АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ МАМАНДАРЫНЫҢ АЙТУЫНША, БИЫЛҒЫ ОҚУ ЖЫЛЫНДА АУДАН МЕКТЕПТЕРІ БОЙЫНША 5934 ОҚУШЫ ТЕГІН ЫСТЫҚ ТАМАҚПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛУДЕ. ОНЫҢ ІШІНДЕ 5356-СЫ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ БОЛСА, 578-І БЕС САНАТ БОЙЫНША ТЕГІН ТАМАҚ ІШЕТІН ОҚУШЫЛАР.
Бес санат бойынша тегін тамақтанатындардың қатарына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардың балалары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балалар, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілер жатады.
— Аталған санаттар бойынша ауданда барлығы 578 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Оның ішінде 1-санат бойынша 186 оқушыға, 2-санат бойынша 128 оқушыға, 3-санат бойынша 20 оқушыға, 4-санат бойынша 45 оқушыға, 5-санат бойынша 119 оқушыға тегін ыстық тамақ ұйымдастырылуда. Сонымен бірге бастауыш сыныпта оқитын 5356 оқушы да тегін тамақтанады. Ал Сабындыкөл бастауыш мектебі, №59 бастауыш мектебі, Алтынды орта мектептерінде жоғарыда аталған санаттағы оқушылар жоқ болуына байланысты тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген жоқ. Бірақ бұл мектептерде буфеттік тамақтану ұйымдастырылуда, — деді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Білім бөлімінің басшысы мектеп асханалары толықтай қажетті ыдыс-аяқпен жабдықталғанын айтып, оның тазалығына да баса назар аударылатынын, қажетті заттарды жуу мен залалсыздандыру санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтай отырып жүргізілетінін жеткізді.
—Мектептегі ауыз су режимін ұйымдастыру да аса маңызды мәселелердің бірі. Сол себепті мектептерде бракераждық және мониторингты комиссия мүшелері құрылып ыстық тамақтың сапасын, мөлшерін, құнарлығын тексеріп, үнемі бақылауда ұстайды. Мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыру жүйесіне оқушыларды толық ыстық тамақпен қамтамасыз ету, тағамның нәрлілігі мен үйлесімділігін қадағалау, оқушыларға салауатты өмір салты ұстанымдарын үйрету, жағымды дағдыларды қалыптастырып, салауатты өмір салтына қажеттілікті қалыптастыру, тамақтану мәдениеті мен өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын қалыптастыру кіреді. Аталмыш міндеттердің шешімін табу үшін бүгінде білікті қызметкерлер жұмылдырылды, — деді ол.
Мектептерде тамақтану жаппай оқу қоры қаражатының есебінен қамтамасыз етілген. Бұл бағытта оқу қорынан 61 026 600 теңге көлемінде қаржы бөлінген. Аудан бойынша берілетін ыстық тамақтың бір балаға шаққандағы орташа баға құны 603 теңгені құрайды. Мектеп асханаларының ас мәзіріне ет және балықтан жасалған тағамдар, көкөніс салаты, жемісжидектің 3 түрі, бал, сүт өнімдері кіреді. Оқушылардың тамақтануы сабақ арасында 10-15 минуттық үзілістерде ұйымдастырылады.
Н.ТІЛЕП