ЖУЫРДА АУДАН ӘКІМДІГІНДЕ АУДАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ. АТАЛҒАН ОТЫРЫСТА КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ АС БЕРУ КЕЗІНДЕГІ ДӘСТҮРЛЕР МЕН КӘДЕЛЕР ТӨҢІРЕГІНДЕ СӨЗ ҚОЗҒАП, ЖАЙЫЛҒАН ДАСТАРҚАН МӘЗІРІНДЕГІ ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРІП, АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІ МЕН ЖАНАЗА РӘСІМДЕРІН БІРІЗДІЛІККЕ ТҮСІРУ ҚАЖЕТТІГІН АТАП АЙТТЫ. ИӘ, ШЫН МӘНІНДЕ БҰЛ МӘСЕЛЕНІҢ ӨЗЕКТІ ЕКЕНІ РАС. СЕБЕБІ БІЗ БЕРІП ЖҮРГЕН ҚҰДАЙЫ АС ДАСТАРҚАНЫН ТОЙ ДАСТАРҚАНЫНАН АЖЫРАТУ ҚИЫН. ДӘСТҮРМЕН ШАРИҒАТҚА САЙ КЕЛМЕЙТІН, ПАЙДАСЫНАН ЗИЯНЫ КӨП КЕЙБІР ӘДЕТТЕРДІҢ, ОНЫҢ ІШІНДЕ ЫСЫРАПШЫЛДЫҚТЫҢ ЕЛ АРАСЫНДА КЕҢ ЕТЕК ЖАЯ БАСТАУЫ КІМ-КІМДІ ДЕ АЛАҢДАУЫ ҚАЖЕТ. ОСЫ ОРАЙДА БІЗ, ЯҒНИ ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІ, ОСЫ ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫП ТӨҢІРЕГІНДЕ АУДАННЫҢ БАС ИМАМЫМЕН СҰХБАТ ҚҰРЫП, АҚСАҚАЛДАР МЕН МЕЙРАМХАНА ИЕЛЕРІН СӨЗГЕ ТАРТЫП, ТҰРҒЫНДАРҒА САУАЛ ТАСТАДЫҚ. АЛ ОЛАРДЫҢ ӘҢГІМЕСІН ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ. СОНЫМЕН…
ҚАЗІР ҚҰДАЙЫ АС ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?
Қай кезеңде болмасын, бақилық болған жанды соңғы сапарға қастерлеп шығарып салу, бүкіл жөн-жосығымен аттандыру – артында қалған тірілерге үлкен міндет әрі сын. Адамды мәңгілік сапарға аттандыру түрлі тарихи даму жолынан өтіп, бүгінгі көрініске ие болып отыр. Қазіргі таңда қайтыс болған адамға берілетін ас тойдан кем өтпейді. Бұны көріп те, айтып та жүрміз. Дегенмен әзірге құлақ қойып, жүзеге асырып жүргендердің қатары аз болып тұр. Тіпті «өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген мақалдың мағынасын тура түсініп, той мен өлімде бәсекеге түсіп, біріненбірі асып түскісі келетіндерді де анық байқаймыз.
Ендеше, қазіргі уақытта қайтыс болған адамның асы қалай өтеді? Сол сәтке сәл ғана шолу жасап көрейікші. Марқұмды соңғы сапарға шығарып салғаннан кейін астың дастарқанына жайғасамыз. Ас үстінде оның жақсы қасиеттерін айтып, сөз сөйлейтіндер бар. Жарайды, бұны «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегенді меңзеді деп есептейік. Бірақ, осы жерде дастарқанның әр тұсында тағы да ду-ду әңгіме басталады, ана кісі не айтып жатыр, онда шаруамыз жоқ. Дүйім халық жиналған кең зал араның ұясындай гуілдеп отыратынымыз жасырын емес. Садақа біте сала дастарқандағы тағамдарды жанталаса салып алып, «пакет» арқалап шығатынымыз тағы бар.
