«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

СКУТЕР ЖӘНЕ МОПЕД – КӨЛІК АПАТЫНА СЕБЕП

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде жыл басынан бері мопед пен скутер тізгіндеген 180 жасөспірім жол-көлік апатына ұшыраған. Оның ішінде жасы кәмелетке толмаған 10 жасөспірім өмірімен қош айтысқан. Осындай оқиғаларды естіп, жаңалықтардан көріп жүрсек те, екі дөңгелекті көліктер саны артпаса, азаяр емес. Ендеше, бүгінгі мақаламызға осы тақырып арқау болмақ. Сонымен…

ЖЕТІ АТА-АНА ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ
Соңғы жылдары Қандыағаш қаласында көлік санының көбейіп, кей кездерде маңызды көшелердің бойында кептеліс орын алады. Бұл жағдай жолоқиғасының орын алуына да себеп болатыны жасыырын емес. Мәселен, жыл басынан бері аудан аумағында 30-дан астам жол көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам қаза тапқан. Оның ішінде 15 адам әр түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен.
Аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының аға қызмет инспекторы, полиция капитаны Дәулетбек Жолахмет аудан бойынша 16 жасқа толған мопед жүргізушілеріне қатысты 13 әкімшілік хаттама толтырылғанын мәлімдеді. Ал 16 жасқа толмаған 7 жасөспірімнің ата-анасының атына әкімшілік хаттама толтырылған. Себебі жасөспірімдер үшін ата-аналары жауапқа тартылады.
Мопед жүргізушілері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген баптарға сәйкес толық жауапкершілікте болады. Бұл стандарт мопедтердің қатысуымен болатын жазатайым оқиғалар мен жарақаттардың санын азайтуға және мопедтерді мас күйінде жүргізуге жол бермеуге бағытталған. Мопедтерді жүргізу үшін азаматтар уәкілетті органда міндетті тіркеуден өтеді, «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алады, жыл сайынғы техникалық байқаудан өтеді. Сондайақ көлік құралдары жүргізушілерінің азаматтыққұқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудан өтеді. Жүргізуші куәлігі жоқ, бірақ көлік жүргізіп, жол ережесін бұзғандар 7 жыл бойы куәлік ала алмайды, — дейді ол.
Оның сөзінше, жол ережесінің 24-бөлімі 171-тармағының 8-тармақшасында мопед айдаушы шлемсіз жолға шығуға тыйым салынған. Ережеде шлем қандай болу керегі нақты жазылмаған, бірақ мопедші E стандартынан төмен емес жарамды сертификаты бар жоғары сапалы шлем киюі қажет.


ТӨРТ ЖАСӨСПІРІМ АУРУХАНА ТҮСКЕН
Жыл басынан бері скутер, самокат және мопед тізгіндеген төрт жасөсіпірім Мұғалжар аудандық ауруханасының жедел жәрдем бөліміне түскен. Емхана меңгерушісі Динара Тлекешова жарақат алған балалардың барлығы толықтай медициналық тексерістен өткендерін айтады.

Электроскутерлердің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғаларының кесірінен ауруханаға түскен балалардың бірі дәрігерлердің қадағалауымен облыстық ауруханаға жіберілді. Ал қалған дары аудандық ауруханада амбулаториялық ем қабылдады. Көмекке жүгінгендердің барлығына дәрігерлер қажетті көмек көрсетіп, рентгенге түсіріп, сынған жерлерін таңып, кесілген жерлерін тігіп, алғашқы көмек көрсетті. Абырой болғанда қайғылы оқиға орын алмады. Бірақ қайғылы аяқталуы әбден мүмкін еді. Сондықтан ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін мопед секілді көлік құралдарын алып бермегені абзал. Мопед тізгіндеген жастар өз өмірлерінен бөлек, өзгелердің де өміріне қауіп төндіреді, — деді емхана меңгерушісі.

БАЛАНЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ — БАРШАҒА ОРТАҚ
Қандыағаш қалалық №1 орта мектебінің директоры Бахыт Өтешова бүгінде бұл көліктердің жастардың сүйікті құралына айналғанын, алайда жасөспірімдер де, оларға жауапты заңды тұлғалар, яғни ата-аналары да бұл көлік түрінің бала үшін де, қоғам үшін де қауіпті екендігін түсіне бермейтінін айтты.
ҚР Жол қозғалысы ережесінің 24-бөлімі, 1-тармағында мопедті тек 16 жасқа толған адамдар жүргізе алатындығы жазылғанымен, бұл көлік түрін тізгіндеп жүргендердің қатарында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің де бар екені анық. Сондықтан, менің ойымша, ата-аналардың тарапынан бақылау күшейтілу керек деп ойлаймын. Әрине, әрбір ата-ана баласының қатарынан қалмағанын қалайды, бірақ оның кейінгі салдарын ойлап жатқан адам санаулы ғана. Осы орайда жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында мектебімізде білім алушылар арасында да, ата-аналармен де түсіндірме жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады. Сынып жетекшілер де тәрбие жоспарына сәйкес, бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарып отыр. Мектеп әкімшілігі тарапынан жол полиция қызметкерлерінің қатысуымен түрлі шаралар жүргізеді. Алайда қазіргі таңда тәртіпті ескермеу салдарынан мопедтердің қатысуымен жол апаты болып жат-қан жайттар да аз емес. Сондықтан барша ата-ана бала өміріне, денсаулығына немқұрайлы қарамай, құқықтық тәртіпті нығайтуға атсалысса екен деймін, — деді Бахыт Ермекқызы.


ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЗӘРЕ-ҚҰТЫН ҚАШЫРАТЫНДАР КӨП
Бүгінде біздің қаламызда велосипед, мопед пен самокат тізгіндеушілер үшін арнайы жол қарастырылмаған. Олар көшедегі жаяу жүргіншілердің арасынан зуылдап өтіп, көліктердің арасыға зып етіп кіріп, тіпті ескерту дабылынсыз тұрғындардың зәре-құтын қашыратындар көп. Олардың арасында күнкөріс қамымен жүрген тапсырыс жеткізушілерден өзге, алысты жақындатып, діттеген жеріне жету үшін қос дөңгелекті көлікті пайдаланатын жасөспірімдер де көп.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құралбай Байсұлтанов та көшеде жылдамдықты асыра айдайтын мопед пен самокат тізгіндеушілердің қатарынан жасөспірімдерді жиі байқайтынын айтып, алаңдайды.
Бұл мәселе күнсайын күрделеніп барады. Өзім көлік жүргізгеннен кейін жол бойында балалардың мопед, электросамокат тізгіндеп жүргендерін көп көремін. Көліктің арасына түсіп алып, жол бермейді. Жас ерекшеліктеріне қарасаң, 12-13 жастағы балалар. Бір мопедке екі-үш бала болып міңгесіп алады. Соларға қарап, «атааналары балаларының өміріне алаңдамай ма?» деген ой келеді. Балалар әлі жол ережесін білмейді, көлік жүргізуді толық меңгермеген, жүргізушілік куәлігі жоқ. Қазір жаңалықтардан елімізде болған небір жағдайларды естіп, көріп отырмыз. Самокат пен мопед жүргізушілерінің апатқа ұшырағаны туралы хабарды күнде еститін халге жеттік. Менің де жасы оннан асқан немерем бар. Ол да осы екі дөңгелікті құрылғыға әуес. Себебі қатарластарының көпшілігінде бар. Бірақ мен баламның амандығын ойлап, сатып алмаймын, — деді Құралбай Байсұлтанов.
Қала тұрғыны Айым Сатыбалдина мопед жүргізушілеріне сөзсіз заңдық тұрғыда қандай да бір жауапкершіліктің артылғаны дұрыс деп есептейді.
Балалар тізгіндеп отырған көлігінің өздеріне де, жолда кетіп бара жатқан адамдардың өміріне де қауіпті екенін білуі тиіс. Жас ерекшеліктеріне сәйкес қатаң түрде шектеулер орнатылып қана қоймай, оның үнемі қадағалануы қажет деп есептеймін. Қазір жолда келе жатқан бойда біреу тосыннан келіп қағып кете ме деп алаңдаумен жүреміз. Балаларымыз кішкентай болғандықтан есік алдына шығарып, еркін ойнатуға да қорқамыз. Өткен жылдың жазында осы саябақта бір танысымның алты жасар қызын бір жасөспірім электросамокатпен қағып өтіп, аяғын сындырып, ауруханаға түсті. Абырой болғанда бала аман қалды. Айта берсек, бұндай оқиғалар күн сайын орын алуда, — деді Айым Сатыбалдина.

