«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Жұбановқа арналған ақындар айтысы

(Әйгілі оқымысты, еліміздің қоғам, мәдениет, халық ағарту саласындағы төлбасы қайраткерлерінің бірі, қазақ филологиясы тарихындағы алғашқы профессор, ұлттық тіл білімінің теориялық негізін қалаған біртуар ғұлама лингвист — Құдайберген Жұбановтың 90 жылдық мерейтойында ұйымдастырылған республикалық термешілер мен ақындар айтысынан естеліктер).

Ғұлама ғалым Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың 90 жылдық мерейтойының сол кезде республикамыздағы ғылыми, мәдени өмірдің маңызды оқиғасы ретінде орын алған. Бұрын-соңды Тіл білімі институты атап өткен 70-80 жылдық тойларында бірнеше ғылыми баяндамалар жасалып, ғылым академиясының кітапханасында ғалым еңбектерінің көрмелері өткізілген болса, ал 90 жылдық мерейтойының кең көлемде тойлануының ерекшілігі 1989 жылы мемлекеттік тіл мен «Тілдер туралы» заңның қабылдануымен тұспа-тұс келуі еді. Жерлесіміздің мерекесі республикадағы ғылыми қайраткерлердің, облыстағы партия, совет органдары өкілдері мен ғалымдардың, тума-туыстарының және еңбекші жұртшылықтың қатысуымен туған топырағы Орқаш жерінде, кейін Ақтөбе қаласында тойланған.

1989 жылдың мамыр айына жоспарланған мерейтойға Алматыдан келген Жұбановтар әулеті мен зиялы қауым өкілдерін мектеп оқушылары үлкен сый құрметпен қарсы алған. Ғалымның туған өлкесінде бір-бірімен құшақ жая қауышқан қонақтар ауыл жұртшылығының қонақжайлылығы мен бауырмалдығына тәнті болыпты. «Той десе, қу бас домалайды» дегендей, есімі жұртшылыққа ыстық Құдайберген Жұбановтың мерейтойына келген қонақтардың қарасы көп болғаны соншалық, Орқаш мәдениет үйі лық толған. Мерейтойдың ашылу салтанатын аудандық партия комитетінің бірінші секретары Б.Әйтпенбетов ашып, Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының директоры, академик Ә.Қайдаров, көзін көрген Төреахмет Әбдіров, Рабиға Сыздықова, Сағын Амандықовтар қазақ лингвистикасының негізін салған Қ.Жұбановтың тіл ғылымының дамуына қосқан еңбектерін айтқан.

Сөз кезегін алған Мүслима, Ақырап, Есет, Қызғалдақ, Асқар, Ғазиза, Болат Жұбановтар мәңгі көрген жанның көңілінен кетпейтін ерте сөнген әкенің көп қырларының бірі — суретшілігін, ою-өрнек өнеріне деген ептілігін, 18-ге жуық тіл білгендігін атап, алдағы уақытта қолданысқа енетін ғылыми еңбектерімен таныстырған. Сонымен қатар Қазақ ССР Ғылым академиясы атынан арнайы әкелген Құдайберген Жұбановтың портретін Орқаш жұртшылығына сыйға тапсырған. Конференция соңы термешілер сайысы мен ақындар айтысына ұласып, сахна төріне шыққан термешілер мерейтойдың көрігін қыздырыпты.

Солардың бірі композитор Ғарифулла Құрманғалиевтің класында ұстаз Қалыбек Ақтаевтан тәлім алған ырғыздық термеші Қоянбай Тобағабылов: «Мерейтойға барған термешілер — көкшетаулық Баянғали Әлімжанов, мұғалжарлық Аманғали Абдраманов, ойылдық Аманкелді Жәкішов, шалқарлық мектеп оқушысы Рысжан Отарбаевалар бабалардың ғибраты мол, өнегелі ақылы мен нақылы үйлесім тапқан өмірлік қағидасына айналған термелерді орындаса, Асқар Әминов қоңыр дауысымен қиянат көрген ғалым туралы шырқағанда, көрермендер көздеріне жас алған еді. Кезегім келіп мен де:

Күлдір-күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екенбіз?!

Күрдеріден бау тағып,

Кіреуке киер ме екенбіз?!

Жағасы алтын жеңі жез,

Шығыршығы торғай көз,

Сауыт киер ме екенбіз?!

Ор қояндай жүгіріп,

Аш күзендей бүгіліп,

Жолбарыстай шұбарды,

Таңдап мінер ме екенбіз?!

Сол шұбарға мінген соң,

Қоңыраулы найза қолға алып,

Қоңыр салқын төске алып,

Қол төңкерер ме екенбіз?!»,- деп жырлаған «Ақтанберді» жыраудың термесін, Мұхиттың «Ақ иісін» орындағаным есімде. «Сол кездегі көрерменнің айрандай ұйып, құлақ салып тыңдауы өзгеше еді. Қасиет тұнған өнерді құрметтеген қауым терменің мән-мағынасын түсініп, қиқулап шабыт беріп, сахна төрінен жібермейтін. Сол сайыста бірінші орынды жеңіп алдым. Сонымен қатар академик Ахмет Жұбановтың 2006 жылы өткен 100 жылдық мерейтойында Парижде композитордың «Ақкөгершін» әнін айттым. Өнерімнің арқасында ел мақтаныштары қос бірдей Жұбановтардың мерейтойларына қатысуым мен үшін ең биік жетістік болды», — деп термеші өткен күндерін еске алды.