Mәшһүр Жүсіп атамыз: «Қаралы үйден тағам алып, соны үйіне апара жатқан адам өзімен не әкетіп бара жатқанын білер ме екен? Бір шаңырақта адам о дүниелік болып жатқанда, сол шаңырақтан түйір дәм алу жақсы нәрсе емес. Себебі, қаралы үйден шыққан тағамнан қан тамшылап ағып тұрады. Ал қан тамшылап тұрған тағамды үй-ішіне апарып жегізу — сол қаралы үйде болып жатқан қайғыны өз шаңырағыңа да жұқсын деп тілегенмен бірдей», — деген екен. Қазақтың әулиесі деп қасиетін бағалаған Мәшһүр Жүсіптің өз заманында айтқан осы бірауыз сөзін қазіргі замандастардың да біле жүргені жөн секілді. Әдетте тойдан сарқытты сол үйдің қуанышы «жұғысты болсын» деп ырымдап алып жатамыз. Ал өлім кезінде дастарқанға қол салып, көсіп алып жататындардың құлағына алтын сырға…
ЕСКЕ АЛУ САДАҚАСЫ ТУҒАН КҮНГЕ ОРАЙЛАСТЫРЫЛҒАНЫ ЖӨН
Қоғамдық кеңес мүшелері көтерген дүниеден өткен адамның асын берудегі ысырапшылдық мәселесі бұған дейін де көтеріліп, мүфтият «Ас беру мәдениеті» атты құжат та қабылдаған болатын. Аталмыш құжатқа ас беру кезінде шынайы ниет ету, құдайы асқа жиналу, құран оқу, бата беру және дұға жасау, ысырапқа жол бермеу, құдайы аста уағыз-насихат айту, марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату, құдайы аста қарапайымдылықты сақтау секілді бірнеше қағидалар енгізілді. Бірақ бүгінде бұл қағидалар толыққанды сақталмай, тұрғындар тарапынан ысырапшылдыққа жол беріліп отыр. Әуелі құдайы ас берудің дініміздегі үкіміне тоқталғанды жөн көріп, аудандық «Нұртай» мешітінің бас имамы Мұхамед Исмаил Шадманды сөзге тарттық. Ол қайтыс болған кісінің атынан ас беру – Ислам шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарының қатарына кірмейтінін айтты.
—Бүгінде қайтыс болған адамның құдайы асына көп барамыз. «Құдайы ас» атауының өзі айтып тұрғандай Алла Тағаланың разылығына қол жеткізу үшін қайтыс болған марқұмға арнайы берілетін ас. Мұндай ас қайтыс болған кісі Алланың рақымы мен жарылқауына бөлену үшін атқарылады. Ас беру кезінде шариғат шеңберінен шығып, ысырапқа жол беру дұрыс емес. Бүгінде біз осындай қаралы жиындарға көп барамыз. Сол сәттерде ысырапшылдықтың шектен тыс болып жатқанын көріп жүрміз. Жағдайы жоқ адамдардың садақа жасау үшін банктен несие алып, қарызға батып жатқанында естиміз. Біз сол себепті қазалы отбасын қарызға батудан сақтауымыз керек. Шариғатта қайтыс болған адамның артынан үздіксіз үш нәрсе сауап болып барып тұрады. Біріншісі — садақа жария. Бұл дегеніміз дүниеден өткен адамның атынан халыққа пайдасы тиетін жақсы нәрсе жасау. Ол дегеніміз тек мешіт пен медресе салу емес, жол немесе су құбырын салу. Бұларды адамдар үздіксіз пайдаланып, рахатын көреді. Ал сауабы қайтыс болған адамға жазылады. Екіншісі — салиқалы ұрпақтың жасаған дұғасы. Бұл дегеніміз, артында қалған ұрпақтың әке-шешесі үшін құран оқып, үнемі дұғада болуы. Үшіншісі – пайдалы ілім. Бұл дегеніміз, сол адам бүгінгі қоғамға, адамға қандай да бір пайдалы білім берсе, сауабы үздіксіз барып тұрады. Айтайын дегенім, қайтыс болған адамның қонақасы жасалмаған жағдайда ешбір адам күнә арқаламайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа ас таратудың сауапты іс екенін Құран аяттарынан және хадистерден байқаймыз. Дінімізде «міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісі атынан ірі қара мал сойып, садақа бер» деген үкім жоқ. Садақалар, құдайы астар берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс, — деді Мұхамед Исмаил Шадман.
