Ұлан ЖАНАЛИН, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы Хромтау аудандық филиалының директоры:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауында мемлекетіміздің алдағы даму перспективаларына қатысты әрбір салаға нақты міндеттер жүктелді. Бұл орайда кәсіпкерлік саласының да маңызы зор. Президентіміздің айтуынша, 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Қазір бұл көрсеткіш — 7 пайыз шамасында. «Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар», — деді Мемлекет басшысы.
Енді елімізде ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімі әзірленетін болады. Біздің алдымызға осындай нақты тапсырма жүктеліп, міндет қойылды. Бұған дейін де кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы мамандары өңір кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдаудың тиімділігін жете түсіндіріп, бизнес бастаушылар идеясының әрі қарай жетілуіне ықпал жасап келді. Осы бағыттағы жұмыстарымызды күшейтіп, кәсіпкерліктің өңір экономикасын дамытудағы үлесін молайтуға күш салатын боламыз».