V ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫ ҚАРСАҢЫНДА ӨТЕТІН «ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МАРАФОН-БӘЙГЕСІ КЕШЕ, ЯҒНИ, 3 ҚЫРКҮЙЕК КҮНІ ӨЗ БАСТАУЫН БОТАЙ ҚОНЫСЫНАН АЛДЫ. МАРАФОН-БӘЙГЕГЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ҚҰРАМЫНДА МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ШАБАНДОЗДАР ДА БАР. ОЛАР ДҮБІРЛІ ДОДАДА ЕЛІМІЗДІҢ НАМЫСЫН ҚОРҒАЙТЫН БОЛАДЫ.
3-7 қыркүйек аралығында өтетін жорыққа Қазақстан, Иран, Түркия, Венгрия, Қырғызстан, Оңтүстік Африка және Ресей елінен 20-ға жуық команда қатысуда. Марафон бәйге ең алғаш жылқы қолға үйретілген мекен Ботай қонысынан басталып, Астана төрінде аяқталмақ. Қатысушылар 500 шақырымды еңсеруі керек.
Бүгінде шабандоздар 100 шақырымды артқа тастап Жетісужерінен өтіп, Астананы бетке алуда. Ақтөбе облысы ат спортының бас бапкері, мұғалжарлық атбегі Айбек Нақпаев бастаған шабандоздар Мұғалжар жерінен шыққан асыл тұқымды «Көшім» тұқымдас жылқысының мәртебесін қорғауда. Бақ пен бапты сынға салатын бәйгеде команда капитаны Әлихан Мұханбетов, шабандоздар Асхат Қайырмағамбетов, Сейілғазы Аймағамбетов, Жасұлан Елубаев, Бауыржан Ермағанбетовтер өз өнерлерін көрсетіп, «Ақбөкен», «Ақтанау», «Малыш», «Төре торы», «Хан күрең» атты жорғаларын сынға салуда.
Естеріңізге сала кетейік, бұл команда өткен жылы да «Ұлы дала жорығы» бәйгесіне қатысып, 1300 шақырымды артқа тастап, ел бойынша 19 команда арасынан жүлделі ІІ орынды иеленіп, ауданның абыройын асқақтатқан болатын.
Н.ТІЛЕП