Бас имам қайтыс болған адамның қайтқан күні берілетін құдайы ас рәсімдерін, қайтқан күніне емес, сол адамның туған күніне орайластырып бергенді дұрыс деп есептейді.
—Бізде көп жағдайда марқұмның қайтыс болған күнінде садақа беріп жатады. Ал тарихта қалған ұлы ғұламалардың қайтыс болған жылы емес, дүниеге келген жылын атаулы күн етіп, еске алып жатады. Айталық, биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай мемлекет тарапынан мәдени шаралар ұйымдастырады емес пе?! Біз де садақа берер сәтте осыны ескерсек екен, — деді ол.
ҚОНАҚАСЫ ҚАСИЕТІН ЖОҒАЛТТЫ
Бұрын қайтыс болған адамның қонақасысы алыстан келген ағайын-тумасының, жекжатжұрағатының басын қосып, қайтыс болған адамды шығарып салу рәсімдерін талқылау, сүйекті күзету мақсатында өткізілген. Ал бүгінде ше? Қонақасы үлкен мейрамханаларда кемі 200-250 адамға дастарқан жайылу арқылы беріледі. Имам бұның дұрыс еместігін мәлімдеді. Қайтыс болған адамға ең сауаптысы — тірілердің жаназаға қатысып, әсіресе, ер адамдардың жаназа намазында сапта тұруы.
—Бүгінде қонақасыдан қасиет кетті. Себебі қаншама адам осы садақаны атқару үшін қарызға батып жатыр. Мейрамханаға төлейтін қаржының көлемі де аз емес. О дүниелік болған адам үшін жаназаның дұрыс атқарылуы өте маңызды. Жаназада тірілердің істейтін өз амалдары бар. Атап айтатын болсақ, біріншісі — кебін. 25 метрлік матаны пішіп, арулап көмуге дайындайды. Екіншісі — жаназасын оқу. Жуу мәселесіне келетін болсақ, мұнда етжақындары жууға кіргізіледі. Жуған кезде ескерілетін басты жайт: кіргізілетін адамдар сырға берік болуы шарт. Көргенін сыртқа айтпайтын, құпияны сақтай білетін кісілерді кіргізеді. Сонымен бірге жаназа намазын оқу үшін барлығы да дәретте болуы керек. Кейде дәрет алу мүмкін болмай қалады. Бірақ, мәйіт иесі, яғни жаназаны атқарушы кісі міндетті түрде дәретте болуы, негізі, жаназаға қатысатын барша жамағат дәретімен сапқа тұруы қажет. Сол үшін де жаназаға келетін әрбір адам үйден шығар алдында дәрет алғаны жөн. Тағы бір айта кетер дүние, жаназаға барған ер азаматтың барлығы да жаназа намазына қатысуға міндетті. Кейбір елдімекендерде жаназа намазына тек жақындары қатысып, қалғандары қолдарын қалтасына салып, шет тұратыны байқалады. Бұл дұрыс емес. Барлық мұсылман ер азамат қатысуға міндетті, — деді имам Мұхамед Исмаил Шадман.
АҚСАҚАЛДАР НЕ ДЕЙДІ?
Біз мақала дайындау барысында көпті көрген ақсақал, ауданның Құрметті азаматы Аманжол қажы Адаевқа хабарласып, жақында ғана аудандық қоғамдық кеңестің жариялаған үндеуі жөнінде сұрап, садақа дастарқанына қойылатын ас мәзірі туралы білдік. Ол бұл мәселенің бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанын, дегенмен түбегейлі шешімінің әлі де табылмағанын жеткізді.
