«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕН

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫ «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ» ДЕП ЖАРИЯЛАДЫ. БҰЛ БАСТАМА ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫН АРТТЫРУҒА, ЖАСТАРДЫ ОСЫ САЛАҒА ТАРТУҒА ЖӘНЕ ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДА СҰРАНЫСҚА ИЕ МАМАНДЫҚТАР БОЙЫНША БІЛІКТІ КАДРЛАРДЫ ДАЯРЛАУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕТІНІ СӨЗСІЗ. ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚ ИЕСІ ДЕГЕНІМІЗ КІМ? ОЛАРҒА ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛМАҚ? ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ СҰРАҚТАР ТӨҢІРЕГІНДЕ БҮГІН ТАРҚАТАМЫЗ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда Ұлттық кәсіби классификаторда (ҰКК) 1274 мамандықтар тобы және 12 185 мамандық пен қызмет түрлері бар. Ең көп жұмысшы мамандықтары белгілі бір топтарға шоғырланған. Олар — «Қызмет көрсету және сауда саласының қызметкерлері» 279 мамандықты, «Шаруа қожалықтарының және ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық шаруашылығы мен балық аулау жұмысшылары» 174 мамандықты, «Өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да салалардағы жұмысшылар» 2327 мамандықты, «Өндірістік жабдық операторлары, жинақтаушылар және жүргізушілер» 3385 мамандықты қамтиды.

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫ САНАТЫНА КІМДЕР ЖАТАДЫ?

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр елімізде еңбекке қабілетті адам саны шамамен 9,6 млн адамды құраған. Соның ішінде бүгінде 2 млн 300 мың жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді екен. Атап айтсақ, көлік және байланыс саласы: жүк көліктерінің жүргізушілері, автобус жүргізушілері, такси жүргізушілері, электровоз жүргізушілері, т.б. Құрылыс және өндіріс саласы: құрылысшылар (монтаждаушылар, шеберлер, тас қалаушылар), дәнекерлеушілер, слесарлар, электриктер, жабдық операторлары, құрылыс бригадирлері, штукатурлары. Қызмет көрсету саласы: сантехниктер, трубопроводшылар, қонақ үй қызметкерлері, кондитерлер, аспаздар, үй шаруашылығы қызметкерлері. Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы: тракторшылар, шаруа қожалықтарының жұмысшылар, жер өңдеушілер, малшылар.

Өнеркәсіп және тау-кен саласы: кеншілер, теміршілер, металл өңдеушілер, шахталар мен кен орындарының жұмысшылары. Балық шаруашылығы мен су транспорты: балықаулаушылар, су транспортының жұмысшылары. Энергетика және коммуналдық қызметтер: электрмонтаждаушылар, жылу жүйелерін жөндеушілері, газ және су жүйелері жөндеушілері, электр қуатын өндірушілер мен тарату қызметкерлері, су және жылу энергетикасының оператормен жұмыс істейтін қызметкерлері. Өндіріс және механика: автокөлік жөндеушілері (автослесарлар, автомобиль механиктері), құралдар мен станоктар операторлары, машинистер, металлургия және химиялық өндірістің жұмысшылары, машина жасау шеберлері.

Тамақ өнеркәсібі және аграрлық сала: ет, сүт, ұн өндірісінің жұмысшылары, кондитерлер, өсімдік өсірушілер, мал дәрігерлері. Сауда қызметкерлері: сатушылар, кассирлер, дүкен қызметкерлері, курьерлер жатады.

ҚАНДАЙ ЖОБАЛАР МЕН ІС-ШАРАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ?

Бұл жыл аясында ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Өткен Үкімет отырысында Премьерминистр Олжас Бектенов жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырған болатын.

Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын, — деді Олжас Бектенов. Жұмысшы мамандықтарға қатысты кадр дайындаумәселесін де ОлжасБектенов тілге тиек етті.

Экономиканың басты өндірістік қуаты – кәсібін жетік меңгергенжұмысшымамандар. Қазіргі жұмысшылар жоғары технологиялық жабдықтармен, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істейді. Бұл біліктілікті арттырып, интеллектуалдық әлеуетті және цифрлық сауаттылықты, жеке құзыреттілікті үздіксіз дамытып отыруды талап етеді. Бізге мыңдаған білікті жұмысшы қажет. Сонымен қатар жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болады. Сондықтан болашақтағы дағдылар мен құзыреттерді болжау үшін әкімдіктердің барлығы кәсіптердің өңірлік атласын жасауы қажет. Әзірге тек 9 өңірде осындай құжаттар бар, — деді ол.

КӘСІБИ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ДА ЖАЛҒАСАДЫ

Техникалық және кәсіби білім беру мекемелері мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық күшейтіледі. Жастарға еңбек нарығының сұранысына сәйкес мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік беру мақсатында оқу орындарында жаңа бағыттар мен мамандықтар енгізіледі. Сонымен бірге техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауға арналған 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Еліміздің барлық, яғни 20 өңірінде жұмысшы мамандықтар беделін және кадрлар даярлау сапасын арттыруға, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған жоспарлар бекітілді. Сондайақ, негізгі мемлекеттік органдар, яғни 13 министрлік жаңа кәсіпорындар құру, сапалы жұмыс орындарын ашу, жұмыскерлердің біліктілігін арттыру, кадрлар даярлауда колледждермен бірлескен жұмысты жолға қою бойынша кешенді шаралар көзделген «Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу жөніндегі салалық жоспарларын әзірледі. Ісшаралар жоспарында өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып жасалған Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды дайындау, жұмысшы орындарын құру, жұмысшы мамандардың құқықтарын қорғау және мәртебесін көтеру қамтылған. Кәсіпорындармен бірлесіп ел мектептерінде 1000 бейінді сынып ашылады. «Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары 7 бағытты қамтитын 70 тармақтан тұрады.

ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРЕТІН КОЛЛЕДЖДЕРГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛМАҚ

«Жұмысшы мамандықтар» жылында бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтатын болсақ, жұмысшы мамандықтар Атласын дайындау, кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын іске асыру, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, кәсіби білікті кадрлар даярлау, сапалы жұмыс орындарын құру, жұмысшы кадрлардың құқықтарын қорғау, жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету бойынша шаралар қарастырылған.

Аймақтардағы кадрға қажеттілік ескеріле отырып, барлық өңірлерде «Жаңа кәсіптер атласы» әзірленеді. Кәсіптік бағдар берудің жаңа тәсілдері оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді, — деді Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

«Жас маман» жобасы аясында 180 мемлекеттік колледж заманауи оқу құралдарымен жабдықталады. Қазіргі таңда 270 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартуға қажеттілік бар. Бұл білім ұйымдары оқу процесінде моральдық тұрғыдан ескірген жабдықты пайдаланады. Жұмысшы мамандықтар жылында Ұлттық құзыреттер орталығы құрылады. Бұл орталық – кәсіби құзыреттерді, жаңа технологиялық шешімдерді, заманауи кәсіби дағдыларды әзірлеп өндіріске енгізуге ықпал етеді. Сонымен қатар, Ұлттық құзыреттер орталығы базасында жыл бойы халықаралық чемпионаттарға арналған оқу-жаттығу лагерлері, республикалық чемпионат, педагогтерге арналған салалық курстар өткізілетін болады.

Дайындаған Н.ТІЛЕП

 

Ұқсас ақпараттар

Қазақстандықтар жаңа жыл мерекесінде қанша күн демалады?

admin_mugalzhar

Ұлттық банк Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай коллекциялық монеталар шығарады

admin_mugalzhar

Су басқан аймақтардан 11 306 адам эвакуацияланды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.