ЖАЗ КЕЛСЕ, БАЛАЛАРДЫ ҮЙДЕ ҰСТАП ОТЫРУ ОҢАЙ ЕМЕС. ТАҢНЫҢ АТЫСЫ, КҮННІҢ БАТЫСЫ ОЙЫНҒА БІР ТОЙМАЙДЫ, ШІРКІНДЕРІҢ. ОСЫ ОРАЙДА БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫН ҚЫЗЫҚТЫ ӨТКІЗІП, ОЙЫННЫҢ КӨРКІ ҚЫЗАТЫН ЖЕР — БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢЫ. АЛ ОСЫ АЛАҢДАР ТАЛАПҚА САЙ МА? АТААНА БАЛАСЫН АЛАҢДАМАЙ ОЙЫНҒА ЖІБЕРЕ АЛА МА? БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢЫНА КІМ ЖАУАПТЫ? ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ СҰРАҚТАРҒА ЖАУАПТЫ БҮГІНГІ МАҚАЛАМЫЗДАН ОҚИ АЛАСЫЗДАР. СОНЫМЕН
ОЙЫН АЛАҢЫ: БІЗ КӨРГЕН КӨРІНІС
Қала аумағындағы ойын алаңдарының жағдайын көзбен көру үшін біз, газет журналистері, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын аралап шықтық. Жаңадан салынған ойын алаңдарына да, тозығы жеткен алаңқайларға да бардық. Ең алдымен «Достық» мөлтек ауданы №3 мектеп гимназиясының жанында орналасқан балалар ойын алаңына келдік. 2018 жылы пайдалауға берілген бұл жердің тозығы әбден же-тіпті. Сол жылы қала аумағында алғаш рет салынған заманауи ойын алаңын «Самұрық Қазына» компаниясы демеушілікпен салып берген. Секіргіштері мен әткеншектері сынған, сырлары өңіп кеткен алаңның күйі көңілді құлазытады. Жерге төселген жұм-сақ жабындысы да жұ-лым-жұлым болған. Қалың әрі берік ағаштан орнатылған қондырғылар ортасынан морт сынған. Жанында орналасқан спорт құрылғылары да көзге тұрпайы көрінеді. Себебі бірінің отырғышы жоқ болса, екіншісінің тартуға, бұруға арналған бөлшектері жоқ. Бұл көрініске қарап, кімді кінәларсың?! Дұрыс пайдалана алмаған тұрғындарды ма, әлде жасап берген жергілікті әкімдікті ме?
Жә, одан өтіп, қала орталығында орналасқан автовокзалды бет алдық. Бұл жерге де бірнеше жыл бұрын қаланың кішкентай тұрғындары үшін су жаңа ойын алаңы орнатылған еді. Алайда оның да бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Топырақ үстіне орнатылған ойын қондырғыларының саутамдығы қалмаған. Ойнауға келетін балалардың да нөпірі көп. Жан-жағына қарасаң, толған кәсіпкерлік нысандар. Бірі дүкен, бірі ауқаттану орындарын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Алайда көркі кеткен ойын алаңын ойлап, алаңдайтындар аз секілді. Әйтпесе, кәсіпкерлік нысандар шоғырланған жердің кейпі бұлай болмас еді…
Әрі қарай автовокзалды артқа қалдырып, теміржол вокзалына бет алдық. Ондағы мақсат – осы маңдағы ойын алаңын көзбен көру. Бұл жердегі ойын құрылғылары түрліше қондырылған. Бірі теңіз айлағындағы үлкен кемеге ұқсаса, екіншісін үлкен жүк көлігі ме дерсіз. Балалардың ойын дамытуға арналған өзге де ойын қондырғыларын көруге болады. Сондай-ақ шынығамын деушілерге арналған спорттық құрылғылар да бар. Бірақ мен суреттеген әдемі алаң тозып кетіпті. Бөлшектері сынған, жұлынған, қисайған. Балалар отырып айналатын қозғалтқыштар жарамсыз. Бүгінгі кейпіне қарап, көңілің түседі. Жамбыл Жабаев көшесіндегі орналасқан «Бақытты бала» саябағы да көз қуантпайды. Бұл жерде де жоғарыдағы көрініс. Ойрандалған ойын алаңдарын көріп, «осының бәрін кім бүлдіреді?» деген сұрақ сізді де мазалап отырған болар…
ОЙНАЙТЫН ДА, СЫНДЫРАТЫН ДА – ӨЗІМІЗ
Көпшілік үшін салынған саябақтардың жағдайын көрген соң мән-жайды жауапты мамандардан білмек ниетте Қандыағаш қалалық әкімдігіне бас сұқтық. Бүгінде қала әкімінің міндетін атқарып жүрген Жандос Құлбаевқа жолығып, тозығы жеткен ойын алаңдарының жағдайын жеткіздік. Ол бұл мәселелерден хабардар екенін айтып, қалыпқа келтіру үшін жұмыстардың ұйымдастырылып жатқанын мәлімдеді.
