Президент Қ.Тоқаевтың “Ислам – өзара құрмет пен келісім діні” деген сөздері ел ішінде ғана емес, әлемге үлгі боларлық ой. Бурабайда өткен құрылтайда осы мәселенің көтерілуі – қоғамда теріс діни ағымдарға қарсы тұруда, діни толеранттылықты сақтауда маңызды қадам.
Бұл ұстаным – ел ішіндегі бірлікті арттырады.
Ислам діні әрбір халықтың өзіндік ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктеріне ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары салт-дәстүр, әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылатынын да таразылап түсіндірген.
Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп түйген. Бірлікті ыдыратып, ірітуші күш ол – күншілдік, іштарлық, араздық. Халқымыз мұндай жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ салуға шақырған. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған. Сондықтан ел тізгінін қолына ұстаған ақсақалдар мен билер ел ішіндегі асқынған дау-дамайды, ушыққан жанжалды тыйып, шешім қабылдағанда ел бірлігіне сын түспеу жағына аса көңіл бөлген.
Әсемхан Ерғазин, Мұғалжар аудандық «Нұртай» мешітінің найб имамы.