Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Айбек Тагибергеннің қатысуымен кәсіпкерлер мен инвесторларды қабылдау күні өтті. Шара «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Алатау» сауда үйінің коворкинг орталығында ұйымдастырылды.
Кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасында ашық диалог орнатуға және бизнестің дамуына кедергі келтіретін түйткілдерді жоюға бағытталған мақсатында ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Дархан Ермағанбетов, аудан әкімінің орынбасары Талғат Өтемұратов, қала әкімі Қазбек Аққайыр және мемлекеттік орган өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
Жиын барысында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Мұғалжар аудандық филиалының директоры Көмекбай Бектұрғанов баяндама оқыса, өңір кәсіпкерлері өздерінің өзекті мәселелерін айтып, шешім жолдары қарастырылды.
Кәсіпкерлік субъектілері негізінен жер мәселесі, құжат рәсімдеудегі кідірістер сынды жүйелі кедергілерді атап өтті. Атап айтсақ, кәсіпкердің бірі шаруа қожалықтарын қолдауға арналған 6 пайыздық несие алғанын, бірақ оны толықтай жапқанына қарамастан, кепілге қойылған үйін әлі күнге дейін қайтара алмай жүргенін мәлімдеді. Сол секілді біраз мәселелер тыңдалып, құқық қорғау органдарының бақылауына алынып, заң аясында шешу жолдары қарастырылатыны айтылды.
Жиын қорытындысында көтерілген бірқатар мәселелер бойынша жедел шаралар қабылданып, жауапты тұлғалар бекітілді.