«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АЗАМАТ ШУНИМОВ: ЕЛІМІЗ СОТ ЖҮЙЕСІН ЦИФРЛАНДЫРУ БОЙЫНША ТӨРТІНШІ ОРЫНДА

«СОТ ШЕШІМДЕРІНІҢ САПАСЫН АРТТЫРУ ҮШІН БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ ШАРАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ҚАЖЕТ». БҰЛ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНАН ҮЗІНДІ. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ СОТ ТӨРЕЛІГІН ӘДІЛ ЖҮРГІЗУ МЕН СОТ ШЕШІМДЕРІНІҢ САПАСЫН КӨТЕРУГЕ ҚАТЫСТЫ ТҮРЛІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛІП, ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА. СОНДАЙ-АҚ АУДАНДЫҚ СОТ ЖҮЙЕСІНЕ ДЕ БІРҚАТАР ӨЗГЕРІСТЕР ЕНДІ. СОТ ЖҮЙЕСІН ЦИФРЛАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ ДА ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН. ОСЫ ТАҚЫРЫПТАР ТӨҢІРЕГІНДЕ АУДАНДЫҚ СОТТЫҢ СУДЬЯСЫ АЗАМАТ ШУНИМОВПЕН СҰХБАТ ҚҰРДЫҚ. СОНЫМЕН…

— Сот қызметі – қоғаммен бірге жасасатын әділдіктің ордасы. Сөзімізді осы жүйедегі атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағытынан бастасақ…

— Сот жүйесінде қазіргі таңда көптеген ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Мемлекет, қандай қоғам болса да оның ішкі тұрақтылығы мен татулығы үлкен рөл атқарады. Әділдік салтанат құрған, құқық үстемдік еткен, яғни заң талаптары қатаң сақталатын қоғамның қадамдары нық, болашағы жарқын болады. Сондықтан да сот жүйесінің қоғамдағы орны мен беделі, қоғаммен байланысы, оның қызметінің сапасы мемлекеттің үнемі басты назарында. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына 2024 жылғы 2 қыркүйекте жарияланған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз» деп атап өткен болатын.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, дербес кассациялық соттар құру, электронды сот ісін жүргізу, медиация, дауларды соттан тыс шешу жолдары, тағы басқа көптеген бағыттарда жүргізіліп жатқан іс-шараларды айтуға болады.

Сот жүйесін жетілдіру, бұл бағыттағы шараларды сапалы жүзеге асыру – заң үстемдігін қамтамасыз етудегі басты басымдықтың бірі. Осы орайда сот төрелігін атқару сапасын арттыру мақсатында қандай шаралар қолданылады?

Сот төрелігін атқару сапасы ең басты назардағы мәселелердің қатарында тұрады. Себебі, халықтың сотқа деген сенімі мен сот жүйесі туралы пікірлері көп жағдайда сот төрелігін атқару сапасына байланысты да туындап тұратындығы белгілі. Елімізде сот төрелігін атқару сапасының өте жоғары деңгейде болуы үшін көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді күрес, 2024 жылғы 4 қазанда Қазақстан Судьялар Одағының кезекті 9-шы съезінде «Судья әдебі кодексінің» қабылдануы, судьялардың кәсіби деңгейін арттыру бойынша ісшаралар, сот отырыстарында үн-бейне жазбаларды барынша кеңінен қолдану, дербес кассациялық соттар құру, соттардың тәуелсіздігін күшейту мақсатында тәуелсіз сот әкімшілігі институтын нығайта түсу, тағы басқаларын атуға болады.

Осы жылы сот жүйесіне қандай өзгерістер енді? Әнгімемізді осы бағытқа бұрсақ…

-Биылғы жылы сот жүйесіне енгізілетін өзгерістердің ішінде дербес кассациялық құру мәселесін айтуға болады. «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңымен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Конституциялық заңына кассациялық соттар туралы мәселе қарастырылған. Кассациялық соттар биыл 1-ші шілдеден бастап жұмысын бастайтын болады. Аталған конституциялық заңға сәйкес, кассациялық соттарды Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті құрады, қайта ұйымдастырады, атауын өзгертеді және таратады. Кассациялық соттар судьяларының жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Кассациялық сот бірінші кезекте сот істері мен материалдарын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайды. Екінші кезекте сот практикасын зерделейді және оны жинақтау қорытындылары бойынша төмен тұрған сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды. Ал үшінші заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

— Соңғы жылдары сот жүйесін цифрландыру жұмысының қарқынды жүріп жатқанын білеміз. Осы тұста аудандық сот жүйесінің цифрландыруы қандай деңгейде екенін білгіміз келеді?

-Осы салада жұмыс жасап жүрген судья ретінде де, қарапайым азамат ретінде де республикамыздағы сот жүйесін цифрландыру өте жоғары деңгейде деп айта аламын. Сөзіміз жалаң болмауы үшін, деректеріне отырып сөйлесек. Қазір сот жүйесінде атқарылып жатқан жұмыстарды зерттеу, бағалау, талдаумен көптеген түрлі халықаралық ұйымдар айналысуда. Солардың ішінде көптеген халықаралық сарапшылар мен танымал ұйымдардың арасында Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның зерттеуіне сәйкес, Қазақстан электрондық соттарды, қашықтықтан тыңдауды және құжаттарға онлайн қолжетімділікті енгізуден сот жүйесін цифрландыру бойынша 4-ші орында. Бұл біздің еліміздің сот жүйесіне берілген жақсы баға.

— «Судья – халықтың ары» деп жатады. Осы орайда бүгінгі судьяларға қойылар талап қандай?