—Бүгінде садақа дастарқанынан түрлі тағамдардың түрін көруге болады. Тауықтың еті керек пе, балықтың еті керек пе, бәрін де табуға болады және артығымен тұрады. Бұл дегеніміз, үлкен ысырапшылдық. Ал ысырапшылдық діни мұсылман қағидасында шариғатқа қарсы. Халқымыз «судың да сұрауы бар» деп босқа айтпаған. Біз осыны ескеріп, мұғалжарлықтардың назарына үндеу жарияладық. Үндеуде садақа дастарқанында жеті түрлі тағамның қойылуы керектігін ескерттік. Себебі жеті саны мұсылмандар үшін қасиетті болып табылады. Халқымыздың ежелден келе жатқан салты бойынша қонақасы алыстан келген қонақтарға берілетіндігі ескеріліп және қазіргі кезде кафе, мейрамханаларда жасалып жатқан көпшілікке арналған қонақасы беруден бас тартып, көңіл айту рәсімдерін үйде өткізу керек. Сонымен бірге қазіргі садақаларда орын алып отырған дыбыс күшейткіштер арқылы жарыса сөз сөйлеудің орнына, марқұмның жақын туыстары ғана сөз алып, имамдар мен ақсақалдар ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын уағыздарды айтқандары жөн деп есептеймін. Садақаларда ақша, жыртыс, орамал таратуға тиым салған жөн. Осы аталған артық шығындардың қара жамылған үйдің адамдарының мұқтаждықтарына жұмсалғаны сауапты іс болар еді. Жалпы ысырапшылдық жақсылыққа әкелмейді. Кез келген адам қай нәрсенің де сұрауы барын ұмытпағаны абзал, — деді Аманжол қажы Адаев.
Ас беру мен жаназа рәсімдерін ұйымдастыру кезінде ысырапшылдықты болдырмау қажеттігін айтқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құрал Байсұлтанов тұрғындарды неғұрлым қарапайым болуға шақырды.
—Алайда ас беруде ысырапшылдыққа жол бермеген дұрыс. Қазақ нанның қиқымын жерге тастатпаған. Ашып кеткен тамақты қоқысқа төгудің өзі – ысырап. Сондықтан біріненбірі асамыз деп, «анау ата-бабасына бәленбай мал сойыпты, бәленбай жыртыс жыртыпты, бәленбай мүлік таратыпты, біз неге қалысамыз» деген сияқты бәсеке дұрыс емес. Мұндай бәсекенің бақиға кеткен адамға титімдей пайдасы жоқ. О дүниелік адамның кітабын шығарса, тағылымдарын жеткізсе, міне, бұл – керемет. Халыққа тамақпен, киіммен, мал союмен бәстесудің керегі жоқ деп есептеймін. Өліні бәсекелестікпен разы қылмай-ақ қоялық. Өйткені аруақ тек Құран дәметеді емес пе? — деді ол.
МЕЙРАМХАНА БАҒАСЫ – 3500 ТЕҢГЕ
Қандыағаш қаласында тұратындардың көпшілігі көпқабатты тұрғын үйде тұрады. «Жан бар жерде қаза бар» демекші, өлім жер де, жас та таңдамайтыны анық. Пәтері тар тұрғынға не істемек керек? Әрине, амалының жоқтығынан мейрамхана қызметіне жүгінетіні сөзсіз. Осы тұста біз қала аумағында орналасқан бірнеше мейрамхана иелеріне хабарласып, ас беру дастарқанының мәзірі мен бағасын білдік. Тек қана ас беру рәсімдеріне дастарқан жаятын «Дәстүр үй» ас беру орталығының иесі Айгерім Кадралина аталған орталықта тек қана садақа асы үшін дастарқан жайылатынын жеткізді.
— Бүгінде мен басқарып отырған орталықта той, құдалық секілді көңіл көтеру кештері өткізілмейді. Тек қана садақа жасалады. Себебі қасымызда мешіт орналасқан. Біздің орталықта садақаға жайылатын дастарқанның бағасы — 3500 теңге. Дастарқанға екі салат, тауық және ет өнімдерінен екі тіскебасар, өрік-мейіз, конфет және шәйға арналған тәтті бәліштер, бауырсақ қойылады. Су және шәй беріледі. Ал негізгі ас ет тағамын қонақ иелері, шақырған адамының санына қарай өздері алып келеді, — деді Айгерім Кадралина.
Ал «Айым» мейрамханасының иесі Венера Ізбасарова бүгінде садақаны мейрамханаларда жасауға тыйым салудың дұрыс еместігін тілге тиек етті. Сондай-ақ садақаны мейрамханаларда жасау үшін халық арасында өздері тарапынан үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбейтінін, тек келген адамдардан ғана тапсырыс қабылдап, қызмет көрсететінін жеткізді.
