ақтөбе және Қандыағаш қалалары, Шұбарқұдық және Ноғайты елдімекендерін де орналасқан. Ал  Алға, Қандыағаш қалаларының ішінде, сондай-ақ Қарауылкелдідегі ескі жол-пайдалану кешендеріне жөндеу жүргізетін боламыз. Бұл нысандар да техникамен жабдықталып, мұнда жұмысшылар тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

САНАТ ПЕН САПА

Қайта жаңартудан өткізіліп жатқан Ақтөбе-Қандыағаш тасжолының 11-52 шақырымын жөндеуге жауапты мекеме — түріктің «Сине Мидас Строй» компаниясы. Ал 52-ші шақырымнан Қандыағашқа дейінгі аралықты жергілікті «АссанаДорСтрой» компаниясы салып жатыр. Баспасөз-туры кезінде журналистерге мердігер ұйымдардың жұмысы таныстырылды.

Бізге тиесілі учаскеде салынып жатқан бірінші санаттағы жолдың ұзындығы — 33,5 шақырым. Осы жобада есептелген Қандыағаш қаласын айналып өту аумағының ұзындығы — 15,8 шақырым. Сонымен қатар Қандыағаш аумағынан өтетін 3,8 шақырымдық жолды салуға біздің компания жауапты. Қазіргі таңда  асфальт төсеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, бірінші санатты жолға екі қабат асфальт толық төселді. Үшінші рет асфальт төсеу жұмыстары да аяқталуға жақын қалды, — деді «АссанаДорСтрой» компаниясының өкілі Сейдахмет Құлшабаев.

Мұндай ірі жобаны бірінші рет өз жауапкершілігіне алған бұл компанияның жол бойында екі өндірістік зауыты жұмыс істеп тұр. Заманауи құрылғылармен жабдықталған өндіріс орындарының бірі — германиялық, ал екіншісі — оңтүстік кореялық  зауыт. Екі зауыт та тәулігіне 160 тонна өнім өндіреді. Асфальт-бетон шығаратын зауытқа шикізат өзімізден тасымалданады.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының өкілі Руслан Бейбітовтің айтуынша, асфальт ұлттық және халықаралық талаптарға сай салынып жатыр. «Ешқандай ақау анықталған жоқ. Себебі біз құрылыс материалдарының сапасын тұрақты тексереміз. Мәселен, бұл жолға 1200-ші маркалы қиыршық тас қолданылуға тиіс. Ал мердігер ұйымдар 1400-ші маркалы қиыршық тасты пайдаланып жатыр», — деді ол.

Қазіргі күні бұл жобаға жауапты түркиялық компания да өздеріне тиесілі аумақта монолитті жиектеу жұмыстарын жүргізіп, асфальт төсемінің жоғары қабатын аяқтауға жақын қалыпты. Сонымен қатар көпірлер мен өткелдерге, арқалықтарға  монолитті бетондау жұмыстарын қоса атқарып жатыр. Бұл компания да жол жиегіне асфальт-бетон шығаратын зауыттарын орнатып, өнімнің сапасын тексеретін арнайы зертхана да жұмыс істеп тұр. Ең бастысы, құрылыс материалдары жергілікті климатқа төзімді болуға тиіс.

-«Сине Мидас Строй» компаниясы жол құрылысы сапасына арналған зертхананың жетекшісі Анастасия Кривовязонконың айтуынша, жолға пайдаланылатын материалдар мұнда алдын ала тексеріледі. «Асфальттың суға, салқынға, мұз қатуға қатысты сапасына ерекше мән береміз. Ол үшін дайын өнімді бірнеше тәулік бойы суға салып көреміз. Мұндай тексерістер бірнеше аптаға созылады. Содан кейін ғана материалды құрылысқа қолдануға рұқсат беріледі», — деді ол.

18 КӨПІРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ

Айбол Данағұловтың айтуынша, қайта жаңарту жобасына сәйкес, Ақтөбе қаласынан Қандыағашқа кіреберіске дейін 4 жолақты (77,5 шақырым) —I-Б санатында, Қандыағаш қаласын айналып өтетін 2 жолақты (18,2 шақырым) жолдың сапасы ІІ санатқа ауыстырылатын болады. Сондай-ақ  жоба аясында 18 көпір мен 76 су өткізу құбыры (оның ішінде 16 мал айдау өткелі) салынып жатыр. Қазіргі уақытта су өткізгіш құбырларды орындау жұмыстары 87 пайыз болса, көпір құрылыстары 78 пайызға аяқталған.

Жоба бойынша құрылысмонтаж жұмыстарын аяқтау уақыты 2023 жылдың 4-тоқсанына жоспарланған болатын. Алайда жол-құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобалау-сметалық құжаттамаға түзету жүргізілді, — деді А.Данағұлов.

Бүгінде Ақтөбе-Қандыағаш учаскесінде 358 адам мен 185 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыс маусымы қарқын алған уақытта жұмысшылардың да, техниканың да саны арта түспек.

Бұл жобаны іске асыру Ақтөбе және Атырау облыстарының көлік-логистикалық әлеуетін, автомобиль жолының техникалық сипаттамаларын жақсартуға, жол жүру уақытын қысқартып, жолдың өткізу қабілетін ұлғайтуға мүмкіндік береді.Сондай-ақ екі облыстың жолаушылар санының және  жүк айналымының ұлғаюына, халықаралық транзиттік тасымалдың үлесіне оң әсерін тигізбек, — деді филиал директоры.

Арайлым НҰРБАЕВА «Ақтөбе

Ұқсас ақпараттар

АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАР АУДАНЫ ЖҮЛДЕЛІ ОРЫННАН КӨРІНДІ

admin_mugalzhar

Биылғы егін бітік шықты

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.