ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын қолдау және үлес қосу мақсатында Қандыағаш қалалық №4 ЖББОМ-нің Өзің-өзі басқару ұйымы «Жасыл аймақ» жобасын ұсынып, бүгінгі таңда жоба аясында жұмыстанып келді.
Атап айтар болсақ, мектеп белсенділері «Экология” фракциясымен бірге қаңтар айындағы қысқы каникул күндері мектепті көгалдандыру мақсатында бөлме гүлдерін баптай бастады. Жұмыс барысында балаларға мектеп ішінен арнайы бөлме гүлдерін күтіп-баптайтын, көбейтетін
“Жасыл аймақ» жылыжайын ашу идеясы келіп, идеяны жүзеге асыра бастады. Мәселен, мектеп белсенділері спатифиллум, бізше айтқанда «Әйел бақыты» гүлін тамырлатып, ыдыстарға отырғызып, көбейте бастады.
Балалардың ынтасын көрген мектеп басшысы Гүлмира Мусина аталмыш идеяны қолдап, оқушылардың жұмыс жасауына үлкен мүмкіндік жасап, сенім артатынын жеткізді.
Қаңтар айынан басталған тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде оқушылар 300 дана “Әйел бақыты” гүлін жайқалтып өсіріп, арнайы ыдыстарға отырғызды.
Ендігі кезекте оқушылар өз қолдарымен көбейтілген гүлдерді көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз-Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында мектептің ұстаздарына сыйға тартпақшы.
“Жасыл аймақ” орталығының нәтижелі жұмыстарының бір көрінісі — оқушылар бүгінде түрлі экологиялық ғылыми жобаларға белсене қатысып, өз білімдерін шынайы тәжірибе жұмыстарымен ұштастырып, мектепті көгалдандыруға өз үлестерін қосуда.