«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАНТ ДИАБЕТІ — КӨП АУРУҒА СЕБЕП

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДИАБЕТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ДЕРЕКТЕРІНЕ СҮЙЕНСЕК, ӘЛЕМДЕ ҚАНТ ДИАБЕТІМЕН 537 МЛН-НАН АСТАМ АДАМ АУЫРАДЫ ЕКЕН. АЛ БҰЛ СЫРҚАТ МЕҢДЕГЕН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ САНЫ 400 МЫҢНАН АСЫП ЖЫҒЫЛАДЫ. БҮГІНДЕ АУДАН АУМАҒЫНДА АТАЛҒАН ДЕРТКЕ ШАЛДЫҚҚАН 1400-ГЕ ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ТҰРАДЫ. ОНЫҢ ІШІНДЕ 16 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАР САНЫ — 11. ИНСУЛИНГЕ ТӘУЕЛДІСІ — 56 АДАМ. ЕНДЕШЕ, БҮГІНГІ МАҚАЛАМЫЗДЫҢ АРҚАУЫ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ ЕМЕС ПАНДЕМИЯ СИПАТЫНА ИЕ БОЛҒАН ҚАНТ ДИАБЕТІ СЫРҚАТЫ ТУРАЛЫ БОЛМАҚ.

БҰЛ ДЕРТКЕ СЕБЕП КӨП

Мұғалжар аудандық ауруханасының эндокринолог Ағила Тағжанова кез келген аурудың пайда болуы адамдардың күнделікті тұрмыс салтымен байланысты екенін айтады. Оның сөзінше, дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің төмендігі, семіздік, ашушаңдық, ішімдікке әуестік сынды түрлі факторлар қант диабетіне алып келеді. Ал оның салдарынан ұйқы безінен бөлінетін инсулин гормонында ауытқу пайда болады. Бұл өз кезегінде қандағы қант мөлшерін арттырады. Ал оның шектен тыс көбеюі ағзаның улануына, соңында инфаркт, комаға әкеліп соқтырады.

Жалпы қант диабетінің екі түрі бар. Бірінші түрі ұйқы безінің өздігінен инсулин өндіре алмауы салдарынан пайда болады. Сол себепті адамның қан құрамында инсулин гормонының тапшылығы туындайды. Бұл көбіне жас адамдарда кездеседі. Ал ең көп тараған екінші түріне көп жағдайда жасы ұлғайған адамдар шалдығады. Бұрын қант диабетінің екінші түрімен 50 жасқа жақындаған адамдар ауырса, бүгінде бұл көрсеткіш жасарып, 30 жастағы адамдардың арасында көптеп анықталуда. Қант диабетінің екі түрі де қан мен зәр анализі арқылы, ондағы глюкоза деңгейіне қарап анықталады. Бірақ қан анализі нақтырақ нәтиже береді. Егер қандағы қант деңгейі жоғары болса, дұрыс диагноз қойылу үшін басқа күні қайталап қан тапсыру ұсынылады. Егер толықтай анықталған жағдайда біз науқасты бақылауға аламыз, — деді дәрігер Ағила Керейқызы.

Мұғалжар аудандық ауруханасы бойынша жалпы саны 649 адам қант диабеті сырқатымен диспансерлік есепке алынған. Оның 20-сы инсулин гормонына тәуелді. Ал инсулинге тәуелділердің тең жартысы яғни, 10-ы балалар. Дәрігер инсулин гормонына көп жағдайда балалардың тәуелділігі жоғары екеніне назар аудартты. Себебі бүлдіршіндегі иммунитеттің әрі гормональды қызметі толық қалыптаспайды екен. Сондай-ақ жасөспірімдер вирустық аурумен жиі ауырса да, ағзада инсулиннің бөлінуі тоқтауы мүмкін екен. Қант диабетінің инсулинге тәуелді түріне шалдыққандар уақытылы емін алып, екпесін салдырмаса, өміріне қауіп төнеді.