НӘПАҚА ТАУЫП ЖҮРГЕНДЕР ДЕ БАР
Кешкілік қала орталығындағы саябаққа балаңызбен бара қалсаңыз, мопед тізгіндеген балалар алдыңыздан шығып, «Апа, балаңызға айдатып көресіз бе? 10 минут айналып келсе — 500 теңге» деп қылтиятыны тағы бар. Еңбекке ерте араласып, нәпақа тауып жүргеніне риза боласың. Дегенмен қауіпсіздікті естен шығармау — маңызды. Адамдар көп шоғырланған жерде оқыс оқиғаның болмауына ешкім кепіл бола алмайды. Саябаққа шығып, ақша тауып жүргендердің бірі – Айсұлтан. Ол күзде басталатын оқуға дайындық жасап жүргенін айтты.
Осы жылы ата-анам 120 мың теңгеге мопед алып берді. Екі айдан бері кешкілік саябаққа шығып, осы жерге демалуға келген балаларға жалға беріп, ақша тауып жүрмін. Тапқан ақшама қыркүйек айында мектепке баратын киімдерім мен оқу құралдарымды сатып аламын. Сөйтіп ата-анама көмектесемін. Кешкілік әкем еріп келіп, маған қарайлап жүреді. Мен барынша жол ережесін бұзбауға, көліктер көп жүретін жерлермен жүрмеуге тырысамын. Себебі атаанам үнемі айтып отырады, — деді ол.
Қала көшелерінен артына қорап артып, мопед тізгіндеп, тасымалдау қызметін көрсетіп жүргендерді де көруге болады. Осы жылдың көктемінде жасы 18-ге толған Айдын Аманов бүгінде тамақтану орындарынан жеке адамдарға тамақ тасымалдайды екен. — Мен биыл бірінші курсты бітірдім. Өткен жылы ата-анам 11 бітіргеніме мопед сыйлаған болатын. Биыл жазғы демалысымызды пайдалы етіп өткізу үшін, тасымалдау қызметімен айналысып жүрмін. Бүгінде қаламызда тез тамақтану орындары көптеп ашылуда. Соған сай тасымалдау қызметі де жүріп тұр. Бұл біз секілді жұмыс жасаймын деген жастарға таптырмас мүмкіндік. Ең бастысы, жол ережесін бұзбау керек, — деді ол.
ИӘ, МЕМЛЕКЕТ ТИІСТІ ЗАҢДАРДЫ ҚАБЫЛДАУДА. БІРАҚ, ЗАҢ ҚАБЫЛДАНА САЛЫП БАРЛЫҚ МӘСЕЛЕ ШЕШІЛЕ ҚОЙМАЙТЫНЫ АНЫҚ. ОСЫ ОРАЙДА МОПЕДТІЗГІНДЕГЕН ЖАНДАРЖӘНЕ КӘМЕЛЕТКЕТОЛМАҒАН ӘР БАЛАНЫҢ АТА-АНАСЫ БІР ҒАНА ҚАТЕЛІКТЕН ОРЫН АЛАТЫН ОҚЫС ОҚИҒАНЫҢ БІР АДАМНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН ӨМІРІНЕ, ТІПТІТҰТАСОТБАСЫНЫҢ ТАҒДЫРЫНА ӘСЕРЕТЕТІНІН ЕСТЕН ШЫҒАРМАСА ЕКЕН…
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

САҒАШИЛІЛІК БИШІЛЕР ТАШКЕНТТЕН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

admin_mugalzhar

ЖАННҰР — АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ

admin_mugalzhar

ЖЕМ ҚАЛАСЫ МЕН БІРЛІК АУЫЛЫНЫҢ «BEELINE» ҰЯЛЫ БАЙЛАНЫС ЖЕЛІСІНІҢ ЖЫЛДАМДЫҒЫ КҮШЕЙТІЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.