Мәдениет сарайында айтысты аңсап күткен халық айтыскерлерді де зор құрметпен қарсы алып, көркемсөз шеберлерінің жыр жарысын тамашалаған. Қызылорда, Арал, Көкшетау, Орал облысынан, Ақтөбе, Шалқар, Ойыл, Ырғыз өңірлерінен келген Оңталап Нұрмұханов, Баянғали Әлімжанов, Өтепберген Әбдіразақов, Аман Тасжанов, Жолдыбай Айтқұлов, Александр Кауенов, Бекұзақ Тәңірбергенов, Бибігүл Жаппасбаева сынды айтыскерлер жыр басын мерейтой иесінің атымен бастап, жарқын бейнесін суреттеп, тіл біліміне сіңірген еңбектері мен туған өлкесінің қонақжайлылығын, ауызбіршілігін айтып тартымды айтыс жасаған.

Мерейтой кезінде айтысты тамашалаған Роза Құрманғалиқызы: «Айтысқа өте жақсы дайындықпен келген қызылордалық Бибігүл Жаппасбаева мен Бекұзақ Тәңірбергеновтер өте жүйрік болды. Бекұзақ өткір тілді, ойы жүйрік ақын еді. Сол кездегі Орқаш совхозының директоры Ағлен Ермағанбетоваға арнауын арнап, айтыс барысында өлкеміздің табиғатын, торғайлардың дыбысын, жусан иісі мен самал желді жырға қосуы — халықты ерекше күйге бөледі. Жүлделі орындар да сөзсіз Бекұзақ пен Бибігүлге бұйырып, Ағлен апамның марапаттағаны көз алдымды», — деп есіне алды.

Арада біршама уақыт өтіп, айтыскерлерді іздестіру барысында Бекұзақ, Бибігүл, Жолдыбай, Өтепберген, Александр, Аман есімді айтыскерлердің өмірден озғанын естідім. Бекұзақ Тәңірбергеновтің бауыры Айбек Тәңірбергенов: «Ағама сол кезеңдерде тең келетін айтыскер болмады-ау, барған жерден әр кез бас жүлдемен оралатын. Бүгінде Аралдың айтыскері, «қайым айтыстың королі» атанған аға есімі мәңгілік ескерткіш тақтаға жазылған», — дейді.

Қызылордалық Бибігүл Жаппасбаеваны да жақсы танитынын айтып, қызы, айтыскер Зухра Төлеповамен байланыстырды. Анасының ақындығын бойына сіңірген Зухра Төлепова Қызылорда қаласының айтыскері, «Қазақстан жастар одағы сыйлығының» иегері. Бір қызығы, Зухра 13 жасында анасы жүрген жолмен жүріп, Ақтөбеде өткен ақын Нұрпейіс Байғаниннің 130 жылдығына арналған ақындар айтысына қатысып, «Жас айтыскер» номинациясын алыпты. Зухра: «Анамның Қ.Жұбановтың 90 жылдық мерейтойына қатысқанын білемін, 1-орын алған болатын. Қарсыластарының бірі Орал облысынан Александр Кауенов, бірі Өтепберген жездем болды. «Жездеммен айтысып, Орқашыңда алдыңғы күн, алдымда жуған кірдей өтектелген» деген ұйқастар келтірдім» деп айтып отыратын. Айтыстарын қағаз бетіне түсіріп жазып жүретін анамның сандығында қолжазбалар бар, солардың ішінен сіздерге қажеттісі болып қалар», — деп 35 жыл сақталған «Жезде мен балдыз» және «Александр Кауенов» айтыстарының жазбаша нұсқаларын музей қорына табыстады.

Орқаш совхозында өткен республикалық ақындар айтысы Ақтөбе қаласында жалғасып, Бибігүл Жаппасбаева Александр Кауеновпен айтысып, жүлдеге ие болыпты. Ғалымның 90 жылдық мерейтойы туған өлкесінде сондай зор құрметпен аталып өтсе, Алматы қаласында Қазақ ССР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесі және республикалық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен Құдайберген Жұбановқа арналған ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, қызметінің мәнін ашатын баяндамалар және жарыссөздер сөйлегендердің пікірлерін тыңдаумен қорытындыланыпты.

Бибігүл Жаппасбаеваның айтыстағы өлең жолынан үзінді:

Ақтөбем, тойларыңа келіп тұрмын,

Нұрпейіс, Әлия елін көріп тұрмын.

Сыр бойы жолдап еді ыстық сәлем,

Жырыммен сол сәлемді беріп тұрмын.

Жақсы істі жүрегіммен ұнатқанмын,

Ашылсын көмілген бар бұлақтарың

Бүгінгі тойлап жатқан ұлы атамыз,

Сөніп бір қайта жанған шырақтарың.

Екеуі бір атаның баласы еді,

Көзінің ағы менен қарасы еді,

Бүгінгі той иесі Құдайберген,

Ахмет Жұбановтың ағасы еді.

Не жетсін жақсы жыр арнағанға,

Шабыт құс мұндай кезде биік самға.

Кез болды сол атамыз кешегі өткен,

37-38 тар заманға.

Шындықты ешкім бетке айта алмады

Еңіреп елдің көбі шайқалғанды.

Қазақты елім деген небір тұлпар,

Көз жұмды жаламенен жайсаңдары.

Асыққан Сырдай болып Аралыма,

Аралды айтсам, жас келер жанарыма,

Халайық куә болар әрбір сөзге,

Кезекті мен беремін Оралыма.

Анархан САМИҒҰЛЛАҚЫЗЫ, Ағайынды Жұбановтар музейінің қызметкері, Ембі қаласы

 

Ұқсас ақпараттар

2025 жылға қарай халықтың 99%-ы интернетке қол жеткізеді — Мамин

admin_mugalzhar

РЕФЕРЕНДУМ: МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР ДАУЫС БЕРУДЕ

admin_mugalzhar

Жазғы мектептің оқу форматы өзгеше болады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.