Қытайда тараған метапневмовирус Қазақстанда да тіркелді. Ресми деректерге сүйенсек, отыздан аса қазақстандық жұқпалы індеттің ілмегіне іліккен. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі көпшілікті абай болуға шақырды. Ал ауданның санитариялық мамандары тұрғындарды адам көп жиналатын орындарға, жабық үй-жайларға баруды шектеуге кеңес береді.
Мұғалжар аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Мұратов Санитариялық эпидемиологиялық бақылау комитеті әлемде метапневмовирустың таралуы туралы БАҚтағы соңғы жаңалықтарға орай мәлімдеме жасағанын жеткізді.
—Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің жүргізген мониторингіне сәйкес эпидемиялық маусымның басында республика бойынша тұмауға қарсы емес вирустарға 8 мыңнан аса үлгі зерттеген. Оның ішінде 22% — оң, оның ішінде парагрипп – 9%, МС вирусы – 23%, риновирус – 36%, бокавирус – 6%, аденовирус – 12%, коронавирус – 11%, метапневмовирус – 1,6% көрсеткен. Қазіргі уақытта Қазақстанда бүкіл әлемдегідей ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі тіркелуде. Ағымдағы эпидемиологиялық маусымның басынан бері республикада ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың 20%-ға төмендеуі байқалады, тұмаумен сырқаттанушылық өткен эпидемиологиялық маусым кезеңімен салыстырғанда бұрынғы деңгейде қалды, — деді ол.
Ауданның бас санитариялық дәрігері аудан тұрғындарын алдын алу шараларын сақтауға және адамдар көп жиналатын жерлерде байланыстарды шектеуге шақырды. Бұл әсіресе созылмалы аурулары бар халықтың ең осал топтарына қатысты екенін жеткізді. Сонымен бірге үй-жайларды үнемі желдетіп отыру, науқас адамдармен байланысын шектеу, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету, тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдар, мектептер) жібермеу қажеттігін қадап айтып, аурудың белгілері пайда болса, уақтылы медициналық көмекке жүгіну керегін мәлімдеді.
Н.АБАТ