Мұғалжар ауданына жұмыс сапарымен Ақтөбе облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр келді.
Сапар барысында аудан әкімдігінде биылғы жылы аудан аумағында жолдарды жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме басшыларымен кездесті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Жомарт Бақыткелді қатысты. Кездесуде аудандағы инфрақұрылымдық жобалардың барысы талқыланды.
Биыл аудан бойынша Қандыағаш қаласының Баймұханбетов, Жеңіс даңғылы, Есет батыр, Жамбыл Жабаев, Алтынды, Байғанин, Қалиев көшелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар Ембі қаласының Әйтеке би, А.Жұбанов көшелері, Қайыңды ауылының Қайыңды, Бейбітшілік көшелері, Сағашилі ауылының Әйтеке би, Мұғалжар ауылының кіреберіс жолдары жөнделеді деп күтілуде.
Сапар соңында басқарма басшысы Қандыағаш қаласында салынып жатқан жайлы мектептің, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін Жеңіс даңғылы бойындағы айналма жолдың, «Қаракөл-Ащысай» бағытындағы жолдың жұмыстарын қарады.