«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӨРКЕНИЕТТІҢ БАСТАУЫ – МӘДЕНИЕТ

21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні

МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ БАСЫМБАҒЫТТАРЫНЫҢ БІРІ – МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР ЕКЕНІ БЕЛГІЛІ. МӘДЕНИЕТ САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖОЛЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА. БҮГІНГІ АУДАН МӘДЕНИЕТІ САЛАСЫНЫҢ ДА ДАМУЫ КӨЗ ҚУАНТАДЫ. МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТЫҢ НӘТИЖЕСІМЕН АЛДА ТҰРҒАН ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖАЙЛЫ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ СӘУЛЕ ХАМЗИНАМЕН СҰХБАТТАСУДЫҢ СӘТІ ТҮСТІ.

-Бүгінде елімізде мәдениет саласын дамыту мен мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Ендеше, әңгімемізді өзіңіз басқарып отырған бөлімнің атқарып отырған қызметінен бастасақ. Жалпы ауданда мәдениет саласына көңіл қалай бөлінуде?

Мұғалжар ауданы бойынша біздің бөлім мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт салаларына басшылық жасайды. Мәдениет те, спорт та өз алдарына үлкен әрі әлеуметтік салалардың бірі. Бүгінде тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында көптеген жоспарлы және жоспардан тыс мәдени көпшілік, спорттық шаралар көп-теп ұйымдастырылуда. Бұл жұ-мыстарды өз деңгейінде өткізу үшін де үлкен қаржы қажет екені анық. Бүгінде ауданда мәдениет саласына, оның ішінде ауылдағы мәдениет ошақтарына жеткілікті деңгейде көңіл бөлініп келеді. Атап айтатын болсам, соңғы жылдары елді мекендердегі мәдениет ошақтары күрделі жөндеуден өткізілуде. 2022 жылы Ақкемер мен Жұрын ауы-лдарындағы мәдениет үйі жөндеуден өтсе, 2024 жылы Қаракөл ауылдық мәдениет үйі Егіндібұлақ ауылдық клубы, Ембі қалалық мәдени орталығының ғимараттарын жөндеуден өткі-зуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар барлық ауылдық мәдениет ошақтары компьютермен, музыкалық аппаратурамен, сахналық киімдермен қамтамасыз етілді.

Бөлімге қарасты мәдениет ошақтары туралы айта кетсеңіз. Ауданда қанша мәдениет үйі, ауылдық клуб, қанша кітапхана бар? Олар қандай жұмыс атқаруда?

Бөлімге қарасты 18 кітапхана мен 18 мәдениет үйлері халыққа қызмет көрсетеді. Барлық мәдениет ошақтары халықтың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында жоспарлы мәдени көпшілік шаралар ұйымдастырады. Әр түрлі деңгейдегі аудандық, облыстық, республикалық байқауларға өнерпаздарды қатыстырып, өнерлерін шыңдап, жүлделі орындарға ие болуларына қолдау көрсетеді. Жастарды өнерге баулу жолында да көптеген жұмыстар жүргізіледі. Мәдениет үйінің жандарынан би, көркемсөз, театр, вокал, домбыра, терме, ақындық өнер секілді үйірмелер жұмыс жасайды. Мұғалжар ауданында «Халықтық», «Үлгілі» атағы бар 13 өнер ұжымы бар. Ақтөбе облысы бойынша ауданымыздағы «Халықтық» театр, «Көкай» әзіл-сықақ театрі, «Триумф», «Алтынзер», «Құралай» би топтары, «Халықтық» ұлт-аспаптар оркестрлері, «Көзайым», «Қыздар» вокалдық тобы, «Жасын», «Қазына» вокалды аспапты ансамбльдері, «Ақ көгершін» балалар хоры, «Асыл әжелер» ансамблі алдыңғы қатардағы өнер ұжымдары деп айтсам, артық айтқаным емес.

Ауданда мәдениет үйлерінің қызмет сапасын жақсартуда қандай шаралар жүзеге асырылуда?

Кез келген жұмыстың сапалы болуына білімді де білікті мамандардың еңбегі негіз болады деп білемін. Осы мақсатта мәдениет мекемелерін білімі сәйкес келетін мамандарымен қамтамасыз ету бойынша үнемі жұмыстар жүргізіліп тұрады. Өзім басшылық жасаған уақыттан бері білімі сәйкес келмейтін бұрыннан қызмет жасап келе жатқан мамандар білімдерін жетілдіріп, тиісті дипломдарын алып, қызметтерін жалғастыруда. Ал жаңадан қабылданатын мамандар білімнің сәйкес болуы үнемі бақыланып отырады.

Ауданның мәдениет саласына жас мамандарды тарту жағы қалай жүруде? Жалпы кадр мәселесі туралы айтып өтсеңіз? Мәдениет саласына қандай мамандар жетіспейді? Қызметке жаңадан орналасқан жастардың ұжыммен жұмыс жасау белсенділігі туралы да айтып өтсеңіз.

Қазіргі танда Мұғалжар ауданы бойынша мәдениет саласында 212 мәдениет қызметкері жұмыс жасауда. 2023-2024 жылдары жаңадан жұмысқа 10 мәдениет қызметкері қабылданды. 2024 жылдың қаңтар айында ашық конкурс тәсілімен мекемеге директорлар тағайындалды. Кадр тапшылығы ауылдық мәдениет ошақтарында орын алып отыр. Бүгінгі таңда Сағашилі ауылдық клубында меңгеруші мен көркемдік жетекші, Талдысай ауылдық мәдениет үйінде директор, Жағабұлақ ауылдық клубында меңгеруші лауазымдары бос тұр. Жұмыс жасаймын деген жастарға барынша мүмкіндік жасауға тырысып жатырмыз. Мәдениет саласына келген жастар жаңа серпін береді деген үміттеміз. Болашағымыз жарқын болуы үшін заманауи көзқарас, жаңаша ойлау арқылы барлық ресурстарды пайдалана отырып, халыққа аянбай еңбек етуге міндетті.