Әрине, «судья – халықтың» ары деп құр бекер айтылмаса керек. Ақ пен қараны ажырататын, қандай даудың болса да соңғы нүктесін қойып, әділ төрелігін айтып, шешетін судьяларға қойылатын талап өте жоғары. Судья Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен сот төрелiгiн іске асыру жөнiндегi өкiлеттiктер берiлген, өз мiндеттерiн тұрақты негiзде орындайтын және сот билiгiн жүргiзушi болатын мемлекеттің лауазымды адамы болып табылады. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын бұлжытпай сақтауға, судьяның антына адал болуға, сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi өзiнiң конституциялық мiндетiн орындаған кезде, сондай-ақ қызметтен тыс қарым-қатынаста судья әдебi талаптарын сақтауға және судьяның беделi мен қадiрқасиетiн түсiретiн немесе оның адалдығына, әдiлдiгiне, объектив-тiлiгi мен алаламаушылығына күмән туғызатын барлық нәрседен аулақ болуға, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрiнiстерiне және сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметке заңсыз араласу әрекеттерiне қарсы тұруға, судьялар кеңесiнiң құру аясын сақтауға мiндеттi. Аудандық соттың судьясы болып: отыз жасқа толған; жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдықадамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар; біліктілік емтиханын тапсырған (Жоғары Сот Кеңесi жанындағы Сот төрелігі академиясында оқу бітірген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады); медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсіптік мiндет-терiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқ екендігін растаған; негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, сотта ақы төленетін тағылымдамадан ойдағыдай өткен және тағылымдама қорытындысы бойынша соттың жалпы отырысының оң қорытындысын алған (Жоғары Сот Кеңесi жанындағы Сот төрелігі академиясында оқу бiтiрген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы тағылымдамадан өтуден босатылады); «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда полиграфологиялық зерттеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.

— Бүгінде медиация туралы көп айтылады. Жалпы медиацияның қоғамға көмегі қандай? Медиаторлар нені білуі керек?

— Медиация — қоғамға қажет институт екені уақыт өткен сайын айқындала түсуде. Оның ерекшелігі екі тарап та жеңілмейтін, яғни татуласатын жолды ұсынады. Дауласқан тарап болғасын жерде біреуі ұтады, екіншісі ұтылады. Ал медиацияда екі тарап та дауларын бейбіт жолмен, өзара ымыраға келе отырып келісімге келеді. Медиаторлар тараптарды татуластыру әдістерімен қатар, заң талаптарын да жетік білуі тиіс. Себебі, тараптарды татуласуға шақыру барысында талаптарының бұзылмауына да баса мән берілуі тиіс.

-Енді әңгімемізді аудандық сот жұмысын жариялылық тұрғыдан көрсету бағытына бұрсақ. Осы межеден шығу үшін сала мамандары қандай жұмыстар атқаруда?

-Сот саласы баспасөз ақпарат құралдарымен тығыз байланыса отырып жұмыс жасап келеді. Біздің жұмысымыздың халыққа жетуінде журналистердің еңбегі зор. Сотта жасалып жатқан жұмыстарды халық баспасөз құралдары, әлеуметтік желілер арқылы оқып, біліп, танысып келеді. Сотта жасалған жұмыстар, қаралған істер туралы ақпараттарды аудандық «Мұғалжар» газетіне, облыстық және республикалық ақпарат құралдарына жариялау үшін тұрақты түрде жолдап отырамыз.

Өткен жылы аудандық сотта қанша іс қаралы? Оның ішінде азаматтық, әкімшілік, қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық бөліністері қандай?

Өткен жылы Мұғалжар аудандық сотына азаматтық істер, яғни талап қою бойынша барлығы 1153 талап арыз түсті. Оның ішінде 379 іске шешім шығарылып, 22-сі қайтарылды. Ал 180 іс тоқтатылып, 79 іс медиация тәртібімен шешілді. 93 арыз қараусыз қалдырылса, 128 іске бұйрық шығарылды. Ал қылмыстық істерге келетін болсақ, барлығы 77 іс түсті. Оның 72-сіне үкім шығарылды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істері бойынша барлығы 1445 арыз түсті. Оның 1271-і қаралып, 321-сі тоқтатылды.

-Сұхбатымыздың соңында өзіңіз жұмыс жасайтын сот ұжымының жетістіктерін білгіміз келеді. Сондай-ақ өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз…

-Менің осы ұжымға судья ретінде келіп жұмыс жасай бастағаныма көп бола қойған жоқ. Бұрын осы сотта бас маман – сот отырысының хатшысы болып жұмыс атқардым. Одан кейін Ақтөбе қалалық №2 сотында қызметімді жалғастырдым. 2022 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясына оқуға түсіп, 2023 жылы аяқтап келгеннен кейін 2024 Қазақстан Республикасының Президентінің 2024 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен Мұғалжар аудандық сотының судьясы болып тағайындалдым. Ұжым өте жақсы, судьялар құрамы да, мамандар да өте еңбекқорлықтарымен, ізденімпаздықтарымен ерекшеленеді. Жалпы, ұжымның еңбегі облыстық және Жоғарғы Соттың, сондай-ақ аудан басшылығының тараптарынан жақсы марапаттар алып жүр.

Сұхбаттасқан Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Жаңа жылдан бастап еліміздің өңірлерінде шағын жинақты ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту жобасы қолға алынады

admin_mugalzhar

Алдағы демалыс күндері ауа райы қандай болады?

admin_mugalzhar

Қазақстандықтар наурыз айында қанша күн демалады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.