«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

27 инвестор —«Жасыл дәліз» жобасының қатысушысы

Облыс әкімі Асхат Шахаров «Жасыл дәліз» жобасының қатысушыларымен кездесті. Инвесторларды қолдауға бағытталған жобаның тиімді тұстары, кәсіпкерлердің мәселелері, жалпы алдағы жоспарлар талқыланған іс-шара — үлкен істі үйлестіру жолындағы алғашқы қадам, — деп жазды «Ақтөбе» газетіне сілтеме жасаған mugalzhar.kz.

Мемлекет басшысының инвестициятартуға, бұл бағытта іске асырылып жатқан жобаларды қолдауға ерекше екпін беріп отырғаны белгілі. Сол ізбен соңғы 3 жылда облыстағы инвестиция көлемі 2,8 трлн теңгеге жеткен. Атап айтсақ, 2021 жылы – 817,1 млрд теңге, 2022 жылы — 960 млрд теңге, 2023 жылы — 1025,0 млрд теңге. Ал сыртқы инвестициялардың үлесі 30 пайызға ұлғайған.

Сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту және инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін инвестициялық штаб  құрылыпты. Былтырдан бері іске асырылып келе жатқан «Жасыл дәліз» жобасының да көздегені сол — кәсіпкерлер алдындағы  әкімшілік кедергілерді жою және өңірде қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыру. Бұл мақсатта атқарушы билік пен облыс прокуратурасы арасында ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға қол қойылды.

Кездесу барысында осы жобаны іске асырудағы оң нәтижелер сөз болды.

Облыс әкімі «Жасыл дәліз» жобасы инвесторларға рұқсат құжаттарын алу, жер учаскелерін беру, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жалпы бюрократиялық кедергілерді еңсеру мәселелерін шешуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

— «Жасыл дәліз» жобасының арқасында инвесторларға жобаларын тіркеуден бастап кәсіпкерлік нысандарын пайдалануға бергенге дейінгі барлық қажетті рәсімдерді жеделдетілген және жеңілдетілден түрде жасау мүмкіндігі жасалды. Бизнеске мұндай қолдау дамуға жол ашты. Бір жылдың ішінде бізде бюджетке түсетін түсімдер көбейді. Биыл бюджетке өңдеу өнеркәсібінен 89 миллиард теңгеге тікелей инвестиция тартылды.

Қазіргі уақытта 27 компанияның 31 жобасын бақылауға алдық. Бұл ірі жобалар іске қосылса, мыңдаған жұмыс орны құрылады. Осы жобалар арқылы шағын және орта бизнесті одан әрі дамытамыз. Қосымша цехтар ашамыз, ірі кәсіпорындар үшін материалдар, қосалқы бөлшектерді жеткізуді жолға қоямыз. Өңірде толық қуаттылықта жұмыс істемейтін 13 кәсіпорын бар, олардың өндіріс қарқыны арттырылады. Біз үшін ең бастысы — отандық тауар өндірушінің жұмыс істеуі, — деді облыс әкімі.

Облыс прокуроры Халидулла Дәуешов те кездесуге қатысушыларды өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту жолында мұндай демеудің жалғасатынына сендірді.

Іс-шара соңында 27 инвесторға «Жасыл дәліз» жобасына қатысушысы екенін айғақтайтын куәлік тапсырылды. Олардың арасында жерлес кәсіпкерлермен бірге Ресей, Түркия, Қытай және АҚШ-тың бизнес иелері бар.

Ұқсас ақпараттар

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ИМАМДАР МАРАПАТТАЛДЫ

admin_mugalzhar

Коронавирус табылған лайнерде Қазақстанның төрт азаматы: 8 және 12 жастағы немерелерімен екі әйел отыр

admin_mugalzhar

Асхат ШАХАРОВ: АҚТӨБЕЛІКТЕР ШЫНДЫҚТЫ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ, ТАЛАПШЫЛ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.