Аудандық мәдениет бөлімінің тындырымды жұмыстарын мәдени шараларда көріп жүрміз. Жалпы мәдениет, өнер саласының мамандарына мемлекет тарапынан қаншалықты көңіл бөлінген?

Мәдениет, өнер саласына келген маманға мемлекет тарапынан қолдау ретінде «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде біржолғы ақшалай көтерме ақы және 0,1 пайызбен несие алу мүмкіндіктері қарастырылған. Бүгінде аталған бағдарлама бойынша жас мамандар ауылдық жерлерде еңбек етуде. Осы жылы екі жас маман жұмысқа қабылданды. Олар Қаракөл ауылында жұмыс жасап жатыр.

Мәдениет саласы қызметінің бір бөлігі тарихимәдени ескерткіштерді қорғау болып табылады. Осы орайда ауданда қандай шаралар атқарылуда?

Бүгінде Мұғалжар ауданы бойынша 83 тарихи-мәдени мұра объекті бар. Оның ішінде 45 ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілген. Оның — 35-і археологиялық, бесеуі киелі, үшеуі монументтік өнер құрылысы, 38-і – ескерткіш. Тарихи мәдени мұра объектілерінің төртеуі біздің бөлімнің балансына алынған. Ал тоғызы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Осыған сәйкес, Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 11-бабы негізінде, 2024 жылға арналған «Облыс аумағында тарихи және мәдениет ескерткіштерінің орнатылуы, қорғалуы және сақталуына арналған кешенді іс-шаралар жоспарын» басшылыққа ала отырып, қала және округ әкімдіктерімен өңір аумағында тарихимәдени мұра объектілерін зерделеу, төлқұжаттарын жинақтау, рәсімдеу (балансқа алу), алдын-ала есепке алу тізіміне енгізу, және ары қарай пайдалану мен сақтау бойынша нәтижеге бағытталған тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Ауданда өнердің қай саласы кенжелеп жатыр. Қай саланы дамыту керек деп есептейсіз?

Мұғалжар ауданы облыс көлеміндегі ең үлкен аудан. Біздің ауданның мәдениет саласында өнердің барлық түрлері дамыған десек, қате айтпаған болар едік. Жоғарыда аталған халықтық, үлгілі ұжымдардың, одан бөлек термеші, күйші, эстрадалық әншілерінің жетістіктері өте көп. Біздің қазіргі таңда аса мән беріп отырған жұмыстарымыздың бірі — ол мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайы. Ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу, ауылдарда коворкинг орталықтарын ашу, сахналық киімдермен, компьютермен, музыкалық аппаратурамен қамтамасыз ету.

Үнемі сыртта жүретін, шаралар өткізіп, дамыл таппайтын сіздің әріптестеріңіздің еңбектері ескеріліп жүр ме? Жалпы осы саланың қиындығы мен қызығына тоқталып өтсеңіз…

Дұрыс айтасыз, мәдениет — қиындығы мен қызығы қатар жүретін үлкен сала. Сахнада ән салып тұрған әнші сырт көзге уайымы аз, жұмысы жеңіл болып көрінуі мүмкін. Көпшіліктің «ән айтып, қыруар ақшасын алып кетті» деп те ойлауы ықтимал. Бірақ сол бірнеше минут ән айтып шығу үшін көптеген дайындық жұмыстары жүретінін бірі білсе, бірі біле бермейді. Бұл жағдай барлық мәдениет мекемелеріне де қатысты. Қатулы қыста да, ерекше ыстығы бар жазда да, жалпы жылдың төрт мезгілінде де сахнаны құратын да, жинайтын да, сол сахнада шаршағанын көрсетпей, көңілді күймен мерекелік шараны жүргізетін де, ән айтып, би билейтін де, театрландырылған көрініс қоятын да осы ұжым мүшелері.

Мереке қарсаңында әріптеріңізге айтар тілегіңіз…

Бұл мереке туған жеріміздің рухани дамуына және бай мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүрген жандарды біріктірген, шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісі, әрбір мәдениет қызметкері үшін ерекше күн. Ал мәдениет қызметкерлері – айналасын думанға бөлей білетін сан қырлы талант иесі және жан дүниесі бай, нағыз өз ісінің майталман шебері ретінде өнерге берілген азаматтар. Сондықтан халыққа үздік мәдени қызмет көрсетіп жүрген мәдениет қызметкерлері мен сала ардагерлерін әрдайым мақтан етеміз. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні – музей, кітапхана, театр, филармония, мәдениет үйлері қызметкерлерінің ғана емес, сонымен қатар сала ардагерлерінің, жалпы өнерсүйер қауымның шығармашылық мерекесі.

Алдағы уақытта да туған еліміздің мәдениеті мен өнерін өзгелерге дәріптеп, даңқын асқақтата берулеріңізге тілектеспін. Әрқашан да өнердің ақ туын берік ұстап, халыққа қызмет жасайтындарыңызға зор сенім білдіремін. Шығармашылық жаңа ізденістер, өнер жолында жаңа табыстар тілеймін!

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

КЕН ОРНЫНДА ЖЕРГІЛІКТІ ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ҮЛЕСІ АРТУДА

admin_mugalzhar

ҚАЗАҚСТАНДА НЕКЕНІ ТІРКЕУГЕ ӨТІНІШ БЕРУ МЕРЗІМІ ҚЫСҚАРМАҚ

admin_mugalzhar

Білім гранттары бойынша ауыл квотасы 5 пайызға артады – Вице-министр

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.