Денсаулық саласы бойынша бүгінгі күннің күн тәртібінен түспей тұрған аурудың бірі — тері аурулары екені белгілі. Лас ауа, күнделікті стресс, фастфудқа әуестік, дәрігерге қаралуға уақыттың жоқтығы — мұның барлығы дәл осы аурудың асқынуына алып келгені ақиқат. Тері ауруларына әбден асқынып, өмір сүруді қиындатпайынша, аса мән бере бермейтініміз де рас. Десек те, ол кез келген дерт тәрізді жалпы денсаулыққа ғана емес, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады мамандар. Сол мамандардың бірі Мұғалжар аудандық ауруханасының дерматолог дәрігері Алмажай ЖИМАНҒАЛИЕВА да қарапайым адам үшін заты бір болғанымен, аты көп тері ауруларының аражігін тек арнайы дәрігер ғана ажыратып, емді де соған сай тағайындайтынын баса айтты. Бүгінгі «Маман мінбері» айдарында дерматолог дәрігер тері ауруына қатысты бұдан өзге де кеңестер беріп, аурудың себебі мен салдарына тоқталды.
Қазіргі таңда тері аурулары күрделі проблемаға айналып отыр. Бұл дерттің түрі көп болғанымен ішінара емделу жолына қарай түрлі сатыға бөлініп жатады. Кейбірі түбегейлі емделетін болса, енді бірімен өмір бойы күресуге тура келеді. Себебі науқаста тері ауруының созылмалы түрі, яғни псориаз анықталған болса, емдеу мүмкін емес. Бірақ теріні толықтай емдемесе де, қалпына келтіруге мүмкіндік беретін күтім жүйесі барын, қабынудан қорғайтын жақпа май, мазаны алатын өзге белгілермен күресу үшін арнайы дәрі-дәрмек жазып беретінін жеткізді дерматолог маман.
— Тері ауруларын тудыратын сан түрлі факторлар бар. Ол ең алдымен, адамның жеке бас тазалығынан басталады. Себебі тері аурулары жұқпалы, созылмалы болып бөлінетіндіктен жұқпалы түріне тап болмас үшін әрдайым тазалықты сақтаған дұрыс. Кейбір жағдайда бұл аурулар тұқым қуалайды. Яғни, ауру науқасқа ата-анасы немесе жақын туыстарынан берілуі мүмкін. Тағы бір себеп, тері нерв, қан және лимфа жүйесімен тығыз байланыста болғандықтан кез келген ішкі мүшелер мен жүйке жүйесінің аурулары тікелей әсер етеді. Бүгінгі таңдағы адамдардың тұрмыстық жағдайы, жеке басындағы түрлі мәселелер, әлемде болып жатқан, жан-жақтағы жағымсыз жаңалықтар әсері жүйке жүйесіне кесірін тигізбей қоймайды. Ал бұл өз кезегінде тері ауруларының пайда болуына әкелетіні сөзсіз. Тек бұл ғана емес, тері ауруларының өршу себептерінің қатарына адамның ішкі құрылыс жұмыстары мен эндокриндік жүйесінің бұзылуы да кіреді. Демек, тұтынып жүрген асымызға аса мән беруіміз маңызды, — дейді дәрігер.
Қазір көше бойынан табылатын әр дүңгіршек пен шағын дәмханалардан тез дайындалатын тағам түрін таңдап, тұтына аласыз. Бұл бір жағынан уақыт үнемдесе, бір жағынан асқазан-өт жолын толтырып, адам ағзасына кері әсерін тигізіп жатқаны бар. Бұған қоса, түрлі аллергиялық аурулардың шығу себебі экологиялық жағдаймен, дұрыс тамақтанбаудың салдары да екен, — мәлімдеді дерматолог.
