«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

2025 ЖЫЛ: ЖОЛ КҮТІМІН КІМ ЖАСАЙДЫ, ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Қазақтың жыл қайыруындағы қоян жылы қай заманда да қаһарлы қысымен есте қалған. Өткен қоянның қысы тек қана мұғалжарлықтарды ғана емес, өңір тұрғындарын да әбігерге салғаны рас. Қалың қар түсті, алай-дүлей боран соқты. Жол қатынасы қиындап, далада қалғандар да болды. Ал көктем кезінде орын алған төтенше жағдай «қоянды өткердік» деп қаперсіз отыруға болмайтынын көрсетті. Ал биылғы қыстың иесі ұлу да кей жылдары жайсыздық танытып, елдің ығырын шығарған деседі. Оған Бейімбет Майлиннің «Нақ ұлудай ұлытқан жоқ қазақты, атышулы былтырғы өткен «қояның»» деген өлең жолдары дәлел. Қылышын сүйреген ендігі қыс та қыр астында қылтиып тұр. Қысқы мезгілге ауданның атқамінерлері қалай қамдануда? Халықтың қыстан қысылмай шығуы үшін қандай шаралар атқарылмақ? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде төменде тарқатамыз.

Біз, газет тілшілері, алдымен қыс мезгіліне дайындық жұмысы туралы білмек ниетте аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарластық. Ол жердегі мамандар ауданаралық жолдарды күтіп ұстау бойынша жұмыстардың бар жауапкершілігі қалалық және ауылдық әкімдіктерге жүктелгенін жеткізіп, әр округ әкімдіктері жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы негізінде өз талаптарын жаза отырып, мемлекеттік сатып алу порталында ашық хабарландыру жариялайтынын айтты. Ал біз өз кезегінде қалалық және ауылдық округ әкімдеріне хабарласып, келер жылы қала және ауыларалық жолдарды күтіп ұстау бойынша атқарылатын жұмыстар жайында сұрап білдік. Бір байқағанымыз, өткен жылдарға қарағанда биылғы жылы қысқа деген дайындық ерте басталғанға ұқсайды. Себебі қараша айының басында мемлекет сатып алу порталында ашық хабарландырулар жарияланған. Ал оның ашылуы желтоқсан айының алғашқы он күндігінде болмақ. 2024 жылы жолдарды күтіп ұстауға бағытталған жұмыстардың көпшілігі қаңтарақпан айларында ғана басталатын-ды.

2024 жылы Қандыағаш қаласын қысты күні қардан тазалау, жаз мезгілінде күтіп ұстау үшін бюджеттен 400 млн теңге бөлінген еді. Бұл қаржы үш жылға жоспарланды. Мемлекеттік сатып алу порталында конкурс ойнатылып, қорытындысы негізінде жеңімпаз атанған екі мердігер мекеме қаланың жолдарын бөліп алып, күтіп ұстау жұмыстарын жүргізген еді. Қала әкімі Қазбек Аққайыр 2024 жылға қала көшелерінің тазалығы мен жөндеу жұмыстары үшін 123 млн 797 мың 926 теңге бөлініп, қажетті жұмыстардың атқарылғанын мәлімдеді.

-Қандыағаш қаласының көшелерін күтіп ұстау бойынша екі мердігер мекеме жұмыс жасайды. Олар – «Транзит Пром» және «KALAU plus» ЖШС-тері. Мердігер мекемелер қаланы үш бөлікке бөліп, күтіп ұстау жұмыстарын жүргізеді. 2025 жылы да аталған жұмыстарды осы мекемелер жалғастыратын болады. Бұл жұмыстарға бюджеттен келер жылға 143 млн 983 мың 748 теңге бөлінеді деп жоспарлап отырмыз. Бұл мекемелер қыс мезгілінде көшелердің қарын тазалап қана қоймай, тесілген жолдарды жамап, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүр-гізіп, автомобиль жүргізушілеріне арналған жол жолақтарын, жаяу жүргіншілер жолын сызу, жол белгілерін қою, қала аумағындағы көпірлерді жөндеу жұ-мыстарын атқарады, — деді Қазбек Аққайыр.

Қала әкімі бүгінде қала тазалығына жауапты мердігер мекемелердің 2025 жылдың қысынан қысылмай шығуға дайын екенін айтты. Мекемелердің иелігінде қар итеретін трактор, автогрейдер, артында сыпырғышы бар трактор т.с.с. басқа да арнайы техникалар бар.

Қандыағаш қаласының жалпы аумағындағы жолдарды күтіп ұстауға 86 млн 641 мың теңге, «Самал» мөлтек ауданы және Төлеген Айбергенов көшелерін тазалауға 32 млн 622 мың теңге, «Жаңақоныс» және «Болашақ» мөлтек аудандарын күтіп ұстауға 24 млн 70 мың теңге бөлінді. Жасалған жұмыстарды қала әкімдігі бақылауда ұстап, қадағалайтын болады, — деді қала әкімі.

Ал Ембі қаласында 2025 жылға жолдары күтіп ұстау бойынша мемлекеттік сатып алу порталына ашық хабарландыру жарияланған. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Иманбай Қосмұханбетов айтты.

2025 жылға Ембі қаласының жолдарын күтіп ұстау үшін жарияланған хабарландыру 3 лотқа бөлініп салынды. 2025 жылға жоспарланған қаржының көлемі — 80 млн теңге. Бүгінде «Құдық» деп аталатын Ембі қаласының бір бөлігіне салынған хабарландыру аяқталып, мердігер мекеме анықталды. Бірақ құжаттардың дұрыс еместігіне байланысты қайта жөндеуге жіберілді. Алдағы уақытта жеңімпаз атанған мекемелер қаланың жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізіп, жол белгілерін сызып, қысты күндері қардан тазалап, қыру жұмыстарын атқаратын болады. Жеңімпаз атанған мекемемен үш жылға келісімшартқа отыруды жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Жем қаласының көшелерін осы жылы күтіп ұстауға бюджеттен 4 млн 100 мың теңге бөлінген. Бүгінде күтіп ұстау жұмыстарын «Сүндет» ЖШС-і жүргізіп отыр. Жем қаласының әкімі Жұмабай Бисенов 2025 жылға жолдарды күтіп ұстауға 8 млн 600 мың теңге жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Бүгінде мемлекеттік сатып алу порталында қала жолдарын күтіп ұстауға хабарландыру жарияланды. Енді оның аяқталғанын күтіп отырмыз. Жеңімпаз анықталса, мекемемен үш жылға келісімшартқа отырамыз, — деді қала әкімі.

Аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауылдардың қыстан қысылмай шығуына және жол қатынасын үздіксіз қамтамасыз етуге 2025 жылға өткен жылдарға қарағанда қаржы молырақ бөлінгенге ұқсайды. Бұған мақала дайындау барысында куә болдық. Аудан аумағындағы ауылдық округ әкімдеріне хабарласып, мән-жайды білген едік. Тау етегінде орналасқан Мұғалжар ауылына 2025 жылға жол күтімі үшін жоспарланған қаржы көлемі 15 млн теңгені құрайды. Ауыл әкімі Әлімжан Қорғанбай осы жылы жол қатынасы үшін мемлекеттік сатып алу порталында 3 млн теңгеге жарияланған хабарландыруға ешкімнің қатыспағанын, өткен қыстағы қар тазалау жұмыстарын ауыл аумағында орналасқан өндіріс мекемелерінің көмегімен жүргізгенін жеткізді.

Мұғалжар ауылының қысы қатты болатынын барлығы біледі. 2025 жылға бөлінген қаржы да аздық етеді. Жеңімпаз атанатын мердігер мекеменің қанша теңгеге ұтып алатыны беймәлім. Біз хабарландыруды беріп қойдық. Енді ашылуын күтіп отырмыз, — деді Әлімжан Өмірсерікұлы.

Ал Ащысай ауылдық округіндегі үш елді мекеннің ауыларалық жолдарын тазалауға 2025 жылға жоспарланған қаржы көлімі — 30 млн теңге. Ащысай ауылдық округінің бас маманы Асланбек Самрат мемлекеттік сатып алу порталында екі лот, яғни «Ащысай-Қаракөл» және «Ащысай-Ақсу» бағыттары бойынша ашық хабарландырудың жарияланғанын, ашылу уақыты 11-ші желтоқсанда екенін айтты.

Осы жылы округ аумағындағы жолдардың күтіп ұстау жұмыстарын «Ислам» шаруа қожалығы жүргізуде. Аталған мекеме жол бойындағы шөптерді шауып, жолдарды тегістеп, қыс кезінде қар аршу жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге тасқын кезінде жырылған жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын жасады. Бұл мекемемен келісімшарт бойынша осы жылдың аяғына дейін жұмыс жасаймыз, — деді ол.

Аудан орталығынан алыс орналасқан ауылдық округтің бірі – Егін-дібұлақ. Екі елді мекені бар округтің жолдарын күтіп ұстау үшін 2025 жылға 20 млн 800 мың теңге қарастырылған. Егіндібұлақ ауылдық округі аппаратының бас маманы Лейла Мусаева мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған ашық хабарландыру 29-шы қарашада ашылатынын мәлімдеді.

Ал осы жылы жолдарды күтіп ұстауды өз жауапкершілігіне алған «Техник» ЖШС-нің басшылығы қыста қар тазалап, жазда жол бойының шөбін шауып, жайдақ жолдарды қыру жұмыстарын жүргізген. Бұл жұмыстарға бюджеттен 14 млн 600 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, толықтай игерілген.

Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округі аумағындағы жолдарды күтіп ұстауға 2025 жылға 25 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Округ әкімі Ләззат Бердібаева бүгінде мемлекеттік сатып алу порталында округаралық жолдарды күтіп ұстау бойынша хабарландырудың жарияланғанын мәлімдеді.

-Хабарландыру екі лот, яғни, «Қаракөл-Жұрын» және «Жаңатұрмыс-Жұрын» бағыттары бойынша салынды. «ҚаракөлЖұрын» бағытына 16 млн 479 мың теңге, «Жаңатұрмыс-Жұрын» бағытына 9 млн 887 мың теңге жоспарланып отыр. Хабарландыру 11-ші желтоқсанда аяқталып, жеңімпаз анықталады, — деді ауыл әкімі Ләззат Ертілесқызы.

«Ақтөбе — Қандыағаш» тас жолының бойында орналасқан Ақкемер ауылдық округінің жолдарын қардан тазалауға бюджеттен 27 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу порталында хабарландыру берілген. Хабарландыру желтоқсан айының басында ашылып, жеңімпаз анықталады. Ауыл әкімі Дамир Қожаниязовтың айтуынша, 2025 жылы Ақкемер ауылдық округі бойынша жолдарды күтіп ұстау жұмыстары төрт бағыт бойынша жүргізіледі. Олар — «Ақкемер-Көтібар батыр» «АқкемерКөктөбе», «Ақкемер-Жарық», «Ақкемер-Елек».

Ал аудан орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан Жұрын ауылдық округінің елді мекендерінің жолдарын күтіп ұстауға 2025 жылға 30 млн 762 мың теңге қаржы қарастырылған. Ауыл әкімі Рамазан Үргенішбаев бүгінде мемлекеттік сатып алу порталында хабарландыру берілгенін жеткізді. Округ әкімінің сөзінше, өткен жылы округтегі елді мекендердің жолдарын күтіп ұстау жұмыстарын бір мердігер мекеме жүргізген.

2024 жылға Жұрын ауылы, №53 Талдысай разъезі, Көлденең Темір, Көбелей ауылдарының ішкі және сыртқы автомобиль жолдарын қардан тазалау және жолдарды күтіп ұстау жұмыстарын Ардақ Абданбаев есімді азамат жауапкершілігіне алды. Келісімшарт жылдың аяғына дейін жасалған болатын, — деді ауыл әкімі Рамазан Үргенішбаев.

Ал Еңбек ауылдық округінің әкімі Аманбай Каюпов мемлекеттік сатып алу порталында округтің жолдарын күтіп ұстауға 27 млн 686 мың теңге көлемінде хабарландырудың төрт лотқа бөлініп жарияланғанын жеткізді. Оның сөзінше, хабарландыру қараша айында ашылып, жеңімпаз анықталады.

Батпақкөл ауылдық округін қардан тазалау жұмыстарын және жолдарын күтіп ұстауды «Шотов» жеке кәсіпкерлігі жауапкершілігіне алған. Бюджеттен бөлінген қаржының көлемі — 4 млн 900 мың теңге. Ауыл әкімі Мейрамбек Боқашев 2025 жылға ауылдық округтің жолдарын күтіп ұстауға 20 млн теңге көлемінде қаржы жоспарланғанын жеткізді.

2024 жылы барлық ауыл бір лотқа салынып жарияланған еді. Ал 2025 жылы округке қарасты 5 елді мекенге жеке-жеке хабарландыру берілді. Себебі бір мердігер мекеме қыстың қолайсыз күндері Жағабұлақ, Жаркемер, Қожасай, Саға, Шеңгелши ауылдарын қардан тазартып үлгермейді, — деді ол.

Талдысай ауылдық округінің әкімі Айбек Мұқанов округке қарасты екі елді мекеннің жолдарын күтіп ұстауға және қардан тазалау жұмыстарына 2025 жылға 30 млн 146 мың теңге бөлінгенін айтты. Бүгінде мемлекеттік сатып алу порталына хабарландыру берілген.

2024 жылы округтің жолдарын күтіп ұстау жұмыстарын екі мердігер мекеме «Рилс» ЖШС-і және «Ержан Құрманалин» ЖК атқарды. Келісімшарт жылдың аяғына дейін жалғасады, — деді Айбек Мұқанов.

Таулы аймақта орналасқан Қайыңды ауылдық округінің де қысы қатты болатыны белгілі. Ауыл әкімі Нұрболат осы жылға қарағанда 2025 жылы қаржының қомақты бөлінгенін жеткізді. Оның сөзінше, жолдарды күтіп ұстауға 24 млн теңге бөлінген.

Ал Құмжарған ауылдық округінің әкімі Қанағат Қалиев 2025 жылға ауыларалық жолдарды күтіп ұстауға 17 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылғанын айтты. Бүгінде ашық конкурс жарияланып, ашылуы күтілуде. Ауыл әкімі 2024 жылы жолдарды күтіп ұстауға 8 млн теңге көлемінде бөлінгенін, аталған жұмысты «Мәлік» ЖШС-і жүргізгенін жеткізді.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда жаңа ипотекалық бағдарлама ашылуы мүмкін

admin_mugalzhar

АУРУ – АСТАН

admin_mugalzhar

Қазақстанда 2020 жылы жолдардың жай-күйі еуропалық жүйе арқылы бағалана бастайды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.