—Бұл ойын алаңдары 2018-2019 жылдары салынды. «Достық» мөлтек ауданындағы және теміржол вокзалы маңындағы ойын алаңы 2018 жылы «Самұрық-Қазына» компаниясының қаражатына салынды. Сол уақыттан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Өткен жылы қалпына келтіру үшін мемлекеттік сатып алу порталында хабаландыру жариялап, конкурс ойнатқан болатынбыз. Бірақ жөндеу жұмыстарын жөндеуге ниетті жандар болмады. Биыл да жөндеу үшін хабарландыру беруді жоспарлап отырмыз, — деді ол.
Оның сөзінше, қала аумағындағы балалар ойын алаңына үлкендердің өзі жауапсыздық танытады екен. Тіпті кейбір аналар балаларымен бірге әткеншектерге отырып, сындырған кездері де болыпты. Одан қалды, түн қорыған жастар да ойын алаңдарында бас қосып, қозғалтқыштарды бұзып кеткен деректері де кездескен.
—Көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ арамызда қаламыздың тазалығы мен көркіне жауапсыз қарап, бүлдіретін, сындыратын, әдейілеп қоқыс тастайтындар бар. Сол адамдарға мәдениеттілікті үйрену керек секілді. Жақында ғана пайдалануға берілген «Бақытты бала» саябағындағы ойын алаңында аспалы әткеншек пен айналмалы құрылғыны бірнеше мәрте жөндеуден өткізді. Балталағанда сынбайтын қалың ағаштан жасалған қондырғылардың қалай сынып қалғанын түсіну қиын. Балалардың санасына ортақ мүлік, өзгенің мүлкіне жанашырлық таныту деген қасиетті сіңіру керек деп есептеймін. Үкімет тарапынан қаражат бөлініп, орнатылған ортақ дүние талан-таражға түспеуі тиіс. Оңбайтын тірлік жасап жүргендерді кезіктірген жағдайда оларға ойын алаңдарына қамқорлық турасында айта жүрген де жөн, — деді Жандос Құлбаев.
Айтса айтқандай, расымен де бұл жерлерде ойнайтын өз балаларымыз, демалатын да өзіміз. Айналып келгенде сындыратын да өзіміз. Демек барды бағалай алмай отырмыз.
20-ҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ АУЛАЛАРЫ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ
Қаламызда соңғы бес жылда тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүйелі жүзеге асырылуда. Бұл жаңалық барша қандыағаштықтарды қуантқаны белгілі. Әрине, бүгінде қаладағы барлық көп қабатты тұрғын үйлерінің аулаларында жаңа ойын алаңдары бар деп толық айтуға келмейді. Әлі күнге дейін кеңес үкіметінен қалған тартылғыштар мен тоты шыққан темір сырғанақтары бар алаңдар да кездеседі. Қандыағаш қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жандос Құлбаев 2020 жылдан бері қала бойынша 30-дан астам көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына жаңа типті ойын алаңдарының орнатылғанын жеткізді.
—Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүйелі атқарылуда. Осы уақытқа дейін «Финляндия» мөлтек ауданы Байкунов көшесіндегі №69, 70, 71, Шынтасов көшесіндегі №3, Жамбыл көшесіндегі №74, 75, «Достық» мөлтек ауданындағы №14, 23, 24, 25, «Жастық» мөлтек ауданы №37а, 37б, 20, 21, 22, 23, 24, 25, 44, 45, 46, 80, 81, 78, 6, 7, 3, 10, «Самал» мөлтек ауданындағы №49 және жаңадан салынған 3 қабатты тұрғын үйлерінің аулаларына және «Бейбітшілік» көшесіне балалар ойын алаңы салынды. Осы аталған ойын алаңдарын күтіп-ұстау жұмыстарын мүліктің меншік иелерінің бірлестіктері жүргізеді, — деді Жандос Ермекұлы.
Ол қазір «Жастық» мөлтек ауданындағы №3«А» көпқабатты тұрғын үйдің артынан жаңа типті балалар ойын алаңының салынып жатқанын айтты. Бүгінде биік сырғанақ, әткеншек, саңырауқұлақ секілді қондырғылары орналастырылған. Алдағы уақытта алаңның сырты қоршалып, ішіне топырақ төсеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
— Қандыағаш қаласы бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасады. Атап айтатын болсам, «Жастық» мөлтек ауданы №1,4 көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылады. Бұл аулаларды «ИКАС» ЖШСатқарады. Бюджеттен бөлінген қаржының көлемі — 80 млн 267 мың теңге. Сондай-ақ «Жастық» мөлтек ауданындағы №16, 17, 18, 19 көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары да жөнделеді. Ол жұмыстарға 56 млн 362 мың теңге бөлінді. Ал абаттандыру жұмыстарын «KDC CONTRUCTION» ЖШС-і жүргізеді, — деді ол.
Оның сөзіне сенсек, аулалары абаттандырылатын көпқабатты тұрғын үйлердің қатарын «Достық» мөлтек ауданы №20, 21, «Жастық» мөлтек ауданы №11, 5, 9, Жамбыл Жабаев көшесіндегі №68, 69, 70, 71 үйлер толықтырады.