— Жалпы адам абайсызда өткір затпен жұмыс жасау барысында немесе қандай да бір тері зақымдайтын жарақат алған кезде мұқият тазартудан, дезинфекциядан өткені дұрыс. Себебі жарақат алған тері қабатында вирус, бактерия пайда болуы мүмкін. Ал ол әрі қарай асқынуға апаруы ықтимал. Қазіргі уақытта бізге маусымдық тері аллергиясымен шағымданушылардың қарасы көп. Бұған әрине әр өңірдің өзіне тән климаты ықпал етері сөзсіз. Мәселен, біздің аймақта жаз аптап, ыссы, шіліңгір шілдеде төбеден түсетін күннің көзі тым өткір. Күннің ыстық тартуынан теріге бөртпе, қышыма тәрізді тітіркендіргіш әсер беретін факторлар орын алады. Одан бөлек халық жазғы маусымда бақша егіп, оны тазалап, арам шөпте-рін жұлып қарайтын болғандықтан шөп тектес өсімдіктерден де түрлі тері аурулары туындап отыр. Көбіне адамдар жай бөрітпе деп мән бермей жүре береді. Ақырында асқынған күйімен келіп, емделу орнына жатып, ем алып жатады. Тек ересек адамдар ғана емес, қабылдауға 1 айлық нәрестелерді де осындай шағыммен әкеліп жатыр.
Дерматолог Алмажай Жиманғалиеваның айтуынша, осы дертті емдеуде жаңа технологияларды енгізу қажет. Себебі тері ауруының созылмалы түрі толық емделмейді екен.
—Жоғарыда айтқанымдай мән бермеу салдарынан асқыну пайда болады. Яғни, науқас анафилактикалық шок алып қалуы мүмкін. Ол дегеніміз адамның өміріне өте қауіпті. Одан кейін сепсис деген тері ауруының түрі бар. Ол қанға сіңсе, адам өліміне әкеліп соғады. Оған дейін апармас үшін дер кезінде дәрігерге көрініп, анализ тапсырып, ауруды анықтаған дұрыс. Мәселен, қазір жазғы демалыс уақыты болған соң оқушылардың қабылдауға келуі де азайды. Ертең сабақ басталысымен тері саңырауқұлақ ауруымен келушілердің саны да артады. Ондай жағдайда біз науқастарды Ақтөбе облыстық тері-венерологиялы қ диспансеріне жібереміз. Сараптама нәтижесін тапсырып, қорытындысымен келген науқасқа тиісті ем-шарасын ұйымдастырамыз. Егер науқас балабақшаға немесе мектепке баратын болса, белгілі бір орында қызмет жасаса, уақытша оңашалауда ұстап, ем жүргіземіз. Егер ауру белгілері баста болса 45 күн, теріде болса 20 күн емделеді. Әр он күн сайын тексеріс жүргізіледі. Екі рет сараптама нәтижесін тапсырғаннан кейін егерде теріс болып шықса, онда жұмысқа шығуға, балабақша, мектепке баруға рұқсат етіледі. Айтқанымдай емдеуге келетін және келмейтін түрі бар. Созылмалы түріне шалдыққан науқастар екі-үш ай сайын тексеріліп отырады және оларды учаскелік дәрігерімен бірлесіп, диспансерлік есепке аламыз. Керекті емдерін тағайындағаннанкейінемуақы-тымен жүреді. Алайда ескеретін жағдай, осы созылмалы тері аурулары толық зерттелмегендіктен, неден пайда болатыны толық анықталмағандықтан, ем алушылар барынша күтінгені абзал. Себебі біз гипоаллергенді диетаға отырудыұсынамыз. Көп науқастар бұл ретте тапсырманы то-лық орындамағандықтан тері ауруының одан сайын өршуіне тап болып жатады. Сонымен қатар уайым, күйзелістен ем кезінде барынша тыйылған жөн. Егер бұл шарттар орындалмаса, ем қабылдаудың өзі бекершілік. Науқас адам бұл кезде тыныштықта барынша демалыста болғаны маңызды. Созылмалы тері ауруы толық емделмесе де терідегі көріністерін жақсартуға болады. Яғни, ем кезінде қан тазарып, тері бетіндегі қабықтарыжаңарғанымен, қайта қайталау қаупі басым. Тек ультракүлгін сәулелер арқылы зақымданған жасушалардың өсуін тоқтатуға ғана болады, — деді маман.
Ал психосоматикалық тұрғыда бұл тері ауруының сипаты қандай болатынын аудандық аурухананың психолог маманы Жаналтын Молдашева айтып берді.
—Психосоматика терминінің өзі екі сөзден шыққан «психика» — жан, «сома» – дене. Демек, барлық аурулардың өзіне тән психосоматикасы бар деп айтуға болады. Бұл дегеніміз, сіздің жаныңыздың тыныштықта болмау кесірінен денеңіз зардап шегеді деген сөз. Жалпы медициналық психологияда аурулардың психосоматикасы зерттелген. Сондай-ақ өзіңіз сұрап отырған тері ауруларының психосоматикасы — адамның ішкі жан дүниесінің, ішкі ойлары мен толғаныстарының, уайымдарының бейнесі деп айтуға болады. Тері ауруларының болу себептері адам санасындағы ластану, байырғы психологиялық жарақаттардың уақыт өте келе сыртқа яғни денеге, теріге шығуы және өзін-өзі қорғансыз сезінуінде пайда болуы мүмкін. Қышыма, бөртпе, экзема, псиораз, нейродермит сынды тері аурулары стрестен және ішкі агрессиядан болатындығы психологияда дәлелденген. Сондықтан да әр адам ауруының емін іздегенде, алдымен жан тазалығын саралап, аурудың түпкі негізгі бастауы күйзелістік жағдайлардан болатындығын білсе екен деймін. Ал ауруды болдырмау үшін дұрыс тамақтанып, дене белсенділігін арттырып, эмоционалды тыныштық режимдерін сақтаған жөн, — дейді психолог.
С.ӘБДЕНОВА: «Мені бұл тері ауруы 2017 жылы мазалай бастады. Бастапқыда кішкентай ғана бөртпе болып тұрған еді, мен оған аса мән бермей жүре бердім. Салдарынан бүкіл денемді жайлап кетті. Қолыма, басыма дейін шығып, мазамды қашырды. Үстіме киім де кигізбестей болды. Ол күндерді ойласам, қатты қынжыламын. Үстімнің бәрі қабыршақ, қажаған киімнің орны қанап, қолайсыздақ туғызған соң, сараптама тапсырдым. Олар маған уақыт өткізіп алғанымды және толық емдей алмайтындарын жеткізді. Содан ем іздеп емшілерді де жағалай бастадым. Қазақ емінің шипасы бары рас. Осы тері ауруына сараптама тапсыратын жерде туысқан апам жұмыс жасайтын еді. Ол кісі маған бір дәрігердің нөмірін беріп, осы адаммен хабарласуымды сұрады. Сөйлесіп, қабылдауына жазылып барғанымда бір шөптен жасалған, радон суын қосқан қоспа берді. Сол қоспаға «1 қасық тұз салып, күнбе күн жараның бетін сүртесің» деді. Мен тапсырманы үзбей орындап, нәтижесін көре бастадым. Әр ай сайын тексеріліп тұрған соң, дәрігер енді емнің басқаша түрін, яғни, шипажайға барып ем жалғастыруым қажеттігін айтты. Сөйтіп мен Тараз қаласындағы «Мерке» шипажайына барып, радон суына түстім. 10 күн бойы 15 минуттан аспай сол су процедурасын қабылдап жүрдім. Екінші жылы анаммен тағы да Меркеге бардым. Үшінші жылы Египетке барып, тұзды суға түстім. Бір қызығы, ол жаққа бармай тұрып аяғымда шамалы іздер мен жара беті көріне бастаған уақыты еді. Тұзды суға бір түскеннен-ақ жараның өзі де, ізі де лезде жоқ болды. Өзім таңырқап қалдым. Содан бері көзім ашылды десем болады. Алайда стресске түсіп, бірнәрсеге алаңдап, ашуға бой алдырсам, денем қышып бастайды. Сол үшін үнемі тыныштықты қалаймын.
P.S. «Науқастың өзін емдеме, себебін емде» деген сөз бар. Қарап отырсақ, өзіміздің ішкі күйіміз бен ішіп-жегеніміздің өзі түрлі дерттің дендеуіне әкеліп соғуы мүмкін екен. Ендеше, «аурудың емін емес, ауырмаудың жолын» іздегеніміз абзал.
Айдана АЛТЫБАЕВА