-Бүгінде жастар дұрыс тамақтанбайды. Көпшілігі фастфуд өнімдеріне, газды сусындарға әуес. Бұл семіздікке алып келеді. Ал семіздік қант диабетіне шалдықтырады. Қант диабеті кейбір органдардың, әсіресе, көз, бүйрек, жүйке, жүрек және қан жолдары тамырларының зақымдалуына немесе тиісті деңгейде жұмыс істей алмауына алып келеді. Сонымен бірге аз қозғалыс та бұл ауруға себеп болады. Сол себепті адамдар дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануы қажет. Сол кезде аурудың алдын алуға болады, — деді дәрігер.

Дәрігердің сөзінше, қант диабеті әр адамда әртүрлі дамиды, десе де уақыт өте оларда бұл патологияның ортақ белгілері пайда болады екен. Жалпы аталған сырқаттың алғашқы белгі леріне жиі зәр шығару, шөлдей беру, ауыздың құрғауы, қарынның аша беруі, ұйқысыздық пен күндізгі ұйқышылдық, созылмалы шаршаңқылық, жаралардың баяу жазылуы, бас айналу, қол мен аяқтың ұюы, әртүрлі дерматиттер, дене массасының бірден төмендеуі немесе артуы, көрумен байланысты проблемалар, бас ауруы, жоғары қан қысымы жатады. Егер адамдар өздерінен осы белгілердің біреуін немесе бірнешеуін байқаса, дереу дәрігерге қаралғаны абзал.

ҚАНТ ДИАБЕТІ ТҰҚЫМ ҚУАЛАЙДЫ

Дәрігер қант диабеті ауруы тұқымқуалаушылық қасиетке ие екенін тілге тиек етті. Егер атаананың бірі сырқат болса, баласы аталған аурумен науқастанып қалуы 50 пайызға мүмкін екен. Сол себепті тұрғындар жыл сайын медициналық тексеріс кезінде қандағы қант мөлшерін тексергені абзал.

Қант диабетінің бірінші түрі инсулин көмегімен ғана емделеді. Бұл науқас күніне бірнеше рет ине салдыратын базис-болюсты терапия қабылдайды. Сонымен бірге кейбір науқастар тұрақты режимде ағзаға инсулин жіберіп отыратын арнайы аппарат – помпаны қолданады. Мұғалжар аудандық ауруханасы бойынша бүгінгі таңда екі бала осы аппаратты салдыртты. Бүгінде жағдайлары қалыпты. Бұл — ауруды асқындырмаудың тиімді жолы. Бірақ көпшілігі осы помпаны қойдыруға жүрексінеді. Біз науқастарға қауіпсіз екенін айтып, түсіндіреміз. Ал қант диабетінің 2-ші түрін емдеудің бірнеше нұсқасы қарастырылған. Айталық, оларға белгілі бір диета мен өмір салтын өзгерту жеткілікті болуы мүмкін. Ал кейбір науқастардың жағдайына қарап қажетті дәріні тағайындаймыз. Егер ұйқы безі өзінің инсулин қорын түгел жұмсап қойса, терапияға инсулин қосылады, — деді Ағила Тағжанова.

ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕК БЕРІЛЕДІ

Қант диабетіне шалдыққан науқастарға мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Айталық, олар тегін дәрі-дәрмек алып, жылына екі мәрте стационарда ем қабылдайды. Бұл туралы Ембі аудандық ауруханасының бас дәрігері Ерлан Бұхарбаев айтты.

Қант диабеті ел бойынша әлеуметтік маңызы бар аурулардың қатарына кіреді. Сондықтан пациенттер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін емделе алады. Қант диабетімен өмір сүретін адамдарға барынша қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ пациенттерді дәрілік заттармен, қажетті еммен және өлшеуіш құралдармен қамтамасыз етеміз. Тегін емделетін пациенттерге сенімді дәлелді базасы бар препараттардың барлығы дерлік қолжетімді, сондай-ақ олар жалпы сақтандыру аясында диагностикалық скринингтен өтеді, — деді ол.

Оның сөзінше, Ембі аудандық ауруханасы бойынша бүгінгі таңда 341 адам диспансерлік есепте тұр. Оның біреуі бала. Ал инсулин гормонына 9 адам тәуелді.

Аталған дертке шалдыққандарға психологиялық тұрғыда көмек те көрсетіледі. Эндокринолог дәрі-гер Ақиба Керейқызы науқастарда қант диабеті анықталған кезде күйзеліске түсетінін жеткізді. Осындай сәттерде оларға психолог дәрігер барынша қолдау көрсетеді екен.

Бұрындары осы диагноз қойылған сәтте науқас қатты уайымдайтын. Біз оларға барынша көмек көрсетеміз. Бүгінде ашық ғаламторда сырқат туралы ақпараттың барлығы дерлік бар. Көзі ашық, көкірегі ояу тұрғындар ауру туралы толық деректерді қарап, танысып, бұл ауруды асқындырмай, қалыпта ұстау керектігін толық түсінеді. Сақтану жолдарын біледі. Егер науқас дұрыс тамақтанып, дәрілерін уақытылы қабылдаса, бұл аурумен ұзақ өмір сүруге толық мүмкіндік алады. Ал егер біз ұсынған ережелерді сақтамаса, денсаулығын күтпесе, ауру асқынып, түрлі жағдайларға алып келуі мүмкін. Бұл дертке шалдыққандар өздерін толық «вакуумда» ұстаулары керек. Шама келсе, дене жарақатын түсірмегені абзал, — деді ол.

ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ – МАҢЫЗДЫ

Қант диабеті үшін дұрыс диеталық тамақтану өте маңызды. Эндокринолог дәрігер Ағила Тағжанова қант диабеті кезінде №9 үстел диетасын ұстану қажеттігін ескертті.

Бұл диета қант диабетінің 1-ші және 2-ші типтері бар адамдарға тағайындалады. Қант диабетінің екінші түріне шалдыққан адамдар өмір бойы қатаң диетаны сақтауы керек. Яғни, олар үнемі не жегенін бақылап отыруы шарт. Қант диабетіне шалдыққан пациент баклажан, қызанақ, кәді, орамжапырақ, пияз көп жеу керек. Себебі, олардың гликемиялық индексі төмен. Ал қуырылған және қайнатылғанкартопты, асқабақты, қызылшаны, жүгеріні жеуге болмайды. Сүт өнімдеріне рұқсат етілген. Тек майлы ірімшік, майлы қаймақ, майлы айранды тұтынбаған жөн. Сүрленген, тұздалған, ұннан жасалған тамақтарды жемеу керек. Рационда міндетті түрде ет пен балық  болуы қажет, — деді ол.

Эндокринолог дәрігердің бұл сөзін ұзақ жыл денсаулық сақтау саласында қызмет атқарған «Шапағат» ауруханасының бас дәрігері Аманжол Адаев та растады. Ол диетаны ұзақ уақыт сақтамау, алкогольдік ішімдік ішу, тәтті тағамдарды жеу — дертті асқындыратынын жеткізді.

Дұрыс тамақтанбау адам өміріне қауіп төндіреді. Мысалы, диабетикалық ретинопатия кезінде адам соқыр болып қалуы мүмкін. Ал диабетикалық нефропатияда адамның бүйрегі дұрыс жұмыс істемей қалуы ықтимал. Мұндай жағдайда инсульт алу қаупі жоғары болады. Сондықтан бұл дерт — өте қауіпті ауру. Біздің ауруханада аталған дертпен жалпы саны 318 адам тіркеуде тұр. Оның 27-сы инсулинге тәуелді. Аурухана дәрігерлері науқастарға жоғарыда айтылған кеңестер мен ескертулерді үнемі айтып отырады, — деді Аманжол Шүнгүлұлы.

Осы орайда дәрігер бұл дертке шалдыққан адам сары уайымға салынбауы қажеттігін де ескертті. Оның пікірінше, қант диабетіне шалдыққан адам дұрыс тамақтанса, белсенді өмір салтын ұстанса, дәрігердің бақылауында болса, өміріне қауіп төнбейді.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

АҚПАРАТТЫҚ ТОП МҮШЕЛЕРІ МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНДА

admin_mugalzhar

Жаңа қаулы шықты: коронавирус шектеулері алып тасталады

admin_mugalzhar

Токио Олимпиадасы: Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.