-«Достық» мөлтек ауданы №20, 21 тұрғын үйдің ауласын абаттандыруға 68 млн 698 мың теңге бөлінген. Ал жұмыстарын жүргізу жауапкершілігін «Регион -Сервис -Актобе » ЖШС-і алды. Ал «Жастық» мөлтек ауданындағы №11 көпқабатты тұрғын үйге 52 млн 228 мың теңге бөлінді. Абаттандыру жұмыстарын «Қалау+» ЖШС-і атқарады. «Жастық» м/а №5, 9 көпқабатты тұрғын үйлердің де аулаларын абаттандыру жұмыстарын «Регион-Сервис-Актобе» ЖШС-і 57 млн 432 мың теңгеге жүргізетін болады. Сонымен бірге Ж.Жабаев көшесіндегі №68, 69, 70, 71 үйлерге апаратын жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары жасалады. Бұл жоба үшін бюджеттен бөлінген қаржының көлемі — 199 млн 417 мың теңге. Абаттандыру жұмыстарын «Стройсервисплюс» ЖШС-і атқарады. Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы 2024 жылдың аяғына дейін толығымен аяқталады, — деді Жандос Құлбаев.
МӘДЕНИЕТТІ АРТТЫРУ – МАҢЫЗДЫ
Жаңадан жасалған ойын алаңын сол тұрғын үйлер қарайтын жеке пәтерлер иелерінің кооперативі үнемі бақылауында ұстауға міндеттелген. Олар мұндағы сырғанақтың, әркеншектің, карусельдің жағдайын үнемі бақылауға алуы тиіс. Егер оның сынғанын, балалардың ойнауына жарамсыз екенін байқаса, жөндеу жұмыстарын істеуі қажет. Өткен жылдың күзінде пайдалануға берілген «Достық» мөлтек ауданындағы №23 көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы ойын алаңына жауапты кооператив төрағасы Асан Сарышев балалар ойын алаңының бір бөлшегі сынып қалған жағдайда өздері жөндеп алатынын жеткізді.
—Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына салынып жатқан балалар ойын алаңы бәріміз үшін қуанышты жаңалық болуда. Барынша күтіп-ұстауға тырысамыз. Бірақ жауапсыз қарайтын тұрғындарымыз да аз емес . Бірнеше мәрте бөлшек — тері сынып қалған кездер болды . Оны дер кезінде жөндеп , қалыпқа келтірдік. Кешкілік басқа көп-қабатты тұрғын үйлердің де балалары келіп ойнайды. Әрине, балаларға ештеңе демейміз. Бірақ ересек адамдардың отырып, қасақана сындырып кететіндері құптайтын іс емес. Өткен жылдың күзінде аяталғасын, күн салқындап кетіп, алаңның жеріне төселетін жұмсақ жабындысы салынбай қалды. Негізі салып береміз деген. Жаз ортасынан ауса да әлі күнге дейін салынбады. Осы мәселені көтеріп қала әкіміне бірнеше мәрте бардым, — деді Асан Сарышев.
Балаларға арналған ойын алаңдарының салынуы қаланың көркін келтіріп қана қоймай, тұрғындардың да дұрыс демалуына жағдай жасайды. Осы тұста қала тұрғындарының бірқатарын сөзге тарттық. Көпшілігі ойын алаңдарының ортақ мүлік екенін, оған үлкен жауапкершілікпен қарау қажеттігін айтуда.
—Оларға өз дүниемізге қарағандай қарасақ, көпке жарары анық. Сонда оның игілігін де өз балаларымыз көреді. Сондықтан балалармен көп жұмыс жасау қажет. Мүліктерді бұзыпсындыруға жол бермеу керектігі түсіндірілсе, жақсы болар еді. Ауламыздан ойын алаңдары салынғалы еркін жіберіп, ойната алмаймыз. Себебі өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін биік әрі ыңғайсыз — деді қала тұрғыны Дана Есмұханова.
Ал қаланың күн өткен сайын көркейіп келе жатқанын қуана жеткізген қала тұрғыны Жазира Сәнтөре қала орталығынан балаларға ойын және спорт алаңдарының салынуы қаланың көркін аша түскенін айтады.
—Мұның барлығы тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар. Алайда, сол игілімізге пайдалануға берілген мүліктер көп уақыт өтпей жатып бүлінуде. Бәрінен бұрын оған тұрғындардың өз мүлкіндей қарамайтыны байқалады. Әрбір аулаға салынған ортақ пайдаланатын мүлікке сол маңдағы тұрғындар әсіресе, үлкендер жағы бас-көз болып, жас өскіндерді де соған тәрбиелеуге болады ғой. Сол кезде жасөспірімдер арасында бұзақылықтарға жол берілмесі анық. Сондай-ақ, жауапкершілігіне алған әрбір мекеме де бақылауында ұстаса, спорттық алаңдардың бүгіндей адам көргісіз күйге түсуіне жол берілмес еді деп ойлаймын. Мен тұратын тұрғын үйдің алдындағы балалар ойын алаңы ескі. Қайта жаңғыртуды қажет етеді. Балаларымыз ойын алаңдары бар аулаларға қарап қызығады. Арасында сол жаққа барып ойнап келеді, — деді қала тұрғыны.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