—Біз қазақ болғаннан кейін ағайын-тума, құда-жекжат секілді туысқандарымыз көп. Ал екі бөлмелі пәтерде тұратын адамдар бір жағына сүйекті қояды. Ал екінші бөлмесіне жоқтау айтушылар отырып, көңіл айтушыларды қабылдайды. Бұл қазақ халқының сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан дәстүрі. Осындай сәттерде үй иесі жан-жақтан келген туысқандарын қайда жайғастырмақ? Әрине, көршілеріне баратын шығар. Дегенмен жүз қаралы адамға ас беру өте қиын. Ал мейрамханаларда жайылған дастарқанға келген қонақтардың барлығынотырғызуға мүмкіндік болады. Біз біреудің қайғысынан ақша жасап, қалтамызды қалыңдатып отырғанымыз жоқ. Жыл басынан бері дүкен сөрелеріндегі азық-түлік бағасы да қымбаттап кетті. Бірақ біз садақаға арналған ас мәзірін өзгеріссіз қалдырдық. Біздегі баға – 3500 теңге. Біз бұл бағаға асыра сілтіп, керемет дастарқан жаймаймыз, жаюға да келмейді. Асқа берілетін етті және бауырсақты тапсырыс беруші өзі алып келеді. Ал қалған дастарқандағы азық-түліктер біздің тарапымыздан дайындалады, — деді мейрамхана иесі.
ҚҰРАН ШЫҒАРУ
Құран шығару, хатым түсіру — Құранды бастан аяқ оқып, қайтыс болғандар үшін Алладан жарылқау тілеу. Шариғат бойынша құран шығару сауапты іс болып есептеледі. Мұхаммед пайғамбар (ғ.с) хадисінде Құран оқудың артықшылығына қатысты: “Құран оқыңдар. Өйткені Қиямет күні ол өз иелеріне (оны оқыған кісілерге) шапағатшы болып келеді” — десе, тағы бір сөзінде: “Алламен сөйлескісі келген адам — Құран оқысын” — делінген. Құран оқып, дүниеден өткен ата-бабасы үшін Алладан жарылқау тілеу мұсылман баласының қасиетті міндеті. Бүгінде Құранды имамдар шығарады. Ол осы Құранды бастан аяқ оқып шығады. Сол үшін қайтыс болған адамның ет жақыны имамның еңбегін елеп, Құран шығарғаны үшін қаржылай ілтипат көрсетеді.
ТӘБӘРІК ТАРАТУ
Марқұмның артында қалған жақындары қайтыс болған адамға сауабы тие берсін деген мақсатта садақа беру ниетімен «тәбәрік» таратқан. Жасы жүзге келіп немесе жүзге жақындап дүниеден озған қарттардың тірі кезінде тұтынған заттарын тәбәрік деп бөлісіп алады. Ол бізге де жұғысты болсын, біз де осындай жасқа жете берейік деген тілек пен ниет. Тәбәрікке әжелердің жиған зергерлік бұйымдары, киген киімдері, сандығына салып сақтаған заттары, қарт аталардың қамшылары, ер тоқымдары, бас киімдері мен жеке тұтынған заттары жатады. Алайда бүгінгі біздің қоғам бұның өңін айналдырып, садақа үстінде кілем, көрпе секілді бағалы заттарды таратады. Ал мұны ислам діні құптамайды. Себебі бұл да ысырапшылдықтың бір түрі.
ЖЫРТЫС ТАРАТУ
Ұзақ жасқа жетіп, дәм-тұзы таусылып, қайтыс болған адамның жаназасында да жыртыс таратылған. Бұл «марқұмның жасын берсін» деген ырымнан туған. Зират басында жыртыс жыртылып, сондағы ер азаматтарға үлестіріледі. Олар осы шүберекпен бетін сипап, иман келтіреді. Сонымен бірге қайтыс болған адамның атынан жыртыс тарату арқылы ол достары мен туыстарының алдындағы қарызын өтейді деп есептейді. Бірақ қазақтар жыртысты 60 жастан асқан адам қайтыс болғанда ғана таратқан. Ал имамдар жыртыс жыртып, оны тарату шариғатта жоқ екенін жеткізіп, міндетті еместігін тілге тиек етті.
МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІ МЕН АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ БІРІККЕН ОТЫРЫСЫНДА ҚАБЫЛДАНҒАН АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНА АРНАЛҒАН ҮНДЕУІ
Үстіміздегі жылдың 29 қаңтары күні аудандық Қоғамдық кеңестің бастамасымен аудандық ардагерлер және Билер кеңесінің мүшелері, Қандыағаш, Ембі қалалары мен ауылдық елді мекендерде орналасқан мешіт имамдары қатынасқан жиын өткізіліп, ас беру және жаназа рәсімдерін өткізу кезіндегі орын алып отырған ысырапшылдық, мақтаншақтық және бәсекелестікке жол бермеу мәселелері талқыланды. Жиын барысында тыңдалған мәселе бойынша аудан тұрғындарына арналған төмендегідей мәтінде Үндеу қабылдау туралы шешім қабылданды.
Ас беру және жаназа рәсімдерін өткізу бойынша аудан тұрғындарына арналған Үндеу
Ас беру мен жаназа рәсімдерін ұйымдастыру кезінде ысырапшылдықты болдырмау мақсатында және тұрғындарды неғұрлым қарапайымдылыққа шақыру арқылы ата дәстүріміз бен ислам діні қағидаларының қатаң сақталуына қол жеткізу; Халқымыздың ежелден келе жатқан салты бойынша қонақасы алыстан келген қонақтарға берілетіндігі ескеріліп және қазіргі кезде кафе, ресторандарда жасалып жатқан көпшілікке арналған қонақасы беруден бас тарту, көңіл айту рәсімдерін үйде өткізу; Садақаларда қаралы отбасыны артық шығынға батыратын шәй дастарқанының жайылуына шектеу қою, жайылған жағдайда да жеті түрлі асмәзірінен аспау, бұл талаптардың бұзылуы орын алған садақаларға имамдардың бармауын тәжірибеге енгізу; Тұрғындардың әртүрлі әлеуметтік топқа жататындықтарына қарамастан осы талаптарды қатаң басшылыққа алу; Марқұм болған адамның бір жылға дейінгі садақаларының барлығында да ысырап пен бәсекеден алшақ болу; Қазіргі садақаларда орын алып отырған дыбыс күшейткіштер арқылы жарыса сөз сөйлеудің орынына, марқұмның жақын туыстары ғана сөз алып, имамдар мен ақсақалдар ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын уағыздарды айтқандары жөн болар еді; Садақаларда ақша, жыртыс, орамал таратуға тиым салу, оның орнына түскен қаржыны сауапты іс ретінде мүгедек және аз қамтылған мұқтаж адамдарға бағыттау дұрыс болар еді; Қонақасыға қатынасып, марқұмның туыстарына көрініп кетсек болады деген жамағаттың арасындағы ойдан арылу, оның орынына жаназаға қатынасу, жаназаның сауабы мол іс екендігін ескеру және насихаттау, отбасымүшелерінің қайғысынаортақтасып, шынайыкөңілайту; Кәсіпкерлік нысан иелеріне бекітілген ас мәзірін белгілі бір тұрақты бағада ұстау, біреудің қайғысынан аса көп пайда көруді көздемеу; Кейінгі берілетінЕске алу рәсімдерінжақын туыстары өз еркіне қарай ұйымдастырып, марқұмныңқайтысболғанкүнінеорайемес, туғанкүніне немесе білгілі бір даталарға сәйкестендіріп өткізгені дұрыс болар еді. Өмірдің шындығы – өлім екендігін ұмытпаған жөн. Сондықтанысырапшылдықтытоқтатып, ұлттықәдет-ғұрыпымызбен қасиетті дінімізді насихаттауға көңіл бөліп, марқұмның соңынан Құран бағыштап, дұға жасау – сауапты іс екенін ұмытпайық.
Түйін
Бас имам сөз басында Құраннан үзінді келтіріп, «Алла Тағала: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер» деп әмір еткен. Ол бізге өзінің халал еткенінен қалағанымызша ішіпжеуге рұқсат етті. Бірақ ысырап етуге тыйым салды» деп атап көрсетті. Иә, шындығында адал нәрсені де өзінің мөлшерінен артық қолданылатын болса ол да – ысырап. Ендеше, судың да сұрауы барын есте сақтағанымыз абзал!..
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