Бес жылдың ішінде облыстың 83 ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында құны 29 млрд теңге болатын195 жоба іске асырылды, —деп жазды «Ақтөбе» газетіне сілтеме жасаған mugalzhar.kz.
Жалпы бағдарлама Ақтөбе өңірінің 187 елді мекенін қамтыған. Оның мақсаты — ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жолдар, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт объектілері салынып, елді мекендерді сумен, газбен қамтамасыз ету, аумақтарды абаттандыру, жұмыс орындарын құру мәселелері шешіліп жатыр.
Бағдарламаның өңірде қалай жүзеге асырылып жатқандығы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың айтуынша, бағдарлама іске асырылып келе жатқан бес жылда өңірде 79 әлеуметтік нысан салынды және күрделі жөндеуден өтті, 167,5 шақырым инженерлік желі жаңғыртылып, 116,1 шақырым жол салынды және жөнделді.
— Биыл 39 ауылда 59 жобаны жүзеге асыруға 9,8 миллиард теңге бөлінді. 19,1 шақырым инженерлік желілер мен 11,9 шақырым су құбырларын салу, 32 әлеуметтік нысанды жөндеу және салу жоспарланып отыр. 12 жоба —ауыспалы. Жыл соңына дейін 27 жоба аяқталуға тиіс. Осылайша тоғыз айдың қорытындысы бойынша бөлінген қаражаттың 68 пайызы немесе 6,7 миллиард теңге игерілді,— деп нақтылады Нұржан Мақсатов.
Айта кетейік, 2025 жылы Ақтөбе облысында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша 15 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның 11-і—ауыспалы және 4-і —жаңа. Оған 5,9 млрд теңге қаражат қажет.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының баяндамасынан соң Асхат Шахаров әр аудан әкімінен проблемалық мәселелертуралы сұрады.Өңір басшысы өндірістік жұмыстар кестесіне сәйкес объектілерді мерзімінде пайдалануға беруді тапсырды.
— «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы ауылдық жерлерді дамытуға және ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Бағдарламаның барлық қатысушылары бөлінген қаражатты белсенді игеріп, жобаларды мерзімінде аяқтауы маңызды. Мердігерлер жұмысының тиімділігін бағалаудың жаңа өлшемдерін әзірлеу қажет. Егер олар жосықсыз деп танылса, шартты бұзу керек, бұл бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануды болдырмайды және жобаларды іске асырудың жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бұл міндеттемелердің орындалуын бақылауды күшейтеді,— деді облыс